Қол күресінен әлемді мойындатқан шардаралықтар
Қол күресі спорты елімізде айрықша дамыған аймақтың бірі – Шардара қаласы. 2001 жылы негізі қаланған «Shardara Arm» спорт кешенінен бүгінге дейін 72 әлем чемпионы, 26 әлем кубогы иегері, 209 Азия чемпионы, 50 Азия кубогы иегері, 359 ҚР чемпионы шыққан. Бұған халықаралық жарыстар мен республикалық турнирлерді қоссаңыз аймақтан шыққан білекті де жүректі қыз-жігіттердің жетістігін айтып жеткізудің өзі артық. Олай болса өңірге ат басын барып, спортшылардың дайындығы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен, армреслинг спортының дамуынан сыр шертетін арнайы репортажымызды ұсынамыз.
Армрестлинг - әділ өтетін жарыс
Кей спорт түрлерімен салыстыра қарағанда қол күресі әділ өтетін жарыстар санатына жатады. Білек пен жүректің, ақыл мен айла, күш-жігер сыналған сәтте мықтының мықтысы, күштінің күштісі ғана жеңіске жетеді. Мұны әлем чемпионы Мағжан Шәмиевті әңгімеге тартқанда анық аңғардық.
Мағжан Шәмиев
Әлем чемпионы
Қол күресі 80-90 пайыз әділ өтеді. Мұнда сәттілік серік болу, жолы болып кету сирек кездеседі. Бағың мен бабың қатар шабуы керек. Кей сәттер болады, күшің жетіп тұрып қолың көтеріліп немесе түсіп кетіп ұтылып қалатын кез. Дайындық барысында осының бәрін пысықтау керек.

Қол күресінде допинг мәселесі қатаң қаралады. Әлем чемпионатында міндетті түрде допинг тексеру болады. 2016-2017 жылдардан бастап Қазақстандағы жарыстарда да тексеріліп келеді. Спортшыларға кей тағамдарды тұтынуда сақ болуды ескертіп отырамыз. Арнайы мобильді қосымшамыз бар. Сол арқылы ауырып қалғанда ішетін дәрімізді де тексеріп отырамыз.
Қол күресі әлемде және елімізде жылдам дамып келеді. Дәл қазіргі таңда еліміздегі барлық өңірде бұл спорт түрімен айналысатындар, арнайы үйірмелер бар. Соның ішінде Тараз, Астана, Өскемен, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Алматы қаласы мен облысында қарқынды дамуда. Барлық өңірден Қазақстан чемпионатына қатысушылар келеді. Соның ішінде Шардара Армрестлинг клубы 2012 жылдан бері жалпы есепте 1-орын иеленіп жүр.

Залда спортшылар екі ауысыммен жаттығады. Біріншісі – таңғы уақытта, екіншісі түс ауа басталады. Тегін жаттығады.
Шардара Армрестлинг клубының құрылғанына 25 жыл толды. Оған дейін бұл өңірде қол күресі спорты дамымаған. Ең алғаш негізін қалаған – Арман Романұлы Қарсыбаев. Өз бетімен дайындалып, жанына спортқа жақын жандарды топтастырып, жарыстарға қатысқан. Қазақстан чемпионы, одан кейін Азия және Әлем чемпионатында жүлдегер атанған.
Шардарада қол күресі дамуының 3 қыры
  • 1
    Шардараның өзінде ішкі жарыстар жиі болады. Оның өзі жас өрендерге күш-жігер сыйлайды әрі дамуына жол ашады.
  • 2
    Жас спортшылар әлем чемпиондары, Азия мен халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген спортшылармен бірге жаттығады. Мұның өзі оларға мотивация сыйлайды. Мысалы, Қыдырғалимен бір залда бірге жаттығу жасау оларды шабыттандырады.
  • 3
    Шардарада қол күресіне қатысушылар көп. Демек бәсеке де жоғары деген сөз. Бәсеке бар жерде өсу, ілгерілеу болады. Спарринг қарсыластары да осал болмайды.
Күш пе, айла-тәсіл ме?
  • Мағжан Шәмиев
    Әлем чемпионы
    Күш те, айла-тәсіл де қатар болу керек. Кейде тактикасы мықты спортшы қара күш иесіне түсіп қалғанда, оның ойлағаны жүзеге аспауы мүмкін.

