Әбу Насыр әл-Фараби туралы естеліктер #2

Әбу Насыр әл-Фараби туралы естеліктер #2
Фото: www.huhmagazine.co.uk

БАСЫ

Захируддин әл-Байхакий: Шейх Әбу Насыр әл-Фарабидің толық есімі Мұхаммед ибн Тархан, Түркістанның Фараб деген жерінен шыққан. Бұл кісі "Муаллим ас-Саний"  "Екінші ұстаз" деген лақап ат алған. Ислам ғалымдары арасында одан бұрын мұншалықты алғыр адам болмаған еді.

Әбу Насырдың көп трактаттары бар. Мен Рай шаһары бастығының кітапханасынан бұл кісінің шығармаларын көрдім. Тіпті ондай кітаптар жайында ешқашан естімеген де екенмін.

...Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби айтқан екен: Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ең алдымен ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды, жас адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлық тәрізді азғын қылықтардан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат білімін оқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалымдарды да құрмет тұтуы шарт. Ондай кісі ең бастысы ғылым адамдарын қадірлейтін болуы керек.

Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі керек.

Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол көзбояушы саналады.

Жалған ақша таза ақша есептелмейтіні сияқты, жалған сөз ешқашан мәнді сөз болмайды.

Егер мінез-құлқы біз айтқандай емес, теріс мінезді кісі болса, ол ешқашанда ғалымдар қатарына қосылмайды.

Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағалайды ғой. Сол секілді адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Кімде-кім өзін өз дәрежесінен жоғары көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады.

Ибн Халликон: Әбу Насыр әл-Фараби логика, музыка және басқа да ғылым салаларына қатысты  шығармалардың авторы болған. Ол мұсылмандардың ең ірі философы саналады, ғылымда ешкім бұл кісінің дәрежесіне дейін көтерілген емес. Әбу Әли ибн Сина да оның кітаптарынан  көп нәрсе үйренген. Әбу Әли ибн Синаның сөзіне қарағанда, ол Фараби шығармаларын оқып ләззат алған екен. Бұл кісінің шыққан тегі түркі болған. Кейін өз елінен шығып, басқа өлкелерге саяхат жасайды, ақыры Бағдад шаһарына барады. Сол кезде ол түрік тілімен қатар араб тілін, тағы басқа бірнеше тілді үйренген. Әбу Насыр Бағдадта араб тілін үйренуге кірісіп, бұл тілді жан-жақты, әрі терең біліп шығады. Соңынан осы тіл арқылы ол хикмат  философия ғылымын меңгеру жолына түседі.

...Адамдардың айтуынша, Аристотель "Жан туралы" кітабының Әбу Насыр оқып шыққан нұсқасы табылған. Міне, сол кітапқа Фараби өз қолымен, "мен осы кітапты жүз рет оқыдым" деп жазып қойыпты. Бұл ғалым жайында пікір айтқандардың сөзіне қарағанда, Әбу Насыр, сол философ Аристотельдің "Физика" деген шығармасын қырық рет оқыдым, бірақ оны тағы қайталап оқуым керек деген екен.

...Бір жолы Әбу Насыр әл-Фарабиден:

 Философия саласында кім мықты, сіз бе, әлде Аристотель ме? - деп сұрапты.

Сонда әл-Фараби:

 Егер мен сол кісінің өзінен білім алу бақытына ие болғанымда, онда мен оның ең мықты шәкірттерінің бірі болар едім, - деп жауап беріпті.

...Білімге құштар жандар Әбу Насырға тыным бермей, бірі келіп, бірі кетіп жатады. Ол жазған шығармалар бөлек-бөлек шашылып жатады екен. Еңбектерін ол үлкен дәптерге емес, жеке парақ қағаздарға жазып тастай берген. Сол үшін көпшілік шығармаларының жеке тараулары мен бөлімдері ғана сақталып қалған.

Ж. Исакаев