Наурызда балаларға жасыратын жеңіл жұмбақтар

Қазақ халқы Наурыз күні түрлі ойын-сауық ұйымдастырады. Ересектерге ғана емес, жас жеткіншектерді де назардан тыс қалдырған емес. Олардың зердесін өсіріп, көңілін көтеруге асыққан. Ата-әжелер дербес сөйлеуге, дербес ойлауға баулып отырады. Арасында жеңіл жұмбақтар жасырып, зейінін ашқан.

Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ, тістеп алады.
(Аяз)

Қанаты жоқ ұшады,
Аяғы жоқ желеді,
Аузы жоқ ұлиды.
(Жел, боран)

Көтеріліп теңізден,
Аспанға биік барамын.
Биіктен қайта түскенде,
Өңі кірер даланың.
(Жаңбыр)

Ұзын мұртты сарылар,
Қойнында толы наны бар.
(Бидай)

Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.
(Күн)

Үй үстінде ұсақ тас
(Жұлдыз)

Сары қозы, көк қозы,
Қарындары тоқ қозы.
Күздігүні көп қозы,
Қыстыгүні жоқ қозы.
(Қауын-қарбыз)

Бірінің ізін бірі басады,
Біріне жеткізбей, бірі қашады.
(Дөңгелектер)

Тілден ұшып,
Құлаққа қонады.
(Сөз)
 
Ойдың аяқталуын күтпейді,
Оны қойсаң, сөйлем бітпейді.
(Үтір)

Ашылып, жабылады,
Әр үйден табылады.
(Есік)

Қолы жоқ, сөзі жоқ, бірақ тісі бар.
Басыңмен ісі бар.
(Тарақ)

Көз жасты – жылауық,
Келе жатыр бір алып.
Жабырқаса жылайды,
Жадыраса тарайды.
(Бұлт)

Алқызыл жоны түрленген,
Құйрығы шар үрленген.
Далада жортып жалтақтап,
Қулықпен күн көрген.
(Түлкі)

Көктемде ақ гүлге оранады,
Күзде қолға доп боп оралады.
(Алма)

Өзі арық, сөзі – әріп.
(Қалам)

Ағашта жабысып тұрады
Тұмсығын алмай ұрады.
(Тоқылдақ)

Мамықтай жұмсақ болады,
Ұстасаң қолың тоңады.
(Қар)

Аспанда алып доп,
Жарқырайды жарық боп.
(Күн)

Жаңбыр жауып басылды,
Аспан шайдай ашылды.
Қызыл, сары, жасылды,
Көкте бір зат асылды.
(Кемпірқосақ)

Көктемде көктеп шығады талға,
Күзде сарғайып түседі жерге.
(Жапырақ)