Бірде Баукең үйіне ауылдан бір топ қарт кісілер келіп қалды. Оларға сәлем беріп, Баукеңе қарап, ауыл шалдарын күтуге не әкелейін, – деп сұрай бергенде:
– Кім айтты саған қарт адамдардың бәрін шалдар деп айтуды, - деп зекіп тастады. Тыңда, білмесең біліп ал, дурак! – деп қарттарға байланысты атау сөздерді таратып айта бастады.
– Қазақ шал деп көп жасаған, өз үй-іші шаруасымен айналысатын, әлеумет ісінен сырттай жүретін бала-шаға қамында өзімен өзі болған қарт кісіні айтады. Ал, кәрие деп отбасы мен онға таяу бір шалдың кіндігінен тараған ауылдағы ағайын-туыстарының қамын ойлап, ағайынның бірлігі мен тірлігіне қорған болып, ауылды ұршықша үйіріп ата-баба дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, ауылын әңгіме дүкен құрып, өсиет сөзбен тәрбиелейтін көргенді қартты кәрие деп қадірлейді. Ал, ақсақал құрметіне кәриенің бірегей санаулыларының ғана қолы жетеді. Ақсақал ата жолын жете білетін, ата-баба дәстүрі мен тарихынан мол хабары бар, шежіре таратып, айтыс тартыста елдің сөзін ұстайтын билікке әсері бар ақылды, білімді, дінге, салтқа берік санаулы кісілерді ғана айтады. Ел ақсақалы айтса болды, мәселе шешімін табады. Сен бұл ұғымдардың ара жігін жақсы танып біліп алуың керек, – деп ескерту жасауы мен үшін өмірлік сабақ болды. Кейде алды артына қарамай лақ етіп сөйлей салатын салдыр салақтығымнан бой тартып аңдап сөйлеуге тырысатын болдым.
Міне, осы кәрие-идеологтар – ауыл адамдарын, алыс-жақын, ағайын-туыстардың рухани тұтастығын сақтау арқылы қалың қазақтың рухани ұйтқысына айналған асылдарымыз екеніне ой жүгірте бастадым.
үгінде газет-журналдар мен теледидарларда аты шыққан танымал ақын-жазушы мен ғалымдарды пәленше абыз, түгенше абыз дейтін абыздар күн өткен сайын балалап көбейіп барады. Тіпті әйел кісілерді де абыз дей бастадық. Осыған қарағанда есте жоқ ескі замандардан бермен қарай өте сирек қолданысқа түскен қастерлі абыз атауының мән-мағынасын жете түсінбей өте үстірт қарап жеңілдетіп алған тәрізідіміз. Өйткені консерваторияның қобыз класын бітірген өзі қара қобызды құйқылжыта арқаланып тартатын жас ғалым Әсем Бұрханқызы Мұхаметжанның «Абыздан қалған асылдар» (Алматы «Алаш» баспасы, 2006 ж., 182 бет) деп аталатын ғылыми монографиясын оқысаң, осы пікірге еріксіз келгендей боласың. Әсемнің ой қорытуына қарағанда, Абыздар интуитивтік сана-сезімнің иесі, Қорқыт және Қорқытқа дейінгі абыздар дүниетанымы жағынан қарағанда олардың бәрі де таза тәңірлік діннің жетекші өкіліне жатады екен. Бұл – тарихи шындық, еш қоспасы жоқ сол кезеңнің дүниетанымы абыздар туындысы арқылы синкретті өнерден өз көрінісін тапқан, қайталанбас рухани құндылықтың өзегіне айналған бірегей құбылыс. Атақты филолог ғалым Қ. Жұбановтың танымында: «... ескі кездегі шамандарды абыз, – деп «ру бастықтары, ру ақсақалдары, «бақсы-балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы да абыздардан өрбіген», – деп абыздың синкретті өнер өрісін кеңейтіп, оның өмірге өріс жаюының негізі қайда жатқанын нұсқай көрсетуінің елеулі мәні бар құбылыс.
