Абайдың «Мәз болады болысың» өлеңіне талдау

Мәз болады болысың

Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!

Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға,
Таңқаламын, қампайып
Жоқты-барды шатқанға.

Үйі мәз боп, қой сойды
Сүйіншіге шапқанға.
Әуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.

Еш нәрсе емес жұбанар,
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар
Бір дәмдіні татқанға.

Көзі барлар ойының,
Күлер көтін ашқанға.
Қасиетін бойының,
Бекер төгіп шашқанға.

Қуанарлық қыз емес,
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес,
Түсірмекші қақпанға.

Осы да есеп бола ма,
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса жолама,
Бос желігіп шапқанға.

 

Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, оның қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.

Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.

Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға.

Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға.

Абай атамыздың 1889 жылы жазған өлеңі.

Әрқайсысы 4 тармақты 12 шумақтан тұрады. Мазмұны, мәні жағынан ақынның "Болыс болдым мінекей..." шығармасымен үндес, сарындас. Өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі. Ақын болыстың қолымен жасаған нақты ісін ғана емес, сонымен қатар оның көп сырын бүгіп, бүркіп жатқан ішін де ашып керсете отырып, адам мінезін ашудың ұтқыр да, ұтымды тәсілін шебер пайдаланады. Ұлық арқаға қақса, мәз болып, иығына шекпен жапса, шат болып, әр жерде жоқты-барды шатып, күпініп, қампайып, шалқып жүрген болыс әлдебір қуанышы үшін үй-ішін, ауыл-аймағын түгел өурелеп, әбігерге түсіреді. Ол ісі оңға басса, күлмеңдеп, өлең қағып, көзін аспанға еліртіп әурелеңіп-ақ қалады, қасқайып, мақтанға салынады, бас пайдасы, құлқының қамы үшін біреулерді қақпанға түсіруді ойлайды, оның жені келіп ел ішінен бір дәмдіні татып, өңеші майлана қалса, қолын шапалақтап жас баладай қуанады.

Болыстың ісі әлгіндей болып суреттелгенде, оның қуанышының түрі мынадай түрде айшықталады. Ақын болыстың ісі мен ішін бірде жарыстырып, бірде даралап әрі саралап көрсетіп алған соң, оны өз тарапынан бағалауға ауысады. Болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынан да алыс болуға кеңес береді. «Миың болса, жолама, Бос желіғіп шапқанға» дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына меңзейді. Өлеңнің соңында өзіне-өзі мәз болып, өз буына өзі піскен надан болыстың өзге түгіл, өзінің табан жолына да жарығын түсіре алмайтын қараңғылығына, оның ісініңде, өзініңде баянсыз, опасыздығына білім нұры, ғылым жарығы қарама-қарсы қойылады.

Өлең шалыс ұйқасты үлгіде жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1933 жылғы жинақта 10-шумақтың З-жолы «Өлең қағып желбірер», 1939 жылғы басылымда «Өлең қағып елірер» болса, кейінгі жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Өлең қағып елбірер» делінген. Мүрсейіт қолжазбаларында 5-шумақтың 4-жолы «Бір тәттіні татқанға» деп алынса, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Бір дәмдіні татқанға» деп берілген.

Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, үйғыр т. б. тілдерге аударылған.

Сурет: altaynews.kz