- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Уақыт - өмірді...
Уақыт - өмірді жасайтын материал
Сүлеймен патшаның сақинасының сыртында "Бәрі өткінші", – деген сөз бар екен. Қиналғанда, қайғы басқанда соны көріп өзін-өзі жұбатады екен. Бір күні жазуды оқып, жұбанудың орнына ызасы келіп, сақинасын алып, лақтырып жібергенде, сақинаның ішкі жағында тағы бір жазу барын байқайды. Сақинаны алып, оқып қараса: "Бұл да өтеді", – деген сөз екен. Ащы мысқылмен Сүлеймен патша сақинаны қайта киіпті және бұдан былай қолынан тастамаған екен деседі.
Назарларыңызға Мырзагелді Кемелдің "Абзалдық әліппесінен" уақытқа қатысты тәмсілдерді ұсынамыз.
• Жаңа күнге жеңетініңе сенімді күреске, жаңа өмірге кіргендей жарқын көңілмен кір. "Ағарып атқан әрбір таң қиындықтан шығу жолын көрсетеді",- депті Омар Хайям.
• Дұрыс пайдалана білгендерге өмір қысқа емес. Дұрыс пайдалана білмегендерге уақыт жетпей қалған сияқты болады. Тығырыққа тірелдім деп түңілгендер - өзіне берілген уақытты өздері қысқартып жүргендер. Өмірден өш алғысы келгендер өзіне өзі қол жұмсайды, өзіне өзі наразы адамдар өмірден өш алғысы келгендей етіп жұмыс істейді.
• Адамзат тарихындағы ең алғашқы философиялық трактаттардың бірі - египет папирусына жазылған "Өмірден түңілген адамның өзінің рухымен әңгімесі" деп аталатын шығарма. Бұнда адам өзінің рухымен сөйлесіп, оған: бұл өмір нашар, сондықтан мен өзіме-өзім қол жұмсап, тезірек жоғарғы өмірмен қауышсам,- дейді. Оған рухы: төменде қалай болса, жоғарыда да солай,- деп жауап қатады. Демек, жоғарғы жақта жақсы болуы үшін, төменгі жақ дамыған болуы керек. Жоғарыда, аспанда, ең төменнен өсіп жетілмеген ештеңе жоқ.
• Бұл өте ерте заманғы ақыл. Оның белгілі болғанына үш мыңдай жыл болды. Бүгін бұл әңгімені еске түсіру арқылы біз әрқашан өзіміздің даму мүмкіндігімізден асып түсуге ұмтылған асығыстығымыздың негізсіздігін еске түсіруіміз керек.
Бір күнің өткеніне өкінетін жағдайға жеткенде ғана өмірдің қадірін сезіне бастадым де. Жетістік деген үлгеру деген сөз.
• "Өмір ойын сияқты, біреу күресу үшін келеді, біреу саудаласу үшін, ал ең бақыттылары қарап тұру үшін",- депті Пифагор.
• Бізде уақытты босқа өлтіру деген қылмыс бар, ол қылмыстың ең көп тараған түрі.
• "Уақыт - өмірді жасайтын материал. Ол шіркін ақсүйектікті мойындамайды. Ханға да, қараға да берілетін мерзім - тәулігіне 24 сағат. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан ақшамен тең, кісінің кісілігі уақытты сезінуден басталады",- депті бизнесті насихаттаушы англиялық Кэссон.
• Замана - соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе оған желкен бол. Желкен болу, ұдайы желдің өтінде тұру - айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды.
• Өмір сүру тақтайдай тегіс жолдың басынан соңына шығу емес, оның бұрылыс-бұлталаңы, өткел бермес асулары, қиын қыстау кезеңдері өміріңнің қуанышты сәттерімен араласып, сапырылысын жататын нәрсе.
• Адамның тууы мен өлуін ең қысқа сөзбен бейнеле десе, мен айтар едім: сүт, сия, қан. Сүт - келу, яғни, тумақ; сия - білу, тану, яғни, өмір сүрмек; қан - біту, яғни, өлмек. Немесе, таңның атуы, күні бойғы өмір, күннің батуы.
• Барлық жаман нәрселерді екі түрлі жолмен емдеуге болады: біріншісі - уақыт, екіншісі - үндемеу. Өткенге қарап басыңды и, ертеңге қарап білегіңді сыбан,- деген.
