Құтб аудармасының ерекшеліктері

Құтб аудармасының ерекшеліктері
Фото: niks08.ru

Шығыс поэзиясының ең таңдаулы үлгілерін көркем аударма жасаудың кеңінен тараған кезінде өзіндік бірнеше түрлі дәстүрі, әдісі болған. Мәселен, нәзирагөйлік әдісінде өзінен бұрынғы ақын жазған сюжетті,образды, тақырыпты бетке ұстай отырып, аудармашы идеясы мен мазмұны, көркемдігі мен формасы жағынан мүлдем жаңа шығарма жазып шыққан. Ал көркем аударма әдісі бұдан өзгешелеу болып келеді. Мұндай әдісті қолданғанда аудармашы-ақын өз жанынан азд-көпті өзгерістер, жеке эпизод, ой-пікірлері енгізуі мүмкін болған. Дегенмен, түпнұсқасының жанры мен негізгі ерекшеліктері сақталып отырған.

Міне, Құтб ақын «Хұсрау-Шырынды» аударғанда дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың осы әдісін шебер қолданған. Ол түпнұсқадағы идея мен сюжетті, мазмұн мен форманы, дастандық көркемдек ерекшеліктерін сақтай отырып, оған өз дәуірінің – XIV ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінде орын алған әлеуметтік құбылыстарды табиғи түрде енгізе білген.

Ақын Құтб аудармашы ретінде Низами ретінде Низами жасаған жеке көріністерді егжей-тегжейлі қайталап жатпайды. Құтб ақын Низами дәуірі үшін маңызды болған кейбір оқиғаларды аудармай тастап кетіп, оның орнына ХIV ғасырдағы қоғамдық-саяси көкейкесті мәселелерді қосып жырлайды.

Соның өзінде, Құтб өзінен бұрын Низами көтерген идеялардың ХIV ғасыр үшін де өз мән-мағынасын жоймағанын жақсы білген. Сондықтан аудармашы түпнұсқасының идеясы мен сюжетін ақтап қалуға барынша әрекет жасап отырған.

Дегенмен, Құтб аудармасының өзіндік ееркшеліктері де аз емес. Низами дастанда қала өмірін, патша сарайлары мен бау-бақшаларды көбірек көрсетеді. Ал Құтб болса, негізінен мал шаруашылығымен, аңшылықпен тіршілік ететін Алтын Орданың дала қыпшақтары мен оғыздарының өмірін суреттейді. Құтб жырлаған қаһармандар – қашанда қылыш пен қалқан асынып, ұдайы атқа мініп жүретін, шетінен аттың бабын білетін шабандоз жандар.

Сондай-ақ Низами суреттейтін той-думанда зәулім сарай ішіндегі кілемдер, қымбат жиһаздар, шарап ішіп, бас шұлғып оытрған бекзадалар, қылымсыған қыз-келіншіктер өз көріністерін тапқан. Ал Құтб дастанында шарап емес, қымыз ішеді, той-жиын сарайда емес, көкмайсалы ен далада болады. Тойға жиналған жұрт қобыз сарынын тыңдап, бас шұлғиды.

Низами өз дастанында Хұсраудың таққа отыру салтанатын оның дүние-жиһазын, ақсүйекті ата-тегін мақтаудан бастайды. Ал аудармашы Құтб дүние-мүлік, атақ-дәреже емес, Хұсраудың әділетті, оқыған, адамгершілігі мол жан екеніне көбірек көңіл бөлген.

Адам бойындағы ең асыл қасиеттерді – адалдықты, мейірімділікті, бауырмалдықты, мөлдір махаббатты, білімділікті, еңбек сүйгіштікті ту етіп көтерген бұл дастанның тәрбиелік, танымдық мәні зор. 

Ж. Исакаев