Абай мақал-мәтел туралы

Абай мақал-мәтел туралы
Фото: kk.wikipedia.org, kloppex.ru

Данышпан Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзі – әр қазақтың бойтұмары іспетті. Соңынан өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы бабамыз өзінің бесінші және алтыншы қара сөздерінде қазақтың кей мақал-мәтелін сынаған, олардың тереңіне үңіліп, мән-мағынасын ашып көрсеткен. 

Бесінші сөз

Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» – деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың, әуелі: - «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал - адамның бауыр еті», «Малдының беті - жарық, малсыздың беті - шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым - береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз - құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма? 

Алтыншы сөз

Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың - пысық, ішің - нас,
Артын ойлап ұялмас, -

болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық. 

Р. Роза