Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: жаңа бағыт пен бет

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: жаңа бағыт пен бет

Кеңестік кезең тұсында нағыз қазақ әдебиетінің негізі қаланды. Оған дейін қазақта әдебиет болмады деген сөз емес, дәл сол қазақта бар әдебиеттің өркендеп, кең көсілуіне, құнды да көркем болуына әсер етті. Әдебиет дамып, прогрестік жолға түсті. Қазақ әдебиетінде әлемге танымал шоқтығы биік тұлғалар пайда болды. Олар – А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, М.Дулатұлы, М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, І.Есенберлин, Қ. Аманжолов, М.Мағауин, М.Мақатаев. Бұл тұлғалар алып арнаға, адамзат ақыл ойының дариясына айналды.

Қазақ әдебиеті енді негізі қаланып, дами бастағаннан кейін де осынау ұлы тұлғалар әдебиеттің байып кеңеюі үшін әртүрлі бағыттағы шығармаларды жазды. Ол кезеңде ұлт зиялылары әдебиетпен де, қоғамдық өмірмен де айналыса жүретін. Көшбасшы тұлғалар өте білімді, оқып-тоқыған, ілім үйренген жандар болатын, олар өздерінің оқыған, үлгі алған әртүрлі шетел әдебиеттерінен тәлім ала отырып қазақ әдебиетін де көркейтті. Оған дейін қалыптасқан қазақтың ауызша әдебиеті енді үлкен бір арнаға – жазба әдебиетке айналды. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті еркін ойлы, өзіндік өрнегі мен нақышы бар, тілі көркем, бояуы қанық өзге бір әлем еді. Дәстүрлі әдебиетті, яғни, ауызша әдебиет нұсқаларын сақтай отырып өзгеше, ештеңеге де ұқсамайтын ұлттық әдебиеттің негізі қаланды.

Әсіресе, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында, яғни, ХХ басында қазақ топырағына роман жанры келе бастады. Барлық жазушылар дәл осы прозадағы роман жанрына машықтана бастады. Әр дәуірге бір жанр тән дейді ғұламалар. Дәл солай, кеңес кезіндегі қазақ әдебиетіне роман жанры тән десек қатеспеспіз. Алғаш қазақ романын М.Дулатұлы жазды, «Бақытсыз Жамал» 1910 жылы шықты. Одан Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», «Қартқожа» тәрізді үлкен-үлкен, профессионалды романдары жазыла бастады. Ж. Аймауытовтың қазақ романына алып келген жаңалығы – психологизм тәсілі болатын. Кейін бұл әдіс қазақ романдарында кең қолданыс тапты. Өлеңмен жазылған, алайда қазақ әдебиетінде роман атанып кеткен С. Мұқановтың «Сұлушаш» романы да жаңаша леп болып келді. Ал қазақ романистикасында ең үлкен әрі мақтанышпен айта алатын, шоқтығы биік шығарма М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы болатын. Мұның өзі – қазақ романы әлемдік тарихына өз бесігінде ержетіп, өз үнін, сәнін сақтай еркін қосылғанына нақты дәлел. Алғашқы романдардың тақырыптары өзара үндес, тақырыптас еді, көбінде әйел тақырыбын қозғайтын: «Бақытсыз Жамал», «Қамар Сұлу» (С. Торайғыров), «Ақбілек» (Ж. Аймауытов), «Қалың мал» (С. Көбеев), «Мұңлы Мариям» (Ш.Құдайбердиев), «Адасқандар» (С.Мұқанов). Кейін келе қазақ романдары өндірістік тақырыпқа ене бастады, әсіресе, өндіріс тақырыбын көп жазған Ғабиден Мұстафин жазушымыз еді. Оның шығармалары – диқаншы еңбек адамына арналған «Шығанақ» романы, шахтершыларды жырлаған «Қарағанды», колхоз өмірін сипаттаған «Миллионер» романдары еді. Ұлы Отан соғысы тұсында елдің рухын көтеру мен еңсесін көтеру мақсатында жазылған «Қазақ солдаты» (Ғ. Мүсірепов) романы жазылды. Ал қазақ әдебиетінде тарихи романдар жазу дәстүрін әкелген І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы аты шулы шығармаға айналды.

