Қазақта жомарттықтың қандай түрі болған?

Қазақта жомарттықтың қандай түрі болған?
Фото: massaget.kz

Халқымыздың дəстүр тəрбиесі ел ішіндегі білікті адамдар мен билер, мектеп-медреселер арқылы жүргізілген жəне олар үлгі-өнеге болып, салт-дəстүрдің мазмұнын байытып, халықтық сипатын арттырған. Алайда, отбасы тəрбиесі басты орында тұрған яғни халықтық салт-дəстүр тəрбиесінде əрбір ата-ана ертелі-кеш ұрпақтарына жомарттық, кешірімділік, обал-сауап, ар-ұят, адал-арам,  əділет-шапағат,  ізгілік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, бұзақылық пен жанашырлық сияқты істердің бəрін егжей-тегжейлі ұғындырып, көпшіл, халықшыл болуға, салт-дəстүр мен наным-сенімге түсінікпен қарауға жəне оны құрметтеуге; ел намысы мен Отан даңқына дақ салатын жаман істерден аулақ болуға; «малым – жанымның садағасы» дейтін үлкен кісілік қасиет қалыптастыруға жетелеп, өмір бойы ізгілік, ізетті лік, тектілік, ұлылық, даналық танытып, ұсақшыл, бықсықтық, пендешілік сияқты нашар қылықтардан аулақ болуға тəрбиелеген. Сондай-ақ, əрбір ұрпақтың, тіпті күллі адам баласының бойында төмендегідей бірнеше жомарттық қасиет сөзсіз, болу керек деп қараған.

Көз жомарттығы

Қазақ халқы адам баласында көз жомарттығы, сөз жомарттығы, көңіл жомарттығы, қол жомарттығы, жол жомарттығы сынды бес жомарттық болу керек деп қараған. Сондай-ақ, көз жомарттығы жоқ адамнан ешқашан жақсылық күтіп, ұлылық туады деп есептемеген, қайта, күллі жомарттық пен ізгілік көз жомарттығынан бастау алады деп есептеген. Бұл тəрбиеде əрбір ата-ана ұрпақтарына көз жомарттығын қалыптастыру үшін күллі адамзаттың табысын өз табысындай көру, иненің жасуындай ізгілік болса да «құтты болсын, қуаныш ұзағынан сүйіндірсін; жақсы екен, əдемі екен, құттықтаймын, жарасыпты, сұлу екен, көркем екен, тамаша» деген сияқты жан жадыратып, көңіл жібітер жақсы сөздерге жомарт болып, намысқа тиетін, жанды жаралап,  өштік  қасиетін  тудыратын  жаман  сөздерге  сараң  болып, əдеттегі аман-сəлемнен тартып, барша адам баласына жылы шырайлы мəміле жасау, жанашырлық, жақындық таныту, барша жақсылығына сүйініп, артықшылықтарына көз жұмбау, қызғаншақтық пен менмендіктен аулақ, əрқашан кішіпейіл, əдепті, ибалы болу керек екенін егжей-тегжейлі ұғындырып, қандай кезде де көз жомарттығынан ауытқымауға баулиды. Көз  жомарттығы  адамдарды  түрлі  психикалық  қысымнан  аулақ қылып, көңіл күйдің орнықтылығын сақтап, адамдар арасында достық сүйіспеншілік  тудырады. Түрлі қайшылықтардан сақтап, қоғамдық қарым-қатынасты жақсартады.

Сөз жомарттығы

Сөз жомарттығын қалыптастыруда қазақ халқы адам баласының аузынан үнемі жақсы сөз, жарасымды əзіл шығуы, айтқан сөз, түрлі əзіл-қалжыңдардан адамгершіліктің, ізгіліктің, адалдықтың,  кеңпейілдік пен кешірімділіктің лебі есіп тұруы керек деп қарап, əрқашан жақсы сөз бен жарасымды қалжыңға жомарт болуды дəріптейді. Яғни «жақсы сөз – жарым ырыс», «кесірлі сөз – кісі өлтіреді», «жақсы сөз сөйлеген ауыздан гүл төгіледі, жаман сөз сөйлеген ауыздан жын төгіледі» деген халық даналығына сай, ұрпағына үнемі жақсы сөз сөйлеуді, ойнап айтса да, ойлап айтуды, қашанда: «сіз, біз, рақмет, өркенің өссін, жасың ұзақ болсын, жаныңа жамандық жуымасын, бет алдыңнан жарылқасын» деген сияқты басқалардың қуанышы мен бақыт-байлығына ризашылығын білдіретін мəдениетті, əдепті, жақсы сөздерге барынша жомарт болуды үйретіп отырады. Сөз жомарттығы – адамдардың қоғамдық өрісін кеңейтеді, досын көбейтіп, дұшпанын азайтады. Түрлі келеңсіздіктер мен кедергілерге көп жолықтырмайды. Ойлау жəне тіл қабілеті жоғарылайды.

