Алматыда спорт суреттерінің көрмесі өтіп жатыр

Алматыда спорт суреттерінің көрмесі өтіп жатыр

Алматыда Қазақстан фотожурналистикасының тарихында алғаш рет спорт тақырыбына арналған көрме өтіп жатыр. Көпшілік назарына жас болса да, танылып үлгерген суретші Никита Басовтың туындылары ұсынылды. 

Халықаралық спорттық жарыстардағы жеңімпаздардың бақытты сәттері, жеңісті қолдан бергендердің өкініші, жанкүйерлердің қоржынымызды медальдармен толықтырған спортшыларымыз үшін қуанған сәті бейнеленген ерекше суреттер көрмеге қойылған. Онда Ванкувер, Лондон қалаларында өткен Олимпиадалар, Азия ойындары, Қазақстанның футбол құрама командасының матчтары, теннистік турнирлер бейнеленген. Суретшінің 7 жылда түсірген 500-ден астам суреттің 140-ы іріктеліп, көрмеге қойылған. "Шараның басты мақсаты – көрмеге келушілердің қуанышты сәттегі көңіл-күйді сезінуіне мүмкіндік жасап, жеңісті күндерді тағы бір мәрте еске алу", - дейді автор. 

Кейбіреулер үшін ең үлкен өнер туындысы - кино. Ал мен үшін спорт әлеміндегі жетістіктерді бейнелеудің орны ерекше. Менің бар ғұмырым спортпен байланысты. Өз өнерім арқылы спортты насихаттауға тырысамын, - дейді фототілші Никита Басов.

Суретшінің отандық толағайлар арасында сүйікті спортшылары да бар екен. Солардың бірі - Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова. Ольганың отбасылық альбомы Никита Басовтың жарыстарда түсірген суреттерінен тұрады. Ол спортшының үздіксіз еңбектенуінің нәтижесін көрсетеді. 

Никита өте жақсы адам. Жарысқа шығар алдындағы қобалжып тұрған сәттерде саған күш беріп, шабыттандырады. Бөтен ортада тілеулес таныс адамыңды көргенде, шынында да өз күшіңе деген сенім пайда болады екен, - дейді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова. 

Алматының орталық көрме залындағы вернисажды қала тұрғындары осы аптаның аяғына дейін тамашалай алады. Никита Басов төл туындыларын Еуропа елдеріне алып шығуды жоспарлауда. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: altaynews.kz

Ю. НИКУЛЛИН