• Өмір мейрам емес, сондықтан өмірде ылғи көңілді бола беру мүмкін емес. Біз таңданумен, үміттенумен, сүюмен өмір сүреміз. Өмір заңы - алда атқаратын іс көп, көретін қызық көп.
• Өмір сұрқай дейміз біз. Өмірді сұрқай ететін өзіміз. "Өткеніңнен қызулы от алуың да, өртеніп біткен күл алуың да мүмкін",- деген Жорес.
• Уақыт өтіп бара жатыр дейміз біз. Талмудта: "Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, уақыт тоқтап тұр, біз өтіп бара жатырмыз",- дейді. Нақ осы ойды Лев Толстой былай айтыпты: "Дүниеде жүрмін деп ойлама, дүниеден өтіп барамын деп ойла".
• Өзіне өзі жаны ашымайтын адамға көмектесудің пайдасы жоқ. "Сатылап көтерілгісі келмейтін адамды онымен сүйретіп шығара алмайсың",- деген Эндрю Карнеги. Саған баспалдақ ұсынса, онымен көтеріп шығармады деме. Баспалдақпен көтерілуге жүрегі дауаламайтындардың одан түсуі тіпті де қиын болады.
• Айнаға өкпелеме. Ұрпағың - айнадағы өзің. Ұрпағыңа бүгін еккеніңді бірнеше жылдардан кейін аласың: мінез, тағдыр, келешек.
• Балаларыңа жәрдем бере тұрып, оларды өздеріне өздері жәрдем беруін талап ет, әйтпесе оларда кедергіні бұзу қабілеті табандылық, мінезділік болмай қалады. Байқайсың ба, құс балапандарына аузымен тамақ береді, бірақ өз бетімен ұшуды үйрету үшін көтеріп ұшып, биікке шыққанда тастап жібереді.
• Өмірде жеңіс пен жеңіліс кезек келеді. Жеңсең, әрине, жақсы. Жеңген жақтың жарасы тезірек жазылады.
• Александр Македонский мен Диоген екеуі Аристотельдің шәкірттері болған. Македонский жеңімпаз патша болды, Диоген тәркі дүние болып, бөшкені баспана етті. Кезекті жорыққа аттанып бара жатқанда Македонский Диогеннің бөшкесінің жанына тоқтап, "не тілегің бар айт, орындап кетейін",- депті. "Күннің көзін қалқаламай былай тұршы",- депті Диоген. "Егер мен Александр болмасам, Диоген болар едім",- деген екен сонда Македонский серіктестеріне. Даңқтың, атақтың, жаулап алған жерді сақтап қалудың міндеті мен жауапкершілік салмағы патшаның өзіне оңай соқпайтынын осыдан білуге болады. Жеңістің бақытымен бірге соры да бар.
• Өмір бақи біз екі қатерлі күштің қарамағында боламыз: біреуі өлім, екіншісі - адамдардың пікірі.
• Сені ешкім іздемей қоятын жағдайдан сақтан. Үйіңде телефоның мен есігіңнің шылдыры естілмей, сағаттың шылдыры ғана естілсе, сол жаман.
• Жасың ұлғайған сайын айналайын деген сөзді көп айт, сонда сүйкімді боласың. Бірақ "айналайының" шын болсын, шын болмаса бәрібір сезіп қояды, алдай саламын деп ойлама. Қартая білу де өнер. Қазына боп қартаю бар, қазымыр боп қартаю бар.
• Өзіңнің қажетті екеніңді сезін, бірақ қажетті екенмін деп өзің ғана ойлап жүрме. Тіптен қажетсіз адамдар болмайды, белгіленген мерзімге дейін ғана қажетті адамдар болады.
• Бұлақтың суын ішіп болып жөніне кетіп бара жатқандарды көріп ойладым: адамды да осылай пайдаланып болып, жөнімізге кетіп жатады екенбіз-ау деп.
• Бенджамин Франклин күнделікті ұсақ тіршіліктің мынадай 13 принципін ұстанады екен: ұстамдылық, үндеместік, тәртіп, тәуекел, қабілеттілік, ашықтық, әділдік, тиімділік, шаманы білу, таза тәбеттілік, тыныштық, ниет тазалығы, қарапайымдылық.
• "Өз ойларыңды қанатым деп есепте, тілегіңді ұрпағым де",- дейді қытай нақылы.
Т. Раушанұлы