- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әзілхан Нұршайықов –...
Әзілхан Нұршайықов – очерк жанрының шебері
Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан жазушылардың бірі де бірегейі – Әзілхан Нұршайықов. Қай туындысын алып қарасаңыз да баяндалған оқиғалары тартымды. Кейіпкерлердің бейнелерін, мінез-құлықтарын беруде ерекше шеберлік бар. Жауынгер жазушының очерк жанрына сіңірген еңбегі де орасан. Бүгін сол туралы айта кетпекпіз.
Әзілхан Нұршайықовтың очерк жанрында қалам тербеп, таныла бастауы - ҚазМУ-ды бітіріп газет жұмысына араласқан тұста белгілі бола бастады. Әсіресе жазушының «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махмет Қайырбаев» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Мен журналиспін» (1978), «Коммунист туралы сөз» (1982) деп аталатын очерктер жинақтары оқырмандарды елең еткізді. Қазақ журналистикасы тарихында сірескен сандардан ада, көркем әңгіме сияқты жүрекжарды очерктер бірінен соң бірі өмірге келе бастады. Жазушының өзі де очерк туралы: «жұрт очеркті өмірдің өзі деп бағалайды. Рас сөз. Очерк – әдебиеттің алғы шебі деседі. Бұл да жөн. Сонымен бірге очеркті шекара жанр деп те атауға болар еді. Бұл – журналистік пен жазушылықтың шекарасы. Журналистиканың осы үлкен жанрын игерген журналист қана тек осы шекарадан ғана өтіп, жазушылық жаққа бет алады» - дейді.
Очерк - шындықты саяси тұрғыдан қорытатын жанр. Оқырман очеркті оқып отырып одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, фактінің «психологиясын», оның ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Очерктің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе. Қазақ әдебиетінде очерктің қалыптасқан, бір жүйеге түскен түрлері мен формалары бар. Әдебиет пен өнердің басқа жанрлары сияқты очерктің түрлері де тыңнан туып, дамып, өзгеріп, жаңғырып отырады. Бұны, әрине, жеке авторлар ойлап тапты деу қиын. Қоғамның дамуына, экономика мен мәдениеттің өсуіне сәйкес очерктің жаңа түрлерінің белең алуы, бұрыннан бар түрлердің кенжелеп қалуы да заңды құбылыс. Очерк түрлері жайында күні бүгінге дейін әдеби-зерттеу еңбектерде әрқилы пікірлер айтып жүр.
Очерктегі диалог автордың ұшқыр қиялы, қиял қуаты арқылы шығарманың идеялық-көркемдік өрісін биіктете түседі. Очерк кейіпкері жазушы, не журналистпен дәл шығармада көрсетілгендей сөйлеспеуі мүмкін. Алайда, автордың суреткерлік құбылысты қарымына орай очерктің тілі мен стилінде өзіндік ерекшеліктер болатыны аян. Очерк тілі – бейнелі, айшықты, жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті болуы шарт. Сондықтан очерктің де түрлері бар. Олар: портреттік очерк, проблемалық очерк және жолсапар очерк. Енді жеке-жеке қысқаша тоқтала кетейік.
Портреттік очеркте қызықты, адамның назарын аударарлық жайт жөнінде әңгіме етіледі. Портретті очерктің міндеті – кейіпкердің жанды кескіндерін суреттеп беру, оның көрсеткен ерлігі туралы, оның істеген, өмірге енгізген жаңалықтары туралы хабарлау.
Проблемалық очерк түрінің негізі – әлеуметтік маңызды мәселелер. Мысалы, саясат, экономика, имандылық, этика т.б. Очерктің авторы маңызды проблемалардың шешуіне ықпал жасауға тырысады, өзінің оппонентімен полемикаға түседі. Логикалық құрылымға қарай проблемалық очерк аналитикалық жанрларға жақын, мысалы, мақалаға. Бұл ұқсастықтың себебі – зерттелінетін проблеманың мәртебесі. Мақала мен проблемалық очеркте автор проблеманың себебін ашуға тырысады, оның бағытын болжамдайды, шешуші жолдарды анықтайды.
Жолсапар очерк – бұл автордың сапар кезіндегі оқиға немесе кездесулерінің суреттелуі. Бұл жанр авторға қиял мен әдеби шеберлікті қолдануға көбірек мүмкіндік береді. Басты проблема – ақпаратты сараптау, себебі сапардан кейін көп әсерлер қалады, алайда, олардың қайсысы қызықты, қайсысы маңызды екенін түсіну қажет. Жолсапар очерктің бірнеше мақсаты бар, мысалы, әртүрлі елдегі адамдардың өмірін көрсету т.б.
Қазақ әдебиетіндегі очеркке қалам тербеген жазушылардың өзіндік жазу стилі бар. Мысалы, Сәбит Мұқанов баяндау тәсілін жиі қолданады. Ғабит Мүсірепов очерктерінде ұшқыр ой түйіндеулер, шешендік сөздер көп. Мұхтар Әуезов табиғат суреті мен адам бейнесін мүсіндеуге ұста. Сәуірбек Бақбергенов қазіргі мен өткенді шендестіру арқылы түйін жасайды. Ал Әзілхан Нұршайықовта оқиға желісі белгілі бір жүйемен өрбіп отырады. Әрі очерктері оқырманын өзіне еліктіріп, жетелеп отырады. Тілі қарапайым, жалпы оқырманға түсінікті. Жазушы очерктерінің қызықты болуының тағы бір сыры - ол кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесінің қатпар-қалтарыстарына терең үңіле біледі. Оны адами көзқарастар безбенімен саралайды.
Академик Зейнолла Қабдолов: «Әзілхан Нұршайықовтың очерктері жалықтырмайды, қызықтырады, жеңіл оқылады. Мұның бірнеше себебі бар... Осы ерекшеліктер Әзілхан Нұршайықовты әдебиетке келген бетінен бастап-ақ біртүрлі соны қалыпта танытқан-ды», - деп баға берген екен. Жазушының бұл жанрдағы сүбелі еңбегі – баға жетпес құнды дүние.
Сурет: on.kz
Оқи отырыңыз:
Очерк жазу Ә.Нұршайықовтан қалған!
Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз" романының жазылу тарихы
15 сәуір. Әзілхан Нұршайықов пен жарының мәңгілік махаббат жыры
Ә. Нұршайықовтың кейіпкер мінезін диалог арқылы суреттеу ерекшелігі
О. Сансызбай