Этномәдениет: Ағайын-жұрт атаулары

Ағайын-жұрт деп әр адамның өз жұртын, яғни бір туған, қаны бір, жеті атаға дейінгі рулас, аталас туыстарын айтамыз.

Ағайын немесе туыс деп бір рудан өрбіген ұрпақтар қауымы мен бірлігін айтады. Бұлар бір қауым, бір ауыл болып, бір-біріне қамқорлық жасап, қиын сәтте қол ұшын беруге міндетті. Туыстар тату, бірлікшіл, бір-біріне қорғаныш болуы тиіс. Ағайын, туыстан бөлініп кеткендерді жақындары өте жек көреді. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бар.

Туыстар жеті атаға дейін туыстықты үзбейді және қыз алыспайды. Қазақтың бұл заңының ғылыми-генетикалық жағынан да дәлдігі анықталып отыр. Жеті атаға толғаннан кейін ру ақсақалдары, дін басшылары жиылып, боз бие сойып, баталасып, қыз алысып, қыз беруге рұқсат етеді. Бұл дәстүр бүгінге дейін сақталып әлі жалғасып келеді.

Қазақ халқы тек руласын ғана емес, одан әрідегі қандас тайпалардан тарағандарды да жақын тартып туысқан болады. Мысалы, солтүстік облыстарда жүрген 2-3 үй жалайыр болса, немесе оңтүстікте жүрген 2-3 үй арғын немесе керей болса, олар бірін-бірі туыспыз деп жақындаса, араласа жүреді. Бұл – өте жақсы қасиет. Ағайынға, туысқа жақын жүру – бірлік кепілі. «Қарға тамырлы қазақпыз» деп халқымыздың өзі айтқандай, туысқандық – достық пен ынтымақ белгісі. Бірлік бар жерде – тірлік бар.

Туысы бірдің уысы бір.

Туысқан өкпеге қиса да, өлімге қимайды.

Туысы жаман туғанын жамандайды.

Ағайын, туыс кімде жоқ, сыйласпаса, жат жуық.

Ағайын – ағайынның айнасы.

Ата (ер) – әкенің әкесі. Жеті атадан санағанда үшінші ұрпақ. Ел-жұрт ақсақал деп құрмет тұтатын қадірлі ел тұтқасы. Мұндай кісілер төрден орын алады, әрқашан құрмет көрсетіледі. Оның жолын кесіп өтуге болмайды. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата – ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшысы, қамқоры болып есептеледі. Жастар атадан бата алуға тиіс. «Аталы ел – баталы» деген мақал бар. Атаның айтқаны кейінгіге заң, ісі – үлгі. Ол – ер бірлігін, тірлігін, тұрмысын, болашағын бағдарлап, байқап отыратын дана, көреген.

Дәстүр бойынша сол елге, ауылға келген адамдар алдымен атаға сәлем беруі тиіс. Жасы жеткен мұндай кісілерді қарт, қария, батагөй деп, ел оған әрқашан ілтипат білдіріп отырады, қазақтың жалпақ тілінде қарттарды шал деп те айтады.

Ата – балаға сыншы.

Атадан ұл туса – игі,

Ата жолын қуса – игі.

Аталы ел – баталы ел.

Баба (ер) – арғы атаның әкесі, жеті атадан санағанда төртінші ата, қасиетті, жүз жасаған ұлы қария. Мұндай кісілерді бүкіл әулет, ұрпақ пір тұтады, арнайы сәлем береді, ерекше қошемет көрсетеді, ренжітпейді, сәбидей күтіп, құрметтейді. Бабадан әрі қарай түп ата, тек ата деп аталады.

Әже (әйел) – әкенің шешесі. Ел іші, отбасының бүтіндігін ойлайтын көптің сыйлы анасы. Ол салт-дәстүрді сақтап, кейінгі жастарға отбасының, дастарқан берекесінің, ағайынның, абысындардың бірлігін сақтайтын тәрбиеші әрі ақылгөйі деп есептеледі. Ұлы мен келіні әкесінің тапсырмасы мен өтінішін сөзсіз орындауы тиіс. Қазақ халқының заң бойынша танысын, танымасын әрбір адам ата-әжелерге сәлем беріп, құрмет көрсетуі тиіс. Бұл кісілер тек өз ұрпақтарына ғана емес, жалпы елге ата-әже болып есептеледі. Әжелерді жұрт кейуана, қария, әже деп құрмет тұтып, сый-сияпат ұсынып, батасын алады.