    Қол күресі жылдан-жылға қанат жайып, жылдам дамуда. Қазір бір-ақ тәсілмен қарсыласты жеңе алмайсың, қиын. Бізге әмбебап болу керек. Дайындалып жүрген 4 тәсіліміз бар. Байқасаңыздар, қазір әлем чемпионы атанып жүргендердің барлығы дерлік осы 4 тәсілді еркін меңгергендер.
Қол күресіне баланы неше жастан бастап беруге болады?
  • Меруерт Анарбекқызы
    әлем чемпионы, жаттықтырушы
    Қыздардың қол күресіне 13-14 жаста келгені жақсы. Буыны қатып, жетілген кезде қатысқаны абзал. Кейде 1-ші, 2-ші сыныптың оқушыларын алып келеді. Оларға ерте. Қыздарда жарыс 42 килодан басталады.

    2018 жылдан бері қыздарды жаттықтырып келемін. Әлем чемпионы атанған шәкіртім бар. Қазақстан чемпионы атанғандар да бар. Нанымды осы саладан тауып жүрмін.
  • Мағжан Шәмиев
    әлем чемпионы
    Бұл спорт түріне 7 жастан бастап, 70-гі қариялар да қатысып жүр. Жетістікке жетемін деген баланы 7-8 жастан бастап берсе болады.

    Бізде тәртіп басты орында. Б. Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін ұстанамыз. Залға кіргеннен бастап қатысушылар ағайлардың айтқанын орындайды, жаттығуларын жасайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге жастарды баулимыз. «Тәртіпсіз келген білім адамзаттың хас жауы» деп әл-Фараби атамыз бекер айтпаған.

Арманның арманы
Шардарада армрестлингтің негізін қалаған – Арман Романұлы Қарсыбаев. Бүгінде өңірдегі спорттың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Шардаралықтар осы спорт түрінен әлемді мойындатып-ақ жүр. Ал Арманның арманы таусылған ба? Тағы да осы өңірдің шәкірттері биік белестерді бағындырса дейді.
Арман Қарсыбаев
Қазір ерлер және әйелдер боксынан Азия чемпиондары, ауыр атлетикадан ҚР чемпиондары шығып жатыр. Менің басты арманым – Шардараның топырағынан Олимпиада чемпионын шығару. Одан кейін спортқа жақындамаймын деген уәдем бар. Шыққанша, араласқаным араласқан. Бар көмегімді аямаймын.

Армрестлинг – менің өмірім. Бар уақытымды арнадым. Басқа спорт түрлеріне де әрекет жасап жатырмыз.
Арман Романұлы Қарсыбаев Шардарада қол күресі және өзге де спорт түрлерінің дамуы үшін арнайы спорт кешені, жаттығу залдары мен алаңқайларын салдырған. Бұл жас кезімдегі бір арманым еді дейді.

- Құдай маған бақ берсе, осы жерден ірі жаттығу залдарын салып беремін деп армандаушы едім. Себебі біздің кезде жаттығатын құрал-саймандар, жайлы жағдай болған жоқ. Қорадағы шойын батареяларды көтеріп, қолымыздан келгенше ауыл балаларымен бірге дайындалдық, - дейді.

Бүгінде бұл заттары Шардара армрестлинг клубының музейіне қойылған.

– Шардарада қол күресінен бәсекелестік жоғары. Осында чемпион болсаң, онда 80 пайыз әлем чемпионы атанып тұр деп айта аламын. Мынадай жағдай болған, әлем чемпионы атанып келген спортшы Шардарадағы жарыста үштікке кірмей қалған.

Арман Қарсыбаев және қол күресі жаттықтырушылары
– Жарыстарға Шардарадан бір өзім баратынмын. Алғашқы әлем чемпионатына ақшам болмай бара алмай қалдым. Оңтүстік Африкаға барарда ағайын-туыс жинап берді. Ол кезде ұтылып қайттым. Жарыс алдында жаттығуға емес, қаржы табуға көп уақытым кететін. Қазір жастарға жағдай жасалған. Кейінгі әлем чемпионатына Шардарадан 65 бала барды. Олардың Еуропаға алып барып келу оңай шаруа емес. Мемлекет тарапынан және өзім де демеп ірі жарыстардан қалдырмаймыз. Шымкенттің өзінде Шардарадан балаларға пәтер жалдап, жаттығу залын дайындап қойғанбыз. Оқуға барғанда сонда жаттығады, - дейді Арман Қарсыбаев

  • Меруерт Айдарбекқызы
    әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері
    Қазір қол күресіне қатысатын қыздар көп. Арасында Азия, әлем чемпиондары бар. Біздің кезімізде «темір көтереді, ауыр жаттығулар жасайды, босану қиын болады» деп ойлайтын. Бүгінде басқаша. Көп ата-аналар қыздары қатысамын десе рұқсатын береді. Өзім де 2-3 баланың анасымын.

