Биатлоннан әлем чемпионы болған белоруссиялық қазақ қызымен сұхбат

Биатлоннан әлем чемпионы болған белоруссиялық қазақ қызымен сұхбат

Ақпан айының соңында биатлоннан Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында чемпион атанғандардың арасында қазақ қызы Динара Әлімбекова да бар, – деп жазады Baq.kz.

Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында жарыс қожайындары бас жүлде еншіледі. Бұл біріншілікте Беларуссияның намысын қорғаған Динара Әлімбекова, Анна Сола, Дарья Блашко болатын. Басты бәсекелестері Ресей қыздарын қапы қалдырған Динара бастаған команданың өнеріне жұртшылықты таң қалдырды.

Тіпті, биатлоннан Беларуссия құрамасының бас бапкері Андриан Цибульский болашағынан үміт күтетін спортшылардың қатарында Толкач, Юркевич, Нестерчик және Динара Әлімбекованы атаған. Сол елдің БАҚ-тары Динараны «екінші Домрачева» деп жазғанын да көрдік.

Ендеше беларусь әріптесіміздің осы қандасымызбен болған сұхбатын назарларыңызға ықшамдап аударып, ұсынып отырмыз.

– Мен өте жылдам жүгіремін. Ол жағынан аса қиналмаймын. Басты проблема – нысана көздеу. Винтовакамен атқан кезде өте көп қателік жіберемін, –дейді биатлоншы қыз.

– Динара, сіздің есіміңіз және тегіңіз біздің беларусьтарға мүлдем ұқсамайды. Кімсіз?

– Дұрыс айтасыз. Мен 1996 жылы Қазақстанда дүниеге келгенмін. Дәлірек айтқанда, Қарағанды облысының Абай қаласында. Әкем – қазақ, анам – орыс. Мен үш жасқа толғанда, ата-анам жұмыс бабы бойынша Беларуссияға көшіп келіпті. Осы жақта інім Женя дүниеге келді.

– Отбасыңызда спортшылар бар ма?

– Біздің отбасыда ешқандай кәсіби деңгейдегі спортшы болған емес. Тек атам ғана саламатты өмір салтын ұстанып, қыста қармен жуынатын.

– Биатлонға кім алып келді?

– Мектептегі денешынықтыру сабағынан берген Геннадий Тимофеевич Таевский деген ұстазым. Ол маған шаңғы тебуге кеңес берген болатын. Ол кезде қолыма винтовка ұстаған жоқпын.

– Спорттық карьераңыз қалай басталды?

– Бәрі Чаусы қаласындағы балалар және жасөспірімдер мектебінен басталды. Мен ол кезде 11 жаста едім. Алғаш рет шаңғыға балалар бапкері Мария Ивановна Шипикова үйретті. Басында өте қиын болды. Сол кезде спорттан бөлек өнер мектебінде бимен айналысып, фортепиано ойнап жүрген болатынмын. Екеуін қатар алып жүру оңайға соқпады. Маған өнерге қарағанда, спорт ұнайтын. Анам жаттығуға жібермеген кездері, тіпті, жылап та алатынмын. Спорт пен өнердің біреуін таңдау керек болды. Мен біржола спортқа ден қоятын болып шештім. Бір жылдан кейін спорт мектебіне қабылдандым. Андрей Иванов деген бапкердің тобында жаттықтым. Көп ұзамай алғашқы жарыстар басталды. Ең бірінші Ресей жерінде өнер көрсеттім.

Дегенмен әлі күнге ноталарды ұмыта қойған жоқпын. Алғашында спорттық жарыстарға барып жүргенде, емтихан тапсыру үшін нотасы бар кітапты өзімен қоса алып жүретінмін.

– Дарья Домрачева Няганьда жүргенде ұл балалардан да озып кетеді екен. Сіз Чаусыда сондай сайысқа түсіп көрдіңіз бе?

– Ұлдармен бірге жаттыққаным болмаса, жарысып көрген емеспін. Қасымда бірге дайындалған ер балалардың барлығы республикалық жарыстың бірнеше дүркін чемпиондары. Сондықтан оларды озуға шама қайда? Есімде қалғаны Саша Марченконың шаңғы тебуіне қызығатынмын. Өйткені оның техникасы қатты ұнайтын еді.

– Қазіргі кезде өзге елдің азаматтығын алатын спортшылар өте көп. Сізге басқа елдерден ұсыныс түскен жоқ па? Мысалы, Қазақстаннан?

– Ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Мен өзге елдің намысын қорғау туралы ойлап көрмеппім. Беларусьте барлық жағдай жасалған. Бұл жерде менің отбасым, достарым, өзім оқитын университет бар.

– Биатлоннан басқа неге қызығасыз?

– Басты хоббиім сноуборд және коньки тебу. Бұл спорт түрлерімен кәсіби түрде айналыспасам да, керемет адреналин аламын.

сурет: rus.azattyq.org

Е. Қайрахан