Массагет энциклопедиясы. Пифагор

Массагет энциклопедиясы. Пифагор
Фото: www.hermatica.com

Ол өмірді Олимпиада ойындарымен салыстырған. Біреулер жарысқа жеңу үшін, ал екіншілері саудамен айналысу үшін қатысады. Қалғандары  жарысты тамашалау үшін ғана келеді. Ол өзін көрермендер қатарына жатқыза отырып, «Саналы тіршілік иелері үш категорияға бөлінеді: адамдар, құдайлар және Пифагор сынды ғалымдар» деген.

Пифагордың шәкірттері оны Аполлон құдайының баласы деп санаған. Ал біз оның ауқатты финикиялық саудагер Мнесархтың ұлы болғанын білеміз. Пифагор бар ғұмырын ілім іздеуге бағыштаған. Өмірінің алғашқы жылдарында Лесбос аралы мен Милетте көне грек ғалымы Фалес пен оның шәкірті Анаксимандрдан тәлім алады. Кейіннен білімін жетілдіру үшін Мысыр өркениетіне барып, 22 жылға қазіргі Александрия қаласында қалып қояды.

Сосын Мысырды жаулаған парсыларға тұтқынға түсіп, тағы 12 жыл ғұмырын көне Бабыл (Вавилон) өркениетінің ғылымын (магия, мистика, астрология, медицина, арифметика) оқумен өткізеді. Тұтқындағы ғалымға көзі түскен парсы патшасы Дарий I Пифагорды тұтқыннан босатады. Азат болғаннан кейін еліне оралуды ниет еткен Пифагордың жасы 70 келіп қалған болатын. Ол өз мектебін ашу үшін Италияның Кратон қаласын таңдайды. Пифагор шәкірттеріне өмір бойы жинаған білімінің синтезін беруге тырысады. Көне Рим жәдігерлеріндегі тарихи жазбалар ғалым өмірден озған соң, Кратонның 2 мың азаматы Пифагор орденін құрғанын дәлелдейді.

Пифагор рухтың тазалығын дәріптеді. Жаман ойдан, қалыпты болып кеткен өтіріктен арылуға үндеді. Ол өлім жазасына да қарсы болған. Сонымен қатар, аңшылардан алыс жүріп, аспаздың етті тамағын тұтынбаған, яғни вегетариан болған. Өзінің аксуматиктеріне (шәкірттеріне) де осы таңдаудың дұрыс екенін дәйектеуге тырысқан. Ал ауқатты қала тұрғындарына рухты тазарту үшін ғылым, музыка, гимнастика және медицинамен айналысуға кеңес береді. Одан бөлек, Пифагор халықты математиктердің билегенін жөн көрді. Себебі олар санның құдіретін таниды және есепке шорқақ болмайды, деп білді.

Жасөспірімдер Пифагор шәкірті атану үшін кем дегенде бес жыл үнсіз оның дәрістерін тыңдауы тиіс болған. Оларға сұрақ қою мүмкіндігі де берілмеген. Пифагорлықтар «Бүкіл ғалам сандық негізден тұрады» деп білген. Әрбір затқа немесе жағдайға белгілі бір сан немесе геометриялық пішін тура келетініне сенген. Мысалы, адам тәні – 210, от – 11, ауа – 13 және су – 9 санымен белгіленген. Пифагор – барлық геометриялық пішіндер ішінен шарды көп зерттеп, Жердің шар тәрізді екенін алғаш айтқан ғалым. Оның бұл гипотезасы 15 ғасыр өтіп (Джордано Бруно тезисі) расталады.

Пифагор мектебінен белгілі саясаткерлер, астрономдар, тарихшылар мен математиктер шыққан. Аңыздар желісі грек ғалымын көтермелеп суреттейді. Айта кетсек, Пифагор жер сілкінісінің орын алуын алдын ала айта алған. Сонымен қатар, эпидемиялық ауруларды емдеп, құйындарды тоқтата алған-мыс. Ал шәкірттері негізін қалаған орденнің мүшелері ашқан барлық ғылыми жаңалықтар Пифагордың атына жазылатын болған.

Бүгінде әрбір мектеп оқушысы «Тікбұрышты үшбұрыштың гипотенузасының ауданы оның катеттері аудандарының қосындысына тең» деген теореманы Пифагор авторлығына тиесілі екенін жақсы біледі. Дегенмен, Қытай тарихының тағылымы бұл теореманың Пифагорға дейін Қытай мен Үндістан аумағындағы көне өркениетте қолданылғанын дәлелдейді. Ал геометриялық теореманы Пифагор зерттегені туралы ешбір нақты дерек болмаса да, шәкірттерінің арқасында ғалымның атымен танылып кеткен.

Самостық Пифагордың «Өзіңді ұлы деп атаудан бұрын Күннен түскен көлеңкеңе назар сал» деген сөзі оның ұлылығын танытады. Бүгінгі ұрпаққа белгілі математиктің ешбір жазбасы жетіп келмеген. Қазіргі ғалымдар Пифагор туралы мәліметті оның шәкірттері жазған трактаттардан алады. 

Ж. Өрісбай