Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» өлеңдеріне талдау

Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» өлеңдеріне талдау

Қорамсаұлы Ақан сері (1843-1913) – қазақ халқының әйгілі әншісі, күйші-композиторы, ақын. Ақан серінің азан шақырып қойған аты – Ақжігіт. Алайда халық оның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп "Акан сері" деп атаған. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында туып-өскен. Шыққан тегі - Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Алғашқыда ауыл молдасынан білім алып, сонан соң Қызылжардағы Уәли медресесінде оқыған. Мұнан кейін ауылына қайта оралып, бар өмірін өнер жолына арнайды. Сал-серілік дәстүрді жан-тәнімен жақсы көрген Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы баптаған. Осындай қазақы салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, "Құлагер", "Маңмаңгер", "Көкжендет", "Екі торы ат", "Алай көк", "Тер қатқан" сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Біз бүгін Ақан серінің «Балқадиша», «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет» деген әндеріне қысқаша талдау жасаймыз.

Ақанның «Балқадиша» әні барлығымызға жақсы таныс. Тіпті қазіргі таңдағы қазақ эстрадасындағы мағыналы, әсерлі әндердің бірі десек болады. Негізі бұл ән 90 шумақтан құралған деген мәлімет бар. Алайда әннің түпнұсқасы бізге жеткен жоқ. Әннің шығу тарихына байланысты да көптеген дерек бар. Біз тек соның біреуін ұсынамыз. Ақан ел аралап жүріп, Ыбырайдың қызы Балқадишаны кездестіреді. Ақылына көркі сай сұлу да сымбатты қызды ұнатып, оны өзінің қасынан жібергісі келмейді. Алайда қыздың жеңгесі қайтайық деп, қыз екі оттың ортасында қалады. Оны байқаған сезімтал Ақан:

Дегенде Балқадиша, Балқадиша

Есілді өрлей біткен тал Қадиша

Жеңгеңіз қайталық деп асығып тұр,

Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша, - деп өлеңмен өзі қимаса да рұқсат беретінін білдіреді. Ақандай сері жігіт пен кербез сұлудың қимастықпен қоштасқаны осылай суреттеледі.

Талайды тамсандырған «Балқадиша» әнін аты аңызға айналған Әміре Қашаубаев пен Ғарифолла Құрманғалиев орындаған.

Ақан серінің сыршыл сезімге толы әндерінің бірі – «Маңмаңгер». Ақанның ат баптағаны туралы жоғарыда айтып өттік. Ақан қашанда астындағы атымен сырлас, мұңдас болған. Адам баласына айтпаған ішкі сырын астындағы Құлагеріне айтқан. Сол атымен сырласа отырып, ғашық болған қалқасына бара жатқанда шығарған әні. Бұл әннің мән-маңызы өте зор. Өлеңдегі өткір жолдар, тамаша теңеулер Ақанның адами сезімін, қасиеттерін білдіріп тұр. Кейінгі ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі де мол. Әннің алғашқы орындаушысы - Қайрат Байбосынов.

Тағы да бір тамаша әнінің бірі – Ләйлім шырақ.

Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ?  

Жаңа таптым аулыңды көптен сұрап.  

Жел тимесе жан тимес деп жүргенде,  

Қол ұстасып жатпенен кеттің жырақ.

Аққу едің таранған айдындағы,

Ұштың ұзап қанатың жайдың-дағы.  

Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,

Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы.

Осылай ма еді, ей, қалқа, айтқан сертің,  

Жүрегімді жандырды ғашық дертің!  

Мұнша неге сен мені әуреледің,

Болмаған соң әуелде баста еркің?!

Бұл өлеңі нақыш-ырғағы жағынан да, тақырып өресі тұрғысынан да қазақтың классикалық ән өнерінің үздік үлгісі болып табылады. Ақан сері өнегелі өсиет арқылы, ізгілікті мейірбандыққа, татулық пен бірлікке, адамгершілікке, байсалды мінез-құлыққа,сиқырлы ақылдылыққа насихаттап отыр. «Ләйлім шырақ» әні өзіндік бітім-тұлғасын, мазмұнын, түп-төркінін, көркемділік мәнерін әлі күнге жойған жоқ. Әсем ән тәлім-тәрбиесімен, азаматтық идеяларының мүмкіндіктерімен, әсерлі бейнелеуімен, көркемдік айырмашылығымен көрермен көңілінен шықты. 

«Сырымбет» өлеңінде ақын Жамалды "Ақ жамбы", "Аққу" "Қоңырқыз" сияқты небір теңеулермен аспандата суреттеп эмоциялық әсерін күшейте түседі. Осындай  сұлу  жанның  өзіне  тең  келмейтін сүймеген адамына баруына мүлде қарсылық білдіреді. Жамалды мүлде ұмыта алмаған Ақан сері оның өзі ұнатпаған адамына ұзатылу кезінде іштегі мұң-шерін өлеңнің, музыканың тілімен сыртқы шығарған әйгілі "Сырымбет" әні дүниеге келеді. Бұл ән кімнің болса да жүрегін қозғайтын, ішкі жан ашуының, сезімінің адамшылық, азаматтық сырларын паш еткен шығарма.  

Аулым қонған Сырымбет саласына,

Болдым ғашық ақсұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктеріге қор болып барасың ба?

"Қарындасым, енді есен бол! –

деген жолдардың өзінен ақын жаны қанша қиналса да, азаматтық ағалық көңілмен сүйген адамына аман-саулық тілейді. "Сырымбет" әні – Ақан шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы. Бұл әнді білмейтін кісі аз. Ақан суреттеген бейнелер Шығыс поэзиясында кездесетін қыздардың романтикалық сипатымен ұқсас келуі, оның шығыс әдебиетін жақсы білгенін көрсетеді.

Ақан сері қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енді. Оның шығармаларын Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов секілді дарынды әншілер ел игілігіне айналдырды.

Оқи отырыңыз:

Ақұштап Бақтыгерееваның "Наурыз" жырының көркемдік ерекшелігі

Драма жанрының ерекшеліктері

Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романындағы Демежан бейнесі

Поэзияда дәуір шындығының көркем жинақталуы (Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)

Сурет: islam.kz

Ж. Исакаев