Ата мен әженің әке-шешелері оның ұрпақтары үшін баба, ұлы ата, ұлы әже деп аталады. Жасы жеткен кейуананы ауызекі сөйлскенде кемпір дейді.

Бірақ шал мен кемпір деу әдептілікке жатпайды.

Әжім – әженің әрі.

Демеңіз, әжем кәрі,

Кәрінің сөзі – дәрі.

Ана (әйел) – өзіңді өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы адамың. Әр ұл мен қыз ата-анаға мәңгі қарыздар. Ұрпақтары бұл адамдарды айрықша сыйлауға, құрметтеуге тиіс. Оларға қарсы келуге, ренжітуге, айтқанын орындамауға болмайды. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде «Ата-анасын ренжіткендерді Алла тағала жақсы көрмейді» деген. Әсіресе, ананың жолы мүлде бөлек. Ананың ақ сүті – адам баласы үшін аса қасиетті ұғым. Ананың өз балаларын «Ақ сүтімді ақтады» деуі – үлкен баға. Керісінше, өзіне зәбір берген балаларына ана «ақ сүтін көкке сауып» қарғайды. Адам баласы үшін қарғыстың ең жаманы – осы.

Анаға қанша құрмет жасалса да көп емес. Ана – өмір тұтқасы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші, тілеуқор, ақ ниетті, мейірбан. Ол – отбасының берекесі, ырысы, ақылшысы. Ана алдында батыр да, ақын да, ғалым да кіші.

Ата көрген оқ жонар,

Ана көрген тон пішер

Аяғын көріп асын іш,

Анасын көріп қызын ал.

Ананың көңілі балада,

Баланың көңілі далада.

Шеше (әйел) – ақ сүт берген туған ана халық тілімен шеше деп аталады. Әке-шеше аты қашан да қоса аталады.

Әке (ер) – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы және асыраушысы һәм тәрбиешісі. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей қамқор азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.

Өмірде әке мен ана қатар аталады. Олардың қызметі туған балалары үшін шексіз. Атаның күші, ананың сүті – ұрпақ үшін зор, өлшеусіз парыз.

Әке-шешені ренжіту – дінде күнә, қоғамда қылмыс, өмірде ұят. Ата-ананың өкпе-наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. «Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды» делінген хадисте.

Жақсы ата-ана, ер мен әйел – ұрпақтың, елдің мақтанышы.

Ақылды ердің ішінде

Алтын ерлі ат жатар.

Ақылды әйел ішінде,

Алтын бесікті ұл жатар, –

деген мақалда тәрбиелік маңызы өте зор көрегендік жатыр. Ер мен әйел – егіз ұғым, егіз тұлға. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.

Әйелдер жерден шыққан жоқ,

Ол да еркектің баласы.

Ерлер көктен түскен жоқ,

Әйел – оның анасы, – деген халық сөз осының айғағы.

Бала деп ата-анадан тараған ұрпақтарды айтады. Жеті атадан санағанда бірінші буыны. 1-5 жастағы ес білмейтін балаларды сәби дейді. Ата-бабаларымыз ұрпақтарын ізбасарым, мұрагерім, қолғанатым, азаматым, көз қуанышым, бақытым деп еркелеткен және оларды көпсінбеген, өйткені бала – көңілдің гүлі, көздің нұры.

Ата – бәйтерек, бала – жапырақ.

Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар.

Бала – адамның бауыр еті.

Жақсы бала – сүйек, жаман бала – күйік.

Ұл (ер) шаңырақ иесі, ел, ру, әке кіндігінің жалғасы деп есептеледі. Ұл туғанда ат ұстар деп хабарлайды.

Ұл туғанда – күн туар.

