Жаңа толқын ақындардың өлеңдеріндегі нәзік лиризм, жаңа ойлар мен соны тақырыптардың игеріле бастауы

Қазақ әдебиетінде, поэзия әлемінде өзіндік орны бар ақындар жетерлік. Біз бүгін 60-90 жылдардағы ақындардың өлеңдеріндегі ерекшеліктерге тоқталғымыз келіп отыр. Ол кез ақындардың қаламынан көркемдік деңгейі биік, шеберлік аясы кең дүниелер туындаған кез. Атап айтатын болсақ Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырзалиев секілді ақындардың шығармалары әдебиетімізге жаңа бір серпіліс алып келгендей.  Осы тұрғыдан алғанда олар халыққа тілдің телегей-теңіз бай қазынасын молырақ игертіп, оның қилы-қилы әрі қызық құбылыстарын жете түсіндіріп, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылтулар мен құлпыруларды дәл баса білді. Өлең шумақтарында әр сөзді таңдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың да тартымды суреттер жасады. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтардың сара жолын жалғастырып, халыққа жаңа рух, өзгеше шырай, тың тақырыптар әкелді. Олардың өлеңдері жаңа шешім, тың образдылығымен ерекшеленсе де, поэзиямыздың дәстүрлі жүйесіне әркез оралып отырды. Мысалы Жұбан Молдағалиевтің "Мен қазақпын" деген отты жырың әр қазақ тебіренбей, толқымай оқи алмасы сөзсіз.

Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген - деп өз ойын батыл айта алған ақын.

Сол секілді Мұқағали Мақатаев та өз өлеңдерінде құбылтулар мен айшықтауларды, бейнелі сөздерді, жаңарта, жаңғырта қолданады. Ақынның қиыннан қиыстырған өлеңдері өмір құбылыстарын ықшамды, әрі нақты көрсетеді.
Қай өлеңін алып қарасақта М.Мақатаев туған халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті үлгілерінен мол сусындаған, өзгеше өнеге алған, оның өлеңдерінде халықтың ұлттық сипаты да айқын, дәстүрге өз жаңалығын қосып, сөз өнерін біршама байыта білген. М.Мақатаев поэзиясында өмір құбылыстарын көз алдына қаз–қалпында еш қоспасыз түрлі әдістерді қолдана отырып, көркем суреттейді.

Міне 60-90 жылдардағы ақындардың поэзиялары осылай ерекшеленеді. Біздің ойымызша әр заман ақыны осындай көркемдік ізденістермен поэзияда өз тынысын, өз қолтаңбасын қалдырады.

Сурет: golos.md