Қазақ шешендік өнері

Қазақ шешендік өнері

Ғасырлар тоғысындағы алаш жұрты тарихына көз жіберер болсақ, көненің көзі болып сап алтындай сақталып жеткен, ата-дәстүріміздің қаймағы бұзылмай бүгінгі XXI ғасырдағы ұрпағымен қауышуы зор қуаныш, мол бақыт емес пе? Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жауын қансыратқан қас батыр бахһадүрлеріміз  шаршы топта бір елдің, бір ұлттың намысын қорғаған сөз таласына түсетін шешендеріміздің болғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Қазақ шешендік өнері "түмен сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би" деп Майқы би мен Аяз биден бастау алады. Шешендік сөздер сұлу сөзбен өрілген поэзиямен қоса ой тұңғыйығының терең түкпірінен қайнап шыққан тас бұлақтай таңданарлық философиялық тұжырымдар.

Шешендік сөздер белгілі бір ұйқаспен, ырғақпен айтылып өз тыңдаушысы досына айтар нақты пікірді дұшпанына қатал зілділігімен көңілі күпті жанға медеу берсе, қас батырға ұран болатындай шапқанын қиып түсіретін алмас қылышай өткір болып келеді. Шешендік сөз жиын топтың алдында ауызша сөйлеп, белгілі бір істің шешімін табу болып табылады. Қасындағы адамдарға әсер етіп, құлақ құрышын қандыруды айтамыз.

Өмір көші үдере алға тартып келе жатқан заманда халық ауыз әдебиетіміздегі ең бай мұрамыз шешендік өнер сөз басында айтып кеткенімдей Майқы би, Аяз би (XII-XIIIғғ.) одан кейіңгі Жиренше шешен Асан Қайғы (XIV-XVғғ.) мұраларымен дамып, толыға түсті.

Жиреншенің айтқан нақыл сөзі:
Әкесі өлген – асқар тауы құлағанмен бірдей,
Шешесі өлген -  ағар бұлағы суалғанмен бірдей...

Шешендік өнердің дамуын жыраулар шығармашылығынан бөліп қарастыра алмаймыз. Өйткені Шалкиз, Доспанбет, Бұхар жыраулар да өз үлестері қосқан. Мысалы мына өлеңде Шалкиз жыраудың тіл көркемдігін көреміз:

Тайғақ кешу, тар жерде.
Менің досым барарда һар жерде,
Іздесем табылмайды тар жерде - дейді жырау.

Доспанбет жырау жырларына қарасақ сөз меруерт маржанын жіпке тізгендей көркем, көрікті сөйлейді.  
Бұхар жыраудың керей руын Абылай ханнан бөлініп, Шығысқа қарай көшкен  кезінде айтқан шешендік сөзі:      

Керей қайда барасың, 
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.

Шешендік өнер тарихында алты алашты аузына қаратқан, үш жүздің сөз жүйіріктері - ұлы жүзде Төле би, орта жүзде Қазыбек би, кіші жүзде Әйтеке би - ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сөз зергерлері, ұлы тұлғалар десек артық айтпағанымыз. Осындай тапқыр ой, ұшқыр қиялға құрылған шешендік сөздеріміз ауыздан-ауызға тарап түп нұсқасынан өзгеріс тапса да бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Жалпы шешендік сөздің ең биігінде айтыс өнері тұрады. Қос ақынның айтқан жырлары жыраулардың толғауына ұқсас болып келеді.

Қазіргі заманғы шешендік сөздеріміз былай ажыратылады: әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік сөздер, академиялық шешендік сөздер, сот ісіндегі шешендік сөздер, әлеуметтік тұрмыста жұмсалатын шешендік сөздер.

Оқи отырыңыз: 

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: жаңа бағыт пен бет

Қ. Аманжолов, Ж. Саин, С. Мәуленов лирикасын талдау

Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы Аман образының көркем жинақталуы

Сабақ жоспары: Шеңбер және дөңгелек. Радиус және диаметр (Математика 4-сынып)

Сурет: nastle29.blogspot.com

Н. Нұрмаханұлы