Очерк жазу Ә.Нұршайықовтан қалған!

Очерк жазу Ә.Нұршайықовтан қалған!
жеке
блог

Ұлт! Құдіретті, асылдықтың белгісі іспетті сөз. Ұлт бар жерде ұрпақ бар. Мемлекеттік дәрежеге жеткен  тұғыры биік елдің дара перзенттері дәл осы ұлттың болмысын қалыптастырады. Қалыптастаруы сол  –   еңбегімен, қиындықтарға шыдамдылығымен, теңдесіз тапқырлығымен халықтың дара тумалары халықтың ұлылығын айшықтады. Әрбір халықтың тарихы бар болса, жақұттай сол тарихта ерекшеленіп тұратын ұл-қыздарының болуы заңдылық.  Олардың бойында еліне деген махаббат, патриоттық сезім, өр рух, кемеңгерлік, парасаттылық, ыстық қайрат лаулап тұрғандай.

        «Халық көрінісі – асыл перзенттерінде» дегендей, заманда бір туатын даралардың өзгелерден ерекшелігі бар, болады да. Ол ерекшеліктер – атқарып жатқан істерінің, еңбектерінің жеке өз мүддесінде емес, бұқараға қамқорлығының көрініс табуында. Сол көріністер гуманизмнен, күллі халықтың мұңын мұндаған ізгіліктен,  жоғын жоқтаған адамгершіліктен құралатыны сөзсіз. Жүйріктердің жүйрігін биікке жетелейтін дәл осы қасиеттер. Міне, біз осындай қасиеттерді талай очерктердің, повестердің, романдардың авторы Әзілхан Нұршайқовтың бойынан бар деп білеміз. 

         Белгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың очерктері мазмұны жағынан да, түрі жағынан да әр алуан. Оның очерктерінің тақырып аясы  кең, сөз етер  өмірлік объектісі алуан сипатты болып келеді.

        Ә.Нұршайықовтың очерктері оқырманын өзіне еліктіріп, жетелеп отырады. Тілі қарапайым, жалпы оқырманға түсінікті. Әсіре қызыл сөздерді тізбектемей–ақ айтар ойын жеткізеді. Журналист өмір шындығын, оның өзекті, көкейкесті мәселелерін көтеруден шет қалып көрген емес.  Ол  қай тақырыпта жазбасын объектісін терең зерттеп, көргенін көңілге түйе білетінін, әр түрлі мамандық иелерімен тіл табысып, жан сырын ақтарысып сөйлесе білетінін аңғартады. Жазған жазбасы өмірдің реализмінен нәр алғандай оқырманды қызықтырады.

          Ә.Нұршайықов очерктерінің шоқтығын көтеріп тұрған тағы бір ерекшелік – очерктірінің форма жағынан алуан түрлі келетіні. Ол очерктің бүгінгі замандас бейнесін сомдауға арналған портрет түріне де, бүкіл бір ауданның тыныс–тіршілігін қамтитын аналитикалық, проблемалық түрлеріне де, очерк–диалог, очерк–хат секілді сирек ұшырасатын түрлеріне де жиі қалам тартқан журналист. Очерктің қай – қайсысын болмасын өзіндік әдіс, тәсілмен жазады. Очерктерінде оқиғалар, еңбек процестері, характер қақтығыстары, нақты диалогтар, суреттей баяндау мен психологиялық мінездеме, мақал – мәтелдер мен нақыл сөздер алма – кезек алмасып, еркін пайдаланылады. Сөйтіп, очерктердің тартымды  оқылуына, көркемдік қуаты артып, оқырманға тигізер әсерінің  күшеюіне жол ашады.

            Нұршайықовтың очерктеріне не нәрселер тән, оның өзіндік ерекшеліктері қандай, жазушы очерктері бізге несімен құнды? Енді осыған келейік. Әрбір сөзімен ажарлы кесте тоқығандай дәлме-дәл жазады.

            Біріншіден, Әзілхан очерктерінен сол кезеңнің тіршілік – тынысы, жәй – күйі, адамдардың мақсат – мұраты, міндет – межесі барынша айқын көрініс тауып отырады.

           Екіншіден, Әзілхан ұсақ – түйекті сағалап кетпей, өмірдің өзекті мәселелерін таңдап ала біледі. Сондықтан да оның очерктерінің көпшілігі проблемалық туынды  дәрежесіне дейін көтеріліп жатады. Журналист очерктерінде халықтар достығы, интернационализм, соғысты болдырмау, бейбітшілікті баянды ету сияқты заманымыздың көкейкесті мәселелері кең көрініс табады. Әлбетте, қаламы кешегі кеңес дәуірінде қалыптасып, кеңес саясатына қызмет еткен журналистің қай – қайсыда бұл дәстүрден аттап кете алған жоқ. Сондықтан біз қайсыбір журналистің шығармашылық жолын сөз етіп, оның еңбегіне баға бергенде сол дәуірдің ерекшелігін естен шығармайтынымыз ақиқат.

         Үшіншіден, Ә.Нұршайықов очерктерінде тамаша еңбек адамдарының, шын мәніндегі патриот адамдардың, өндіріс озаттарының, жаңашыл малшы мен диқанның, ғалым мен шаруашылық басшысының өнегелі бейнелері жасалады. Іскерлік еңбекқорлық дәріптеліп, ол көпке үлгі - өнеге ретінде алға тартылады.

          Төртіншіден, Әзілхан очеркетерінің оқиға желісі қызықты, тартымды, фактілер мен деректерге бай келеді. Журналистің көркем тілі, материалдың мазмұнын байыта түседі, оқушысын еліктіріп, еріксіз тартып отырады.