Қазақ әдебиетінде прозада роман жанры дами бастаса, поезия да еш кенже қалмады. Қазақ поезиясы батыс пен орыс поезиясынан келген әртүрлі ағымдар мен бағыттарды өзіне үлгі етіп ала бастады. Әсіресе, қазақ поезиясына үлкен толқын мен ерекше стиль бағытты әкелген М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Қ. Аманжолов, М.Мақатаев поезия қырандары болатын. Мағжан Жұмабаев пен аты аса мәлім емес Б.Күлеев атты ХХ басындағы қазақ ақындары қазақ поезиясына символизм мен декаденттік бағыт-ағымдарды алып келді. С.Сейфуллин мен С.Мұқанов, І.Жансүгіров орыстың белгілі ақыны Маяковскийдің стилімен жазу әдіс-тәсілдерін алып келді. Тамаша лирика мен кіршіксіз нәзік сезіммен астасқан сыршыл поезияны тудырған Мағжан, Бернияз, Сәкен, Қасым, Мұқағали, Сырбай, Тұманбай тәрізді ірі ақындар – қазақ поезиясының мақтанышы. Мағжанның мынау жырынан:

Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымен қандырған.
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды

Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған. – бұл нағыз символизм ағымының үлгісі әрі декаденттік бағыттың да бір қыры байқалады. Сол тәрізді Қасымның жырында да:

Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы –
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып

Жарқылдаймын мен-дағы. – Нәзік де сыршыл, кіршіксіз қанық өлеңі оқушының талғам тәбетін ашатыны сөзсіз. Өлеңін өміріне теңеу, жай ғана теңеу емес, жап-жарық дүниеге теңеу мәні жатыр бұл өлең үзіндісінде. Мұндай ақындық қуат пен сезімдік қуат қазақ ақындарына тән құбылыс.

Сонымен қатар қазақ поезиясында романтика бағыты да өте терең дамыды. Мәселен, Мағжан Жұмабевтың «Пайғамбар» өзлеңінде өзін пайғамбарға теңеу, Қасым Аманжоловтың «Ақынның өлімі туралы аңыз» атты поемасында ақынды от ұстаған Промотейге ұқсату романтика ағымының жемісінен туған шығармалар болатын. Сонымен қатар қазақ әдебиетінде бұрында да негізі қаланған реализм ағымының да одан әрі дамуы байқалды. А. Байтұрсынұлының, С. Торғайғыров, Б. Майлин, М. Дулатұлының ақындық қуаты дәл осы ағым арнасында жинақталды. Абайдың салған дәстүрі қазақ ақындарының шығармашылығында жақсы сақтала білді. Оны Мағжан да, Ахмет те, Мұқағали де, Қасым да жаңартып өздерінің туындыларына пайдаланып отырды. Қазақтың осынау ұлы ақындарын қазақтың кез келген азаматы тебіренбей оқи алмайды, себебі олардың сезімі мен ұлттың сезімі үйлесіп жатыр.

Кеңестік кезең әдебиеті қазақ әдебиетінің құнарын арттырған, құндылығын кеңейткен кезең болды. Жазушыларымыз бен ақындарымыз да қазақ әдебиетін байыту мен дамытудың жолында аянбай еңбек етті. Әрі олар ұлттың рухани қазынасын негіздеді. Соған сай олар да ұлттың санасында мәңгі қала білді. Қазақ әдебиеті адам, қоғам, ұлт, бостандық, тәуелсіздік, елдік мәселелеріне терең бойлай алған ойшыл-философ, тума талант, ірі суреткерлер елдің болашағы мен ертеңіне қатты көңіл бөлді. Талантты қаламгерлердің қолынан туған шығармалар тек бір ұлттың ғана келешегін жасамады, сонымен қатар бүкіл адамзаттың тарихын жасады. Әлемдік деңгейде әмбебап құралдарға айналған, бүкіләлем шығармаларының ортақ құндылығына айналған әдеби ағымдар мен бағыттарды өздерінің әдеби туындысына тиек етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінде негізі қаланған үлгілерді де өз шығармаларында емін-еркін қолдана алды. Мұны қазақ әдебиеттану ғылымында сентементализм деп аталады. Бұл – қазақ әдебиетінің әлемдік шығармаларға бере алған өзінің өнімі. Біз айтқан шығармалар мен тұлғалардың қоғамда өз есімінің қалуы да олардың үздік шығарма жаза алуымен, нақтырақ айтсақ, өзгеше, жаңа әдеби бағыт-ағымдар, әдіс-тәсілдер арқылы шеберлікпен жаызған көркем шығармаларды жаза алуымен байланысты. Абайды танытқан Мұхтар дейміз, алайда Мұхтарды танытқан Абай болатын. Жазушы мен оның шығармасы еш айырылмайтын біртұтас бүтін дүние. Сондықтан олар бір-бірінің төлқұжаты. Ал кеңес кезінде қазақ әдебиетін дамытқан тұлғалардың барлығы өз шығармаларын қандай да бір көркемдік құбылыс тұрғысынан бере алған тұлғалар ретінде танимыз.

Оқи отрыңыз :

Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: өндіріс тақырыбы

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: әдебиеттегі көркемдік ізденістер

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: әдебиеттегі көркемдік ізденістер # 2

Сурет: jansugurov.kz

Н. Нұрмаханұлы