Шәңгерей Бөкеевтің «Қайран жерім»,«Ғылым» өлеңдерін талдау

Шәңгерей Бөкеев – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған қазақ жазба әдебиеті өкілдерінің бірі. Ол Батыс Қазақстан облысының қазіргі Орда ауданында, Жасқұс құмында – хан ордасында дүниеге келген. Жәңгір ханның немересі.

Шәңгерей шығармаларында өнер, ғылым, білім тақырыбы ерекше жырланады. Ол ғылым жетістігінде үлкен сеніммен қарайды. Қоғамның дамуы үшін қажет шарттардың бірі – ғылым екенін ұғындыруға күш салады. Жастарды оқуға, ғылыммен шұғылдануға шақырады.

Оқысаң ғылым нұрын білім асар,

Көңілдің кіршік басқан көзін ашар.

Мас болған біліміне кейбір жастар,

Жерлерге аяқ жетпес аяқ басар.

Апырай, кімге аян бұл жиһанның

Белгісіз ұлылығы асқар-асқар!

Ғылымға ұмтылушы жастарға Шәңгерейдің үлгі еткені – Бұхарда, Қазанда оқып келген қазақ-татар молдалары емес, дүние жүзіне әйгілі ғалымдар. Ол атақты ағылшын ғалымы Эдиссонды (1847-1931) үлгі етеді. Эдиссон Томас Алва – американың атақты физигі, электротехника мен байланыс жөнінде көп жаңалықтар ашып, түрліше құрал-аспаптар ойлап шығарған ғалым.

Сонымен қатар ғылымға бөгет жасайтын надан молдаларды шенейді. Ақын Эдиссонға арнаған өлеңінде ғылым мен надандықты бір-біріне қарама-қарсы қояды. Ғылымды бұтағы көп, жемісі мол, биік шынар бәйтерек бейнесінде суреттеп, ғылымның әр саласын сол бәйтеректің жемісі ретінде бейнелейді.

Бұл ғылым – бір бәйтерек шектен асқан,

Шұлғанған бұтағына ғарсы-күрсі.

Бар ғаләм он сегіз мың саясында,

Таусылмас, бұтақ сайын бар жемісі.

Шайтани бұл өнерді қалай дейміз,

Әр өнер – сол жемістің бірдемесі.

Эдиссон мұны істеген – ғалым адам,

Оқымас, жалқау біздей емес надан.

Пәнделерден қимие-симие ғылымы хикмет,

Көп сырлар ашты түпсіз дариядан...

Ақын ғылымның қоғамдық маңызын көпшілікке түсіндіруді оқыған адамға міндет етіп қояды. Ақын, бір жағынан, жастарды ғылымға үндесе, екінші жағынан, олардың «аяқ жетпес жерлерге аяқ баспауын» аңғартады. Ғылым түпсіз тұңғиық немесе асқар тауға ұқсас. Оның барлығын түп-түгел уысыңа сыйғызу мүмкін емес. Ғылымға ұмтылушылар өзіне белгілі бір шек қою керек деген пікірді меңзейді.

Шәңгерей Бөкеевтің өлеңдерінен туған жерге деген құрмет, ыстық сағыныш пен махаббатты да байқауға болады. Мысалы, синтаксистік параллелизмді пайдалана жазған «Қайран жерім» өлеңін атап айтуға болады. Өзінің талай өлеңінің дүниеге келуіне себепкер болған туған жер қашан да ыстық екенін тілге тиек етеді. 

Әр түрлі өлең өсіп көгеріңкі  

Мақпалдай төсеп салған қайран жерім.

Мақпалдай көгеріңкі төсеп салған,

Жәннеттей десем мислі емес жалған.

Жап-жасыл жер жүзінің қоштығына

Аспанда торғай шырлап еткен сайран.

Бір сағат сап ауасын татқан адам

Табады неше түрлі дертке дарман.

Сәйір етіп аруменен жүрсең мұнда,

Көкіректе қалмас еді-ау титтей арман.

Сурет: academic.ru