Әбу Насыр әл-Фараби туралы естелік

Әбу Насыр әл-Фараби туралы естелік
Фото: kaz.tengrinews.kz

Әбу Насыр әл-Фараби туралы сол кездегі көптеген автор өздерінің ой-пікірлерін жазып қалдырған. Ұлы ойшыл Әбу Әли ибн Сина, тарихшы ғалымдардан Захируддин әл-Байхакий, Жамолуддин ибн әл-Кифтий сияқты атақты ғалымдар өз шығармаcында ұлы философ әл-Фараби жөнінде кейбір мәліметтер беріп кеткен. Белгілі шығыстанушы ғалым А. Ирисов солардың бірқатарын араб тілінен өзбекшеге аударып жариялаған. Біз бүгін әйгілі Әбу Әли ибн Синаның естелігін оқырмандарға ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Мен мантиқ (логика), жаратылыстану және риезиет (математика, геометрия) ғылымын жақсылап меңгердім. Сосын теологияны оқып үйренуге кіріскенімде Аристотельдің "Метафизика" кітабын оқыдым. Бірақ онда не жазылғанын оқып түсіне алмадым. Бұл кітапты жазған адамның мақсаты маған құпия күйінде қала берді. Тіпті оны қырық рет қайталап оқып шықтым. Кітапты жаттап алдым. Бірақ соның өзінде, мен оны түсіне алмадым. Ақыры одан үмітімді үзіп, бұл түсінуге болмайтын кітап екен деген қорытындығы келген едім. 

Бір күні бесін намазы кезінде кітап сатушыға бардым. Онда бір делдал мұқабалы бір кітапты қолына ұстап алып, мақтап тұр екен. Ол мені қасына шақырып, кітапты көрсетті. Сонда мен бұл ғылымды білудің пайдасы жоқ деген оймен әлгіні жақтырмай, алмайтынымды айттым. Делдал маған: "Бұл кітапты ал, бағасы арзан - үш дирхам, кітаптың иесі ақшаға мұқтаж" - деді. Осылайша кітапты мен сатып алдым. Қарасым, ол Әбу Насыр әл-Фарабидің "Метафизика" кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Үйге келген бойда оны оқуға кірістім. "Метафизика" ойымда жатталып қалғандықтан сол сәтте-ақ кітаптың мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне-ақ кедейлерге біраз нәрсе садақа бердім. 

Ж. Исакаев