Instagram желісінде 150 миллион жазылушы жинаған алғашқы адам

Instagram желісінде 150 миллион жазылушы жинаған алғашқы адам
Фото: massaget.kz (коллаж)

Әйгілі футболшы Криштиану Роналду рекорд жасаудан жалықпай-ақ келеді. Жасыл алаңда ғана емес, жалпы өмірде жұрт назарынан тыс қалған емес. Жуырда Instagram әлеуметтік желісінде 150 миллион жазылушы жинаған алғашқы адам атанды.

Қазір танымалдықты бағамдаудың түрлі жолдары бар. Соның бірі - Instagram әлеуметтік желісіндегі тіркелушілер саны. Кімнің ресми парақшасында тіркелушілер саны көп болса, демек танымал жандар қатарында.

Әлеуметтік желідегі тіркелушілер саны арқылы қыруар қаржыға кенеліп, кәсібін дөңгелетіп жатқандар да жетерлік. Бұл кәсіптен әлем таныған тұлғалар да кенде емес. 

Португалия ұлттық құрамасы мен "Ювентус" футбол клубының шабуылшысы өткен жылы әнші Селена Гоместі басып озды. Енді футболшының ресми парақшасына жазылушылар саны 150 миллионнан асты. "Hopper" сервисі ақпараты бойынша Роналдудың желідегі бір жарнамалық жазбасының құны 750 мың АҚШ долларын құрайды.

Роналдудан кейінгі орында - Селена Гомес. Оның парақшасында 144,5 миллион әлеуметтік желі қолданушысы тіркелген.

Футболшылар арасында португалдықтан кейінгі орында - Неймар. Бразилиялық ойыншының ресми парақшасына 108 миллион жазылушы көз тігеді екен. Үздік үштіктегі Мессиде 105 миллион жазылушы бар.

О. Сансызбай