«Аққан жұлдыз» - тарихи роман: Айғаным мен Шыңғыс бейнелері

«Аққан жұлдыз» - тарихи роман: Айғаным мен Шыңғыс бейнелері

Шығармада кейіпкерлердің образын беруде дәлдік басым. Анық контрастты бояулармен берілген портреттер оқыған жанның көзіне бірден түседі. Айғаным мен Шыңғыс бейнелерін беруде ақсүйектерге тән сын-сипат негіз болған.

Мысалы, шығарманың бастапқы бөлігіндегі Айғанымның суреттелуі төмендегідей:

«Оңаша үйге қамалған әйелдер қандай екен?» - деп сығалап жүргенде, бір жасөспірім қыз көзіне ерекше шалынады: биік, талдырмаш бойлы, аршыған жұмыртқадай аппақ өңді, үлкен қара көзді, ортасы көтеріңкілеу қыр мұрынды, кең маңдайлы, қою қара қасты, қайқы кірпікті, бұрымдарын көбейте өрген, түрегеп тартқанда денесін тізесіне дейін жауып кететін бұйра қара шашты қыз!.. ...Қыздың сымбаты мен сұлулығына қайран қалған жігіт, көрген-білгенін Уәліге хабарлайды. Көңілі елеңдей қалған Уәлі, жігітіне қыздың аты-жөнін, қылық-мінездерін бақылай түсуді тапсырады. Жігіт сұрастырса, қыз Сарғалдақтың езбектен алған тоқалынан туған екен; аты – Айғаным, жасы – он алтыда, мұсылманша оқуы бар». Автор кейіпкер бейнесін беруден түрлі көркемдік әдіс-тәсілді кеңінен пайдаланған. Сөзімізге дәлел болсын: жұмыртқадай аппақ өңді бұл теңеумен берілген образ болса, биік, талдырмаш бойлы үлкен қара көзді, ортасы көтеріңкілеу қыр мұрынды, кең маңдайлы, қою қара қасты, қайқы кірпікті бұл тіркестер эпитеттетпен өрнектелген. Кейіпкер есімін беруде жалқы есімді пайдаланған: Айғаным, Уәлі.

Бұдан кейін Уәліден айрылып, ана болған шағындағы бейнесі мынадай:

«... Осы сапарында Сперанский бірінші рет Сырымбет тауындағы Айғанымға соғады. Жасы сол кезде отыздан жаңа ғана асқан «шұбар төс аңқудың» сымбаты да, сұлулығы да, ақылы да кньязға қатты ұнап, оны Көкшетау дуанының аға сұлтандығына белгілейді».
«Айғанымның парадтық киімі төмендегіде
й болып шықты, басында алтыннан әшекейлеп жасаған, өн-бойын түрлі-түсті қымбат тастармен безеген, маңдайына – үлкендігі сиырдың тобығындай жсыл жақұт орнатқан – таж, одан бетіне түсірген жұқа, селдір ақ жібек шадыра үстінде орысша – парча, қазақша – үш топ аталатын, қызғылт түсті мауыииы, оның өрнектері алтыннан; мәнерлі шым жібектен тігілген көйлегі – жерег сүйретілген қос етек, аяғындағы оюлы, кестелі, биік өкше етігі, тек, қадам басқанда ғана көзге түседі ұзын, жуан бұрымдары екіге өріледі де, ұшына жалпақтығы алақандай, үзбелері көп, қымбат тастармен безенген алтын шолпы тағынады, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы». Бұл «портретті салуда» автор басты екпінді киіміне береді. Қай бұйым неден екеніне назар аудартады.

 Ал енді науқас бала Шыңғыстың образы қалай беріледі екен?

«...кенеттен ауырып, тұла бойы от болып жанып кетті. Аузынан жалын атқан, жанын қоярға жер таппай аласұрған баланы, жұрт өледі екен деп қорықты. Айғанымда да ес жоқ... Дәрі ішкенмен ол түні дөңбекшіп дамыл көрмеген бала, ертегіге қатты терледі де, солғын тартып қалғуға айналды». Енді мына мәтінмен салыстырар болсақ, орта мен ілгерілеушілік қай адамды болмасын өзгертетінін байқауға болады. Әлжуаз баланың тепсе, темір үзетін азамат болатынын аңғарамыз. Төрт жылдан соң,  қалай өзгеретінін көрейік.

