- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Біз қаншалықты кедейміз?...
Біз қаншалықты кедейміз?
Бірде бір бай адам ел араламақ болыпты. Қасына баласын ертіп алыпты. Кішкене баласына кедей-жарлылардың қалай өмір сүретінін көрсеткісі келген екен. Бірнеше күн алыс ауылдағы қыстауға барып тұрыпты. Ондағы кедей отбасы бұларды құшақ жая қарсы алып, барымен базар болған көрінеді.
Үйге оралған соң әкесі баласынан сұрайды: «Біздің саяхатымыз саған ұнады ма?» деп. «Ұнады, әке», — депті баласы. «Адамдардың қаншалықты кедей болатынын көрдің бе?» депті әкесі. «Әлбетте, әке!» деп жауап қатады баласы. «Неше күн көргендеріңнен не байқадың, көкейге не түйдің?» деп әкесі тықақтап қоймайды.
Сонда баласы былай депті: «Менің байқағаным көп, біздің бір итіміз бар, олардың төрт иті бар екен. Біздің бақта кішігірім хауызымыз бар, олардың ұшы-қиыры жоқ асау өзені бар. Біздің бау-бақшада шетелдік шамшырақтар жанады, олардың түнгі аспанында мыңдаған жұлдыз самаладай самсап тұр. Біздің ауладан көшеге дейін жол төселген, ал олардың есік алдынан көкжиекке сіңіп кететін кең дала созылып жатыр. Біздің аз ғана жеріміз бар. Оны қоршап тастаймыз. Ал олардың ұлан-байтақ алқаптары бар. Көз ұшында мұнартады. Біз азық-түлікті сатып алып ішеміз. Олар өздері өсіреді. Біздің үйдің айналасы тас қоршау. Олардың айналасы дос-жарандар».
Баланың әкесі ләм-мим дей алмай, сұлқ тұрып қалыпты. Сонда баласы қарап тұрмай тағы да былай деген екен: «Мен біздің қаншалықты кедей екенімізді анық түсіндім».
Адам баласы көбіне қолда бардың қадіріне жетпей, өзінде жоққа құмартады. Бір адам үшін арзан көрінген дүние, өзгелер үшін бағалы сый. Бәрі де қай қиырдан қарап, қандай көзқараспен бағалауыңызға байланысты. Кейде баланың сөзі өмірде шын мәнінде не маңызды екеніне көзімізді аша түсетіндей...
Ж. Жұмағұлов