• 516.01
  • 490.7
  • 5.17

Арманды бағалай алмай жүрміз бе?

Арманды бағалай алмай жүрміз бе?
Фото: massaget.kz

Арман деп отырғаным - қазақ армрестлинг мектебін бүкіл әлемге танытқан Шардараның шарболаттай ұлы Арман Қарсыбаев. Арман негізін қалаған "Шардара-Армспорт" мектебі 2001–2022 жылдар аралығында спорттың 8 түрінен 122 әлем чемпионын даярлады! Мұндай көрсеткішті Қазақстанның басқа аймағын айтпағанда, бүкіл әлемнен таппайсыз! Бүкіл әлемге қожайын болғысы келетін Американың өзі де дәл Армандай маманға зәру. Егер Арман Қазақстанда тумай, Еуропаның бір қаласында дүниеге келгенде қазір әлем азаматы атанып отырар еді. Қайтесіз, осындай елміз...

Негізі, елеусіздеу өмір сүріп жатқанына мінезі бұйығылау Арманның өзі де кінәлі. Көп адамдар сияқты көкірегін сабалап шыға келер кезде ол үнсіз қалады. Ұмтылмайды. Беруге бар, алуға жоқ. Кейбіреулер сияқты "менің мынадай еңбегім бар еді ғой" деп даусы жыртылғанша айғайлауға ұялады, ондайды намыс көреді. Ал, қазір ұялмайтындардың заманы екенін түсінбейді.

Сайлау науқаны да өтті. Партиялар "осыны жұрт таниды-ау" дегендерді қатарларына тартып, ел аралады. Араларында кімдер жоқ дейсіз?! Бірін бірі мақтағанда есіңнен тандырады. Тіпті Қазақстанды Еуроодаққа қосамыз деп күмпілдеп жүргендері де аз емес. Сөйлегенде алдынан шығып, арқан керіп тоқтата алмайсың. Сөздері сұлу. Сосын оларды осы үндемейтін Арманмен салыстырамын. Біреуді көкке көтеріп, біреуді жерге тығу үшін салыстырмаймын, тігілген жүлдеге көз сүзіп отырған айтыскер ақын елге көп пайда келтіре ме, жоқ, Арман Қарсыбаев көп пайда келтіре ме екен деп салыстырамын. Немесе қазаққа кеше олай сөйлеп, бүгін былай сөйлеп отырған журналист көп пайда келтіре ме, жоқ, үндемей жүретін Арман Қарсыбаев көп пайда келтіре ме деп ойға батамын. Үндемейтін Арман Қарсыбаевтың нәтижесін жоғарыда бір-ақ сөзбен айттым. Сол бір-ақ сөзбен айтылатын нәтижеге жету үшін ол жылдар бойы күндіз күлмеді, түн ұйықтамады. Ал, мыналар "діңгіл-діңгіл-діңгілбай" деп жүріп-ақ кешегі Өзбекәлі Жәнібековтер шыққан биікке шығып (бәлкім, шыға алмаған), төмен қарай шаптырғысы келеді. Сайлауға ат қосып жатқан партиялар осындай етігін қоңылтаяқ киіп жүргендерді ұмытпайды да, Арман сияқты үндемей жүретін айбозым ұлдарды ұмытып кетеді. Тіпті ондай адамның өмірде бар-жоғын да білмейді.

Арман аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарға үміткер болып тіркелді ме, тіркелмеді ме, одан хабарым жоқ. Тіпті тіркелген күннің өзінде де қолынан іс келетін Армандай ұлдардың орны Мәжілістің төрі болуы керек еді. Сөйлеуден көгеретін ел болса, Қазақстан ендігі бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырар еді ғой.

Осы түрімізбен кете берсек, Қазақстан түбінде сөйлейтіндерге емес, сөйлемейтіндерге зар болып қалады-ау...

"Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газетінің редакциясы"
ЖШС-нің директор-бас редакторы
Абай БАЛАЖАН

О. Сансызбай