Қыз туғанда – ай туар.

Ұлға – отыз үйден тыю.

Қызға – қырық үйден тыю.

Ұл – орындағы ту,

Қыз – ұшатын аққу.

Немере (ер, әйел) – ұлдың баласы. Немере ата мен әже үшін ыстық. Көбінесе олар тұңғыш немересін бауырына салып, өз балам деп өсіреді.

Қанша жақсы көргенмен, немере өз балаңдай болмайды, өз балаңның көрсететін қызметін жасай алмайды. Өйткені оның өз әке-шешесі бар. Ол алдымен төл міндетін өз әке-шешесі алдында атқаруға тиіс.

Өз балаңды өскенше бағасың,

Немереңді өлгенше бағасың.

Немере етін жеп, сүйегін береді.

Шөбере (ер, әйел) – немеренің баласы. Қарт адамдар үшін бұл ұрпақтың орны мүлде басқа. Қазақ дәстүрі бойынша кішкентай шөберенің қолынан су ішкен адамға о дүниеде жеңілдік жасалады. Шөберенің баласы шөпшек, шөпшектің баласы немене деп аталады.

Аға (ер) – бір әке-шешеден туған (немесе бір рудағы ағайын-туыстың) жасы үлкен жігіт аға деп аталады. Ағаның жөні де, жолы да үлкен. Жасы кішілер аға алдында әдеп сақтап отырғаны жөн. Олар жұмыс істеп жатса, жастар «мен істейін» деп қолын ұшын беруі керек. Аға – жасы кішілер үшін айбар, қорған, сүйеніш әрі мақтаныш.

Ағасы бардың жағасы бар.

Ағаның үйі – ақ жайлау.

Жеңім жаман болса да, жағам жақсы,

Өзім жаман болсам да, ағам жақсы.

Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол.

Апа-әпке (әйел). Бірге туған және туыстардың жасы үлкен қыздары оның інілері мен сіңлілері, келіндері үшін апа болады. Бұлардан апаның жолы үлкен және оған құрмет көрсетіледі. Апа оларға еркін, адуындылау, базыналы болады. Кішілер оны көтере білуі, ілипат көрсетуі, оның алдында құрдай жорғалап, сыйлауы керек.

Апама да барайын, тайымды да үйрете келейін.

Қарындас (әйел). Ағайындылар ішінде жасы кіші қыз ағалары үшін қарындас болады. Бұлар аға, іні үшін қымбат та қимас жандар. Сонымен бірге бауырлары үшін ешқашан аянбайтын біртуар, текті, зерделі, қаншыл туыс. Әсіресе, әйел заты туыс-туғаны үшін жанын да, қанын да беретін батыл да тапқыр болады.

Қарындасы адал ер бақытты.

Келіні адал ел бақытты.

Қаба-қаба сөйлеуге қарындастың бары игі.

Адам болайын деген жігіт қарындасшыл келеді.

Сіңлі (әйел). Бірге туған (жақын туыстары) қыздардың кішісін сіңлі дейді. Аға, апа (әпке) алдында сіңлі мен інілердің құқы бірдей болғанмен, қыздың жолы жіңішке деп, жол көбіне қызға тиеді.

Апасы киген сәукелені сіңлісі де киеді.

Жеңге (әйел) – ағаның әйелі. Жасы үлкендер үшін келін, кішілері үшін жеңге деп аталатын бұл адамның ауыл, үй, тәлім-тәрбие үшін орны айрықша. Ол, әсіресе, өзінен кіші қайнылары мен қайын сіңлілері үшін әзіл-қалжыңы араласа жүретін сүйкімді де сыйлы адам.

Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді.

Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан.

Қыздың сырын жеңгесі білер.

Қайын іні (ер). Жеңгелер үшін күйеуінен жасы кіші ұлдар (жігіт) оның қайын інісі болып саналады.

Қайын сіңлі (әйел). Жеңгелер үшін күйеуінің жасы кіші қыз қайын сіңлі болып есептеледі. Қайын іні мен қайын сіңлі жеңгесін ерекше сыйлап, қадірлеуі, оған еркелеуі керек. Бұлар әзіл-қалжыңы жарасқан, сыйлас, сырлас, тату, қамқор, ақылшы болғаны жөн.