Абыз тұлғасының өте көне тарих қойнауында қалыптасып жетілген түрін танып білмей, бүгінгі абыз ұғымының түп мағынасына дендей алуымыз екі талай. Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға ғана абыздық деңгейге жете алған. Мұндай тұлғаның болмысын б. з. б. дәуірде ғұмыр кешкен Үйсін мемлекетінің билік пирамидасындағы 9 сатылы биліктің алтыншы сатысынан ойып тұрып орын алған абызды мемлекеттік жоғары билік сатысындағы қызметтен көре аламыз. Бұл жайлы нақтылы жазба дерек көздері де б. з. д Қытай жылнамаларында жазылған, ресми түрде хатқа түскен құжаттар қабатынан ұшырата аламыз. Мысалы, Қытайдағы Үрімші қаласында 2005 жылы Қытай тілінен қазақ тіліне аударылып басылым көрген «Ежелгі Үйсін елі» деп аталатын ғылыми еңбекте Абыз туралы аз болса да саз ғана өте сирек дерек көздері ұшырасады. Осы кітаптың 271-бетінде «Үйсін елінің билік жүйесі» деген тақырыппен берілген Үйсін мемлекетінің мемлекетті басқару пирамидасындағы ең негізгі 9 сатылы қабаттан тұратын, яғни оларды 15 лауазымды ұлық бірлестігі ең биік бүкіл мемлекеттік билік орындарын меңгеретіні жазылған. Бірінші орында тұрған ең биік шешуші орын – елбасы яғни ол Күнби деп аталады, 2- Дулы (дұғлу) – бас уәзір, 3- қолбасы, 4- тайпа басшылары, 5- Дарту яғни бас жасауыл, 6-шы орында – Абыз (бас бағамдар) 2 адам тағайындалған, 7-Ұлыс бегі, 8-Орда бегі, 9-Атқосшы (әмір сарбазы). Тоғыз дәрежеге бөлінген өкіметтік ұйымды орталықтанған 15 ұлық бірлігі меңгеріп, басқарып отыратын болған.
Осы билік иелерінің ішінде абызға қоғам өмірінің дүниетанымдық, идеологиялық өміріне басшылық ету тапсырылуы себепті, абыздардың өзі өзара «Бас ақылгөй абыз» (180 бет); «Санаткер абыз» (215 бет); «Төреші абыз» (370 бет) деп аталып, олар өздеріне тиісті салаға басшылық еткен. Бас ақылгөй абыз – Күнбиге кеңесші ақылгөй болумен бірге көріпкелдік қасиеті басым, өнер иесі, қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз табиғаты шамасы синкретті өнер атаулының бет алысын, даму жолын танып білу жолында бойына біткен өнердің күшімен қалың үйсін елінің рухани ұйытқысына айналып, қауымын күнби саясатының маңына сүттей ұйытып отыруға ұмтылған. «Төреші абыз» – қоғамның юристпруденциясына жөн сілтеп, төрешілік етіп отыруына қарағанда, қазақтың атақты билерінің түп төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан әуже алып жатқандай. Әрине, бұлардың бәрі де тәңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп, қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар берсе керек. Өйткені қоғам мүшелерін рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру міндеті олар үшін әрі қоғамның саяси-әлеуеттік мүддесі үшін шешуші әрі басты парызы ретінде саналған. Үйсін тарихының б. з. б. 3-ғасырдан б.з-ғы 10 ғасыр арасындағы 1200 жылдық тарихы Қытай жазба деректерінде хатқа түсіп сақталып, бізге жетті. Мемлекетті басқарудың 9 дәрежелі сатысы өзгеріссіз дәстүр ретінде жалғасын тауып абыздар атқаратын тәңіршілдік дүниетаным негізінде қоғамның рухани тұтастығын сақтау парызы өзгеріссіз сақталып, V-VIII ғ-ғы Түрік қағанаты заманында абыздық қызметін Тоныкөк, Қорқыт Ата атқарған деп батыл түрде болжам жасауға айрықша дәлелдер жетерліктей.
Әз Жәнібек заманында ханның абызы ретінде қызмет еткен Асан қайғыны көреміз. Ханға ақылгөй болумен бірге қазақ қауымының келешегі туралы көріпкелдік пікірін толғай отырып:
Бұдан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың өмірі тамам болар, –
деп ханға айтқан болжау сөзінде болашақта Ресей империясының отарлау саясатын шортан бейнесі арқылы меңзейтіні бар.
Асанқайғы абыздың дәстүрін жалғастырушы Абылай хан заманының абызы деп Бұқар жырауды айта аламыз. Бұқар жырау Абылай ханның ақылгөйі, әрі көріпкел сұңғыла білікті, өлеңді өнер тұтынған жырау аталуы – тарихи шындық.
Абылайдың абызы Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қалыпқа түскен соң-ақ қасиеті бар, ақылгөй өнерпаз, алдын болжай алар көріпкел абыздар болса да, заманы өзгеріп өз биігіне өрлей алмай қайғылы ойға тұншығып арманда кеткен дарындар да өмірден өтіп жатты. Осы құбылысты ескере отырып Абай «Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен» (Абай. Алматы, 1995, 2 том, 222 бет), – деп ой жүгіртуі арқылы абыздың көне болмысы өзгеріп, уақытына қарай евенкі тіліндегі елерген, делебесі қозған шаман деген деңгейге шейін түсіп кеткен қалыпты аңғартады.