- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Сіз – мутантсыз...
Сіз – мутантсыз
Мутант деген ұғымды естігенде ең алдымен көз алдыңызға не елестейді? Құбыжық бейне әлде адам көргісіз жаратылыс қателігі ме?
Мутация деген не?
Мутация – ДНҚ-ның өзгеріске ұшырауы. Ультракүлгін сәулелерден, радиациядан туындайтын генетикалық қателік әсерінен көптеген тірі ағза зардап шегеді. Бірі алты саусақпен өмірге келсе, бірі сиам егіздері ретінде дүние есігін ашады.
Мутация қаншалықты қатерлі?
«Мутант» деп аталатын жаратылыс ұзақ өмір сүре бермейді. Даун синдромы немесе гемофилия секілді аурулардың атауын естіген боларсыз. Мутация кесірінен жыл сайын адам жиі кездестіре бермейтін аурулардың түрі артып келеді. Ең қорқыныштысы сол – мутация ғасырлар бойына өз күшін жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады.
Мутацияны тудырушы факторлар қандай?
Ішкен асыңыздан бастап, қолданатын сусабыныңыздың бәрі – химиялық зат. Химиялық заттың барлығы реакцияға түсуге қабілетті болғандықтан, ДНҚ-ға өзінше әсер етеді.
Ультракүлгін сәулелер, радиация, соның ішінде рентген жарықтары жасушаның негізгі құрылымын өзгертіп, нәтижесі мутацияға әкеледі.
Мутацияның барлығы қауіпті ме?
Мутацияның ағзаға айтарлықтай қатері жоқ түрлері де болады. Сіз – мутантсыз! Неге деймісіз? Ғалымдардың зерттеуінше гендік ақпарат жазылу барысында 200-ге жуық мутациялық үдеріс жүзеге асады. Сол себептен, бір отбасындағы бес баласының мінезі, болмысы, дене пішіні мен түр әлпеті әр түрлі болады.
Ал, енді ойланып көріңіз, адамның болмысы мыңдаған жылдардан соң қалай өзгерер еді?
Т. Есқали