           «Егін орағы» атты екінші бір очеркінен еңбек адамдарының қайнаған қызу жұмыс ортасындағы кескін–келбеті, ішкі сырлары есіңнен шықпастай әсер қалдырады. Бейнет түбі зейнет те дегің келеді. Сол оқиғаның ортасында өзің жүргендей сезініп, қуанып, ренжісе еріксіз қабақ шытасың. Очерк ә дегеннен оқушысын өзіне тартып, баурап алады. Егін орағы кезіндегі табиғаттың дүлей мінезін суреттей келіп, автор кейіпкерін іс үстінде көрсетеді. Ауылдың орақпен шөп орғаны, астықтарды жинап, дайындағаны очеркте өте әдемі келтірілген.

            Автордың «Мақташылар» очеркі де осындай шабытпен жазылған туынды. Ол Мырзашөл даласына қоныстанған Шымкент облысының үш ауданы «Мақтарал», «Киров», «Жетісай» аудандарын аралаған, көріп, көңілге түйгендерін  ақ қағаз бетіне түсірген. Очеркте бар байлығын құм төсіне жасырып, тусырап жатқан даланы берері мол дархан өңірге, шын мәніндегі мырза өңірге айналдырып түлеткен, гүлдендірген қарапайым адамдардың ерен еңбегі, әр түрлі ұлт өкілдерінің игі іс үстіндегі шынайы достығы, ұлтшылдығы, еңбек бәсекесі сөз болады. Сөз соңында мақта теру де жеңіл еместігін айтқын келеді.

             Факт – очерктің өн бойында өріліп отыратын алтын арқау. «Кезең, мерзім қойып отырған міндеттерге сай фактілерді бағалай білу, оларды белгілі бір ой мен пікірдің төңірегінде шоғырландыра білу, образ жасауға зор кеңшілік туғызады». Осы орайда        Ә.Нұршайықовтың   тағы да бір сырт көзге жиналыстың есебі болып көрінетін фактілерге жан бітіріп, комсомол конференциясында айтылған сөздер мен ойлар арқылы өмір картинасын жасаған, адам образдарын сәтті шығарған очеркі «Талқы» деп аталады.Очерктің арқауы да, желісі де ауданда өткен комсомол конференциясы. Осы конференцияға қатысып отырған Елеутаев, Молшин бейнелерін, психологиясын  берудегі шеберлігі журналистің ойы жүйрік, қиялы ұшқыр, қаламы қарымды екенін танытады.

                Жазушы өз геройларын былайша суреттейді: «Елеутаев өзінің оң жағында отырған аудандық комсомол комитетінің екінші секретары Молшиннен Будникованың қай жерден екенін сұрап еді, ол өз - өзінен ыржия күліп, басын шайқады. Жайшылықта қызыл шырайлы оның өзі одан сайын албыртып қызарып кетіпті. Басын шайқағанда көзіне түскен ұзын шашы «Енді жығыламын – ау, енді жығыламын – ау» деп аттың тізгінін қоя беріп, жалына жармасып келе жатқан баланың үрейлі жүзін елестетті. Автор осы портрет арқылы өз кейіпкерінің көңіл – күйін бейнелі көрсете білген.

                 Ә.Нұршайықовтың очерктерін оқи отырып, журналист – жазушының қашан да талап деңгейінен  көрініп, шұрайлы шығармаларымен шынайы өмір шындығын көрсетіп, қаһармандар бейнесін дәл жеткізіп, суреттей білгенін көреміз. Бұған мысал ретінде оның «Партиялық тапсырма» атты очерк – диалогын алуға болады. Шаруашылық басшысы мен жазушы диалогы ретінде жазылған бұл шығармаға «очерк» деген айдар тағылмағанымен оны очерк емес деп ешкім дау айта алмайды. Өйткені, мұнда очеркке  тән сипаттар айқын көрінеді. Күнделікті өмірден туындайтын бірнеше проблема, өмір шындығы, еңбек адамының бейнесі, оның бойындағы асыл қасиеттер аңғарылады. Бұл очерктің сәттілігі сол оқырман бір рет емес, бірнеше рет оқыса да жалықпайтындай, қайта оқыған сайын нәр алып, журналистің жазу шеберлігіне, журналист кейіпкерінің шаруашылықтағы тәжірибесі, ақыл – ой парасатына риза болады.

          Міне, очерк жазу деген осы. Майын ағызып, көсегесін көгертіп жазатын Әзілхан Нұршайықовты ешкім ұмытпақ емес. Себебі оның очерк жазудағы қолтаңбасы ерекше, қайталанбас дүние іспетті. Буырқанып, сезімге, эмоцияға берілетін тұлғаның кейіпкер мен мекенді, жайт пен ойды саралауда тәжірибесі өте мол. Әрбір очеркінде хақиқи реализм мен өмірлік мән, әділеттілік пен парасаттылық көрініс тапқан. Ал  очерктегі махаббат романтизмі ше? Махаббат романтизмінің  белгісін отау тіккен жұптар шарықтата, сақтай ала ма? Қайдам, сірә, тек сабырлықтың, түсінушіліктің, төзімділіктің, арлылықтың шыңына жеткен қос сезім иелері ғана жете алады. Саф алтындай  махаббат шыңына  жетуді мақсат, мүдде тұтатын ғашықтар барлық. Олардың ішкі сезімі қасыңда, жаңында болсам деген көңілі, таза парақтай тұла бойдың ниеті кімді де болса таңғалдырады. Әзілхан Нұршайықовтың очерктердегі махаббаты дәл осы сөздердің кейпін кигендей. Ендеше, автордың тұңғиық очерк әліміне жақындауға қадам басуды мақсат тұтайық.