Келін (әйел) – інінің әйелі. Бала мен немеренің әйелі келін бала болады. Келін – бүкіл ауылдағы жолы кіші адам. Дәстүр бойынша ол кездескенде өзінің күйеуінің үлкендердің бәріне де орнына тұрып, иіліп сәлем жасауға тиіс және ең төменгі орынға отырады. Ата, қайнағалары отырған жерге кірмейді. Мұндай жасты ел ибалы, әдепті келін жеп жақсы көрген.

Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда.

Келелі сөзді келін де айтады.

Келіннің өзі келгендей,

Баланың өзі туғандай.

Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық.

Ене (әйел). Күйеуінің анасы келінген ене болады. Ене – келін үшін өз анасындай тілектес, ақ ниетті, сыйлыадам. Ол – өз келіннің өмірлік тәрбиешісі, ақылшысы, қамқоршысы.

Абысын (әйел). Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне абысын болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақта жұмыс істейді.

Абысын тату болса – ас көп.

Ағайын тату болса – ат көп.

Қыз (әйел) – ата-ананың, ауылдың сүйікті баласы. Оң жақта отырған бойжеткен. Елдің назы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – ел, ауыл еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы, басқа елдің болақаш келіні, анасы.

Қызға қырық үйден тыйым,

Қырық үйден қарауыл.

Қызы бар үйдің назы бар.

Қыз өссе – елдің көркі.

Гүл өссе – жердің көркі.

Қызға бергенді Қыдыр өтер.

Төркін (туыстық атау) – тұрмысқа шыққан қыздың туған-туыстары. Төркін жұрт – қыздың үш жұртының бірі. Төркін деген сөз әйел адамға қолданылады да, алайда ол оң жақта отырған (тұрмысқа шықпаған) қызға қолданылмайды.

Төркін десе, қыз төзбейді.

Көкпек десе, түйе төзбейді.

Төре қыз төркінін танымас.

Төркіні жақын қыздың төсегі жиналмас.

Кіндік шеше (әйел) – нәресте туғанда оның кіндігін кескен әйел. Кіндікті көбіне әйелдер кеседі. Кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады. Кіндік шешеге кіндік кескені үшін мал, қымбат бұйым беріледі. Кіндік шеше – бала үшін құрметті адам. Оны өз анасынан кем санауға болмайды.

Бала кіндіке шешеге тартады.

Әмеңгер (ер) – күйеуі қайтыс болған әйелдің иесі және оны әйелдікке алуға құқы бар адам. Қазақ салты бойынша қайтыс болған адамның әйеліне туған немесе жақын қайнағалары мен қайнылары үйленеді. Бұл салт әмеңгерлік деп аталады. Бұл жерде олардың жасы мен дәулеті, отбасылық жайы да ескеріледі. Кейде жесір әйелге таңдау да беріледі. Мұның әлеуметтік, қоғамдық рөлі бар. Біріншіден, әйел панасыз болмайды. Сондай-ақ қазақ әйелі өзінің алғаш келін болып түскен жерін қимайды. Екіншіден, бала басқа жердегідей шетқақпай көрмей, өз ағайын-туыстарының ортасында өседі. Үшіншіден, дала заңы бойынша әйел ерден кетсе де, елден кетпейді. Төртінші, салт-дәстүрді, бүкіл рулы елдің сыйлайтын әдепті қазақ әйелі бұл ғұрыпты аттап өтпейді.

Мұрагер, мирасқор (ер, әйел) – әкеден қалған мал-мүліктің иесі. Егер әке-шешесі қайтыс болса, оның жиған-тергені, барлық қазынасы, мал-мүлкі оның баласына қалады.

Аға өлсе – іні мұрагер.

Үбір-шүбір – ұлдың, қыздың және одан тараған балалар мен сәбилердің жалпы аталуы. Қазақтың «үбірлі-шүбірлі бол!» деп бата беруі осыдан шыққан.