Әлиді жыққан әлділер

Әлиді жыққан әлділер

"Аты аңызға айналған боксшыны ата" десе бес жасар баланың өзі Мұхаммед Әлиді айтатыны белгілі. Осыншалықты танымалдылыққа жеткен спортшылардың қатары кем де кем.

Әли спорттық мансабында өзінің ең оңтайлы соққысымен 37 жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған. Мұның ішінде 12-сі таза нокаут та, қалған 25 жеңісі техникалық нокаут. Касиус, әрине, бұл даңқты тектен ала салған жоқ, ол өзінің жұдырықтасу мәнерін ойлап тапты. Сол арқылы чемпион да болды, бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей, өзі ойлап тапқан стилінен зардапты да шекті. Мұхаммед Әлидің осы әлсіздігін ұтымды пайдаланған боксшылармен өткен кездесулерге шолу жасағымыз келді. Әли өзі ойлап тапқан айла-тәсілдерді кейде өзі дұрыс орындамай, кейбір канондарын бұзып та жүрді. Аяқ ұшымен рингті айналып жүретін, оның үстіне би эффектін тудыратын кейбір қимыл-әрекеттері, одан қалды қашықтықтан жұдырығын лақтырып ұру тәсілі, сөз жоқ, бүгінге дейін ең оңтайлы әдіс саналып келеді. Бірақ мұның да әлсіз тұстары бар-тын. Мұны пайдаланып, Әлиді тіпті нокдаунға жіберген спортшылар да болды.

Әлиді тұңғыш рет жеңген...

Әлиді жеңіп кеткен Джо Фрейзер оның ылғи да денесін жаппай, қорғанбай жұдырықтасатынын ұтымды пайдаланды. Жекпе-жек нәтижесінде қазылар бір ауыздан жеңісті Джоға берді. Бұл жекпе-жек 1971 жылы наурызда өткен еді. Рингке сол кезде ешқашан да жеңіліп көрмеген екі боксшы шыққан болатын. Фрейзердің «орта салмақтың жылдамдығы бар» ауыр салмақтағы спортшы ретінде танылған Әлиге шыдас беретіндей шапшаңдығы бар еді. 15-ші раундта Джо Әлидің спорттық мансабындағы үшінші нокдаунын беріп, қорытындыда жеңіске жетіп тынды. Әли тұңғыш рет жеңілістің ащы дәмін татты. «Ринг» журналы бұл кездесуді «Жыл жекпе-жегі» деп те мақтады.

Ал 1974 жылдың қаңтарында Фрейзер мен Әлидің екінші жекпе-жегі өтті. 12 раундқа созылған жұдырықтасуда Мұхаммед жеңіске жетсе де, қазылар алқасының бұл шешімі көптің көңіліне күдік сыйлаған.

Әлидің жағын сындырған кім?

Америкалық боксшы Кен Нортон Мұхаммед Әлимен 1973 жылы қарсы шығады. Кездесудің фавориті Әли болса да Кен оның жағын сындырып, 12 раундтың қорытындысы бойынша жеңіске жетеді. Нортон дәл осы жылы қайта шығып, жеңіліп қалады. Кейін тағы бір жыл өткен соң Әлимен қайтара шыққан Кен Нортон ұлы боксшының алдында тізе бүгеді.

Бірақ мұнда да қазылар алқасының әділ шешім шығарғанына жұрт наразы болып, бірқатар маман бұл жекпе-жекте Нортон жеңіске жеткенін жазған.

Әли мансабында төрт рет нокдаун алған

Бірінші нокдаунды ол ағылшын боксшысы Генри Купермен жұдырықтасқанда алады. 1963 жылы маусым айында болған кездесуде ол Әлиді ұрып құлатады. Генри Англияда өте танымал спортшы болған. Тіпті ол туралы көптеген аңыз жүріп, «Біздің Генри» аталып кеткені де тегін емес болса керек. Кездесуде ол солақай болса да, оңқайлардың тұрысында жұдырықтасады. Ең оңтайлы әдісі сол қолмен жасаған апперкоты Мұхаммед Әлиді құлатса да, жалпы есепте Генри жеңіліс табады.

Әлиге тағы бір нокдаун сыйлаған - Чак Вепнер. 9-шы раундта ұрып құлатқан Чакты Мұхаммед Әли 15-ші раунда сұмдық соққылармен есінен тандырып тастайды. Қазылар алқасы спортшыға аяушылық көрсетіп, кездесуді уақытынан бұрын тоқтатады. Дәл осы флеш-нокдаун алған жекпе-жекті көрген актер Сильвестр Сталлоне «Рокки» деп аталатын фильм түсіреді.

Сонни Бэнкс пен Мұхаммед Әлидің жұдырықтасуы да бокс әлемінің тарихында мәңгі қалмақ. Себебі сол уақытта еш танылмаған Сонни Әлиден де жақсы жұдырықтасып, тіпті нокдаунға жіберді. Десе де Әли өзіне қарсы төніп тұрған сенсацияның алдын алды.

1962 жылғы кездесуден тарихи видео

Соңғы кездесу

Чемпионның соңғы қарсыласы 26 жастағы Тревор Бербик болды. Кездесу 1981 жылы 11 желтоқсанда өткен еді. Бұл кездесудің алдында Мұхаммед Әли Ларри Холмстан жеңіліп, титулынан да, денсаулығынан да айырылған еді. Дәл осы уақытта аңыз адамда Паркинсон ауруының белгілері пайда бола бастаған. Бір айдан кейін 40 жасын тойлағалы отырған Касиус кездесуді 10 раундқа ғана созуға келісім берді. 

Сылбыр жұдырықтасқан Мұхаммед үш қазының берген бағасы бойынша (97-94, 99-94, 99-94) жеңіліс тапты. Кейін оның өшін Майк Тайсон бергендей болғаны да рас, чемпиондық титулға таласқан Треворды «темір Майк» ауыр нокаутқа жіберді. Дәл осылай, бір аңызды бір аңыз ауыстырған бокс әлемінің тарихын сүзіп өттік.

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: penza.com, blackathlete.net

А. Құлтай