Көңіл жомарттығы

Көңілді кең ұстау, барға қанағат ету, шүкірлік қылу, қызғаншақтық пен озбырлықтан, орынсыз бəсеке мен өлермендіктен аулақ болып,  барлық  адамды  тағдырлас,  тыныстас  жақыным  деп  қарап, алыс-беріс, барыс-келіс істерінде кеңпейіл, кешірімді болу, басқаға үнемі жақсылық, қуаныш, бақыт-байлық қонса екен деп ойлау; басқаға жол беру, қол беру сияқты ізгі қасиеттер «көңіл жомарттығы» есептеледі. Бұл тəрбиеде өнегелі кісілер перзенттеріне: «кең болсаң – кем болмайсың», «ақпейілдің аты арып, тоны тозбайды» деп көңілі жомарт адамдардың ешқашан жамандық көрмейтінін, тіпті, басы артық əуре-сарсаңға жолығып басы қатып, жаны ауырмайтынын жанды мысал, жарқын образдар арқылы мұқият түсіндіріп, ұрпағының ашық-жарқын, жомарт азамат болып жетілуіне жан-жақты көңіл бөлген. Пейілі кең, жомарт адамның көңіл күйі орнықты болады. Досы көп, қасы аз болады.

Қол жомарттығы

Жомарттықты ең ізгі, ең асыл қасиеттер қатарына қойып, «қол жомарттығын» адамгершілік пен ізгіліктің нақты көрінісі деп бағалаған қазақ халқы: «қолы ашық адам – өмірге ғашық адам, сараң адам – пасық адам» деп ұрпағын қолы ашық жомарт, ақкөңіл, ашық-жарқын болуға баулыған. Ұрпақтар бойына «қол жомарттығын» сіңіруде, өнегелі ата-аналар перзенттеріне өзінде бардың барлығын көпке бөлісу, қолындағы барды елден аямау, қиналғандар мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беру, түрлі апаттар мен ауру-сырқауға кіріптар болғандарға көмек беру; жылу атау, қамқорлық жасау, алдына бір нəрсе сұрай келгендерді құрқол қайтармау, яғни бүтін нан болса бөліп, жарты нан болса жарып жеу керегін мұқият ұғындырып, ұрпағын қолы ашық жомарт болуға, қолынан келген жақсылығын адам баласынан аямауға баулиды. Сараңдықтан, дүниеқорлықтан, ашкөздіктен, озбырлықтан бойын аулақ ұстауға үйретеді. Қол жомарттығы адамдарды ізгілікке жетелейді. Адамдар арасындағы  достықты,  татулықты,  береке-бірлікті  нығайтады.  Өштік-қастықты жойып, қоғамдық қайшылықты бəсеңдетеді. Орынсыз бəсеке мен күндестікті тежеп, өзгелердің құрметіне бөлейді.

Жол жомарттығы

Ақыл-есі дұрыс барша адам баласы жүрген-тұрған жерінде елге жақсы қылық, жарасымды мінез, жылы шырай көрсетіп, үлгі-тағы лым таратып, әртүрлі сəтте алдымен өзгеге жол беру, өлермен болмау, басқаларға жақсы əсер, үздік өнеге көрсету, сондай-ақ, жолда жатқан бір кесек тас болса да ерінбей алып тастап, басқа адамдардың жəбір-жапа көрмеуіне жағдай тудырып жүрудің барлығын қазақ халқы жол жомарттығы деп атайды əрі жол жомарттығының барша адам баласының адамгершілігін, азаматтығын, адалдығы мен ізгілігін сынайтын жауапкершілігі күшті қасиетті ұғым екенін жанды мысалдар арқылы ұрпағының құлағына құйып, көкейлеріне ұялатуға ерекше күш салады. Мысалы, жолда келе жатқан мысық, ит, тышқан, құс жəне басқа жан-жануарлар мен жəндіктердің өлексесін көрген; сондай-ақ, адам сүрініп жығылатындай тас, томар, табанға кіретіндей тікен, көзге тиетіндей ағаш сияқты заттарды байқаған адам, оларды міндетті түрде көміп, алып тастауы қажет. Егер оларды көре тұра көмбей алып тастамаса, ел-жұртқа ауру-сырқау тарап, адам өлсе немесе біреудің аяғы сынып, көзі шықса, сол зиянды нəрселерді көміп тастамаған, алып тастамаған адам – кісі өлтірген, пəле-қаза таратқан қанды қол; аяқ сындырып, көз шығарған бұзық адам есептелетіні егжей-тегжейлі түсіндіріп, перзенттерін ізгі ниетті жақсы адам болуға баулиды.

«Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабынан

Massaget