- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Мұхаммед Әлиді меңдеген...
Мұхаммед Әлиді меңдеген қандай дерт?
Бокс тарихындағы танымал америкалық боксшы Мұхаммед Әлидің денсаулығы соңғы кездері сыр беріп жүр. 17 қаңтар күні 73 жасқа толатын танымал тұлғаны «жеңгелі жүрген» қандай дерт? Бүгін сол туралы айтпақпыз.
Даңқты боксшының інісінің хабарлауынша, кеше боксшы қайта ауруханаға түсіп қалған. Себебі, өкпесі мен несеп жолдарының қабынуы – бұрынғы дертіне жамау болған көрінеді. Тіпті, кей батыстық басылымдар Мұхаммед Әлиді өзінің туған күнінде дүниеден озады деп болжап та отыр. Бұған не дейсіз?
Мұхаммед Әли – бүгінге дейін Жыл боксшысы атағына 5 рет ие болған жалғыз спортшы саналады. Ол тек спортта ғана оза шауып қоймай, қоғамдық өмірге де белсене араласып, адамзатқа пайдалы игілікті жұмыстар жасап, әлем халқының махаббатына бөленді. Тіпті, бокспен қоштасу кешінде өзіне сыйланған гаухардан жасалған сыйлықты көрермен болып келген мүгедек қызға сыйлай салған. Оның ой-толғамдарын бүгінде әлемнің мыңдаған балалары сүйіп оқиды, әрекеттерін үлгі тұтады, оның жетістіктерін қайталауды армандайды. Мұхаммед Әлидің ғұмыр жолындағы ең ұлы қадамы – Ислам дінін қабылдағаны. Боксшы 1964 жылы «Ислам ұлты» қозғалысының қатарына қосылғаннан кейін, бұрынғы Кассиус Клей атын Мұхаммед Әлиге өзгертті.
Мұхаммед Әли паркинсон ауруына шалдыққан. Аурумен күресу үшін оның 10-15 күн ашыққан кездері болған деседі. Ал дауасы жоқ дерттің меңдеп алғанына 30 жылдан да асқан. 72 жастағы даңқты боксшы қазіргі таңда арнайы дәрі-дәрмектер көмегімен емделіп келеді.
Әлем таныған әйгілі боксшының дертінен кейін АҚШ басылымдары кәсіпқой боксты спорттан аластату туралы ой қозғады. Нәтижесінде 38 боксшының денсаулығына медициналық сараптама жүргізіп, олардың барлығының дерлік уақыт өте халдері нашарлайтынын дәлелдеген. Кәсіпқой боксқа қарсы ұйым да құрған. Бірақ, сол кезде Мұхаммед Әли бұл бастаманың алдын алып, өзін танытқан боксқа құрметі шексіз екенін ісімен таныта білген де еді.
Мұхаммед Әли паркинсон дертіне шалдыққанымен, оның есі жоғалған жоқ. Негізінен, паркинсон сырқаты - орталық жүйке жүйесінің созылмалы үдемелі ауруы. Ауру туралы алғаш рет 1817 жылы ағылшын дәрігері Джеймс Паркинсон зерттеу жүргізді. Оның не сырқат екенін ашуға талпынды. Басты мәліметтер жинағанымен, емін таба алмаған. Кейіннен бұл дерт осы дәрігер есімімен аталып кетті.
Джеймс Паркинсон 1817 жылы өзінің жазған жұмысында Паркинсон ауруына шалдыққан 6 адамды зерттеп барлық сипаттамасын кітабына енгізген. Және де ол ауру ушығуын бақылап, бірнеше тұжырамдама жасаған. Дәрігердің бұл жұмысына 40 жыл бойы көңіл аударылмаған. У.Говерс, С.Уильсон, В.Эрба және Ж.Шарко неврологтарының қарапайым зерттеулері паркинсон ауруын жеке сырқат ретінде саналуына зор үлес қосты. Паркинсон ауруы бөлек сырқат ретінде санала бастағаннан кейін, ағзада қандай құрылымдардың зақымдануы осы аурудың белгілерінің пайда болуына әкеледі деген сұрақ туындады. Бұл сұрақ жауап табылғанмен, дертіне дауа табылған жоқ.
Сырқаттың негізгі белгілері: қолдардың дірілдеуі, қозғалыстың баяулығы, ауырсыну, тірек-қимыл қозғалысының және адам-мінезің бұзылуы. Адам есін анық білгенімен сырқат оны толық мүгедектікке алып келеді. Көбіне бұл сырқат - 40 жастан кейін дами бастайды, Десек те, бұл ауруға бұдан ертерек жаста да шалдығу жағдайлары тіркелген. Сонымен қатар, адамның бетіндегі ым-ишарат жоғалады. Ойлау қабілеті төмендеп, көңілі ештеңеге толмайтын болады. Бұл сырқат ген арқылы да беріліп отырады екен. Мұндай жағдайда адам 40-50 жасқа келгенде-ақ паркинсонға шалдығуы мүмкін екен. Қорыта айтқанда, паркинсон дерті – ортаңғы мидың, дофамин нейромедиаторы бар пигментті жасушалардың көптігінен «қара субстанция» деп аталатын бөлігіндегі жүйке жасушаларының біртіндеп өлуінен пайда болады. Бұл ауруға да себепкер аурулар бар. Олар – жүйке жүйесінің зақымдануы, мидың шайқалуы, қан қысымының жоғарылауы, қан тамырлары аурулары мен қимыл-қозғалыстың аз болуы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, паркинсон ауруы әлем бойынша, 100 мың тұрғынға шаққанда 1-2 пайыздан келетіні анықталған. Ал Қазақстанда бұл дауасы жоқ дертпен 16 мыңға жуық адам ауырады екен. Сонымен қатар, 11 сәуір – паркинсон ауруына қарсы күрестің дүниежүзілік күні ретінде аталып келеді.
Дүние жүзі таныған даңқты боксшыны ауру жүдеткені рас. Ол інісіне өзін ата-анасы жатқан Луисвилль (Кентукки штаты) қаласындағы мазарға жерлеуді өтініпті. Ал мазарының басындағы құлпытасқа әйгілі Мартин Лютер Кингтің; «Өз өмірімде аштарды тамақтандырғым келді. Киімі жоқтарды киіндіргім келді. Адамзатты сүюге ұмтылдым, сол жолда қызмет жасауға тырыстым» деген сөздерін жазуды айтыпты.
Адамзат үшін сіңірген мол еңбегі үшін 2002 жылы Отто Ган атындағы бейбітшілік сыйлығы алған Мұхаммед Әли 73 жасын аурухана төсегінде қарсы алғалы жатыр. Жүз жас өмір сүргісі келетін арманы бар тұлға, жүз жасағай!
Сурет: newsmaker.md, rambler.ru
Оқи отырыңыз:
Мұхаммед Әли: "Дүниеде шындықтан күлкілі әзіл жоқ"
Мұхаммед Әли ұсынған жеті кеңес
Мұхаммед Әли алғаш жеңілгенде киген қолғап сатылды
О. Сансызбай