Абай қара сөздерінің аудионұсқасы шықты

Абай қара сөздерінің аудионұсқасы шықты

Қазақстанда Абай Құнанбаев «Қара сөздерінің» орыс тіліндегі аудио нұсқасы шықты. 45 қара сөзді еліміздің танымал актерлері оқыған.

Аудиокітаптан бөлек, "ABAI 45" жобасы 45 қара сөзді аудио нұсқа түрінде тыңдау үшін қолданылатын мобильдік тегін қызметті де ұсынды. Ал бұдан басқа, 11 қаңтардан бастап www.abai45.kz доменімен ашылған арнайы портал іске қосылмақ.

Жоба қатысушылары арасында Әсел Сағатова, Санжар Мәдиев, Әнуар Нұрпейісов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Асылхан Төлепов, Нұртас Адамбаев және тағы басқа актерлер бар. Оқылым Қуат Шілдебаевтың авторлық композициясымен сүйемелденген.

«ЛУЧ» шығармашылық бірлестігі - жобаның негізгі авторлары. Тағы бір айта кететін жәйт, кітаптың ешқандай да қаржылық салымсыз немесе демеушінің көмегінсіз жасалды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жоба мақсаты қаржы табу емес, қазақ әдебиетінің негізін қалаған тұлғаның шығармашылығын жастар ортасында кең насихаттап, еліміздің әдеби мұрасын байыту болып саналады.

Жобаның таныстырылымы 11 қаңтарда сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында өтпек.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: bookcity.kz

А. Құлтай