- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Пеле: "Неймар мені...
Пеле: "Неймар мені басып оза алмайды"
Футболдан үш дүркін әлем чемпионы, аты аңызға айналған бразилиялық ойыншы Пеле енді жаңа «футбол королі» дүниеге келмейді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда танымал бразилиялық футболшы Неймар туралы да өз ойын жеткізді. Бұл туралы шетелдік басылымдар хабарлауда.
Пеле бутсысын шегеге ілгеннен кейін ұмытылып кеткен жоқ. Оны халқы әспеттеп, басына көтерді. Абыройы бір сәт төмендеген емес. Футболшы Бразилия құрамасы тарихындағы ең үздік сұрмерген. 77 рет қарсылас қақпасын дәл нысанаға алған. Екінші орында 62 голмен Роналдо тұрса, бүгінде бұл жолды Неймар жалғастырып келеді. 23 жастағы футболшының еншісінде әзірге 43 гол бар. Жанкүйерлер каталондық «Барселонада» ойнайтын футболшының Пеле рекордын жаңартуы мүмкін екенін айтып жүр. Ал «футбол королі» болса Неймардың өз рекордын жаңартатынына сеніммен қарамайды.
– Мені Неймар басып оза ала ма? Жоқ, мен олай ойламаймын. Жаңа «футбол королі», жаңа Пеле болу – мүмкін емес. Менің ата-анам дүниеге енді бала әкеле алмайды. Меніңше, Неймар - өте мықты жас футболшы. Ол футболдағы жарқын «жұлдыз» бола алады, - деген Пеле.
Айта кетейік, түнде өткен Франция мен Бразилия арасындағы жолдастық кездесуде Неймар гол соғып, жанкүйерлерін тағы бір қуантты. Ойында 1:3 есебімен Карлос Дунга (Бразилия) шәкірттері жеңіске жетті.
Сурет: lbcsport.com
Оқи отырыңыз
Пеле әлемнің үздік футболшысы ретінде кімді таниды?
Пеле үшінші рет шаңырақ көтермек
Пеле: "Месси - кемеліне жетпеген ойыншы"
О. Сансызбай