«Шыңғыс үйіне школаның төрт класын бітірген жылында он төрт жасында келді. Сағынып көрген баласын үшінші жазда келгенінде, Айғаным тіпті танымай қалды. Ол жас мөлшерінен ұзарып, сорайып кеткен, және бала шағындағы қуаңдығы өзгеріп, ажарлы жеткіншек болған. Әскерлік школ формасындағы киімдері де аса жарасымды... ...Білім жағынан да өскен. Офицерлік школаның Азиялық бөліміне түскен ол, үйден кеткендегі мұсылманша білімін әлдеқайда тереңдетіп, «Құраннан мағына айырарлық» халге жеткен. Азиялық бөлімнің негізгі оқуы татар, шағатай, араб тілдерінде жүргенмен, орысша сабақ та оқытылатын. Шыңғыс орыстың тілі мен жазуына да төселіп алыпты». Бұл Шыңғыстың 4 жылдан соң, сабақ біткен соң, келген кезі еді ғой.

Ал осы уақыт аралығында ауыл анасының бейнесі қалай өзгерген екен?

«Шыңғыс та шешесін танымай қалды: оның бұрынғы сымбатты сұлу денесі қазір жалпая семіріп, жуандығына екі құшақ әрең жететін халге келген. Содан бұрынғы сұңғақ денесі аласарған сияқтанып, үрген қуықтай домаланып қалған. Бұрынғы сидам, толық білегі де майланып, төменгі жағы да салқылдап салбырап кеткен. Бұрынғы салалы сұлу саусақтары да етейіп, буын-буындарының арасы бұлтия томпайып кеткен. Бұрынғы ашаң беті жалпайып, төменге сарқылған қалың май иекке жете бөлшектенген де, ар жағындағы салбыраған жалпақ бұғақ кеудесіне тіреліп, басты кейін қарай кекжитіп тастаған. Бұрынғы жан-жағы жайпақ үлкен қара кезінін, төңірегінеде томпайған май үйелеп, жартастардың қыспағына қамалған көлшіктей кішірейіп қалған.

Бұрын атылар жебедей сүйреліп, қаз-қатар тізіліп тұратын кірпіктер терең судан басы қылтиған құрақтай ғана көрінеді. Бұрын қабағына қалыңдай, имие біткен қасы, астынан керген майдай сирей жалпайып, жартастың, жігіне біткен көде сияқтанады. Бетке біткен майдың қамауында қалған бұрынғы сұлу қыр мұрын, толқындар арасында қалықтаған кішкене қайықтай. Бұрынғы әдемі басты астынан бағанадай тіреп тұратын жұмыр, өрелі мойын қазір мықырайып, майлары семіз қартадай қабаттасып кеткен...»    

Сымбатты сұлу денесі, сұңғақ денесі, сидам, толық білегі, бұрынғы салалы сұлу саусақтар, ашаң беті, жалпақ бұғақ кеудесі, жайпақ үлкен қара көзінін, имие біткен қасы, сұлу қыр мұрын, жұмыр, өрелі мойын – бұның бәрін беруде эпитет қызмет атқарып тұр. Үрген қуықтай домаланып, қамалған көлшіктей кішірейіп, атылар жебедей, қылтиған құрақтай, толқындар арасында қалықтаған кішкене қайықтай, майлары семіз қартадай, жігіне біткен көде сияқтанады бұл тіркестер Айғаным бейнесін беру үшін қолданылған ұтымды теңеулер.

Міне... Шығарма дамып, уақыт өтіп, кеңістік ауысқан сайын образ да, портрет те, пейзаж да өзгереді. Шығарманың өн бойына үндескен бейнелі образдар жиынтығы Сәбит тілінде жатық.

Сурет: celoriu.com

Е. Жұмабайұлы