    Қол күресімен қыздардың айналысуына еш кедергі жоқ. Мұнда ұрып-соғу атымен жоқ. Ауыр жаттығулар да жасалмайды. Көбіне сол қолға арналған жаттығулар мен айла-тәсілдер үйретіледі. Қазіргі таңда Шардара армрестлинг клубында 30-дан астам қыз жаттығады
Қол күресінен 11 жастан бері айналысып келемін. Әлем чемпионатына алғаш рет 2017 жылы бардым. Жасөспірімдер арасында чемпион атандым. 2018 жылы Түркияда, одан кейінгі әлем чемпионаттарында (2019,2021) топ жардым.

Жаттығулар оңай емес. Қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек, - дейді әлем чемпионы Ердәулет Сарыбай.


  • Мағжан Шәмиев
    Әлем чемпионы
    Қол күресі Олимпиада ойындарына еніп қалатын болса, Қазақстаннан кемі 4-5 алтын иегері шығар еді.
  • Арман Қарсыбаев
    Шардарада қол күресі негізін қалаушы
    Қол күресінен Ресей, Грузия, Түркия, Украина, Франция, АҚШ, Канада, Иран мен Үндістан елдері мықты. Оның ішінде ресейліктер басты бәсекелесіміз саналады. 2021 жылғы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бұл ұлттық құрамамыз үшін зор жетістік болды.
  • Ердәулет Сарыбай
    Әлем чемпионы
    Қол күресі аса қауіпті спорт түрі емес. Бастысы – денені қыздырып, бұлшықеттерді ширатып барып жаттығуға немесе жарысқа қатысу керек. Егер бұл ережелер орындалмаса, онда денсаулыққа қауіп төнеді. Қол сынып, сіңір созылуы мүмкін. Бұл қол күресі ғана емес, барлық спорт түріне тән дүние. Салмақ қуғаннан да сақ болу керек.
Қыдырғали 37 кәрісті қалай жеңді?
Залда жастар үлгі тұтатын спортшылардың бірі – Қыдырғали Оңғарбаев. Оның жетістігі мен залда бірге жаттығу жас өрендер үшін зор мотивация. Ал оның 37 кәрісті қатар жеңгені біраз уақыт бұрын әлеуметтік желі мен отандық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған еді.
  • Қазір жарысқа қатысып жүрген шәкірттерімнен Қыдырғали ғана қалды. Өзгелер жаттықтырушылық қызмет атқарып, армрестлингтің дамуына үлкен үлес қосуда.

    Бұл жарыс Сеулде болды. Онда өзім де болдым. Оңтүстік Корея қол күресінен аса мықты құрама емес, ортаңқол команда. Қыдырғали олардан бір бас жоғары, оны оп-оңай дәлелдеді. Ресейге барса, олай жасай алмауы мүмкін.
    Арман Қарсыбаев
    Шардарада қол күресі негізін қалаушы
  • Сеулдегі жарыста біз өте жақсы өнер көрсеттік. Олардың жарыс соңынан чемпионмен бәрі күресіп шығатын дәстүрі бар екен. Біздің арамыздан Қыдырғали шықты. Қазақтың намысты ұлы мықтылығын мойындатты.

    Білуімше, сол видеоны кәрістердің өздері жасап интернетке жүктеген. Бұл да біздің мерейімізді, біздің спорттың мықтылығын бір көрсетті деп айта аламын.
    Мағжан Шәмиев
    әлем чемпионы
Жарыстар телеарналардан көрсетілсе...
Спортты насихаттауда БАҚ-тың әсері зор. Әсіресе өзіміздің QazSport арнасынан қол күресі ара-тұра көрсетіліп тұрса дейсің. 2013 жылы Әлем кубогына қатысқанымда көрсеткен. Халық қызығып көрген. Алда тағы ірі жарыстарды көрсек дейміз.

Қол күресіне қызығатын, күтетін аудитория бар. Осы аудитория ішінде жоғары деңгейде насихатталып жатыр. Әлеуметтік желілерде видеолары жылдам тарайды. Әсіресе кей жарыстардағы өнерімізді YouTube желісінен миллиондаған адам тамашалаған.
Шардарада қол күресімен қатар найза, ядро лақтыру, гір тасы, грепплинг спорты түрлері де дамуда. Оған қоса олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше ден қойылған.

Өңірден шыққан спортшылар ел абыройын асқақтата берсін деп тілеп қайттық.

P.S Біз мақаланы дайындау кезінде Қыдырғали Оңғарбай мен Ердәулет Сарыбай Түркиядағы ірі халықаралық турнирде топ жарып үлгерді. Қыдырғали әлемнің 26 дүркін чемпионы, армрестлинг аңызына айналған Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңді. Кейіннен қос спортшыға екі бөлмелі үй тарту етілгенін есітіп, шын қуандық!