Ерінбегеннің еңбегі жанар

Майлықожа Сұлтанқожаұлы 1835 жылы Шымкент облысы, Сарыағаш ауданында туған. Әкесі Сұлтанқожадан он төрт жасында жетім қалып, Майлықожа жоқшылық, мұқтаждықты көп көреді. Бірақ талапты жас өлең өнерін ерте машық ете бастайды. Ол шығыс әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болғандықтан, өз өлеңдерінің өрісін кеңейтуге, оларға жаңа өрнек, бояу беруге тырысқан. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға тәлім-тәрбиеге, тағылымға толы бір топ қанатты сөзін ұсынып отырмыз. 

1. Сабыр – ақылдың серігі.

2. Бақ пенен дәулет  тең келсе, адамның толар кемелі.

3. Жақсының жолы – жарық күн.

4. Өңкей жақсы қосылса – бітіреді кеңесті,
Өңкей жаман қосылса – шығарады еңесті,
Мәмілемен іс бітер – бас қосып қалса көп есті.

5. Жұрттың ісі дегенде жақсы қалмас тартынып.

6. Бағың барда, жігіттер, – тоқталып, сірә, іркілме.
Жұрт қарасын қызығып, “бәрекелді” деп шіркінге.

7. Орынсыз жерде күлу – ақылсыздықтың белгісі.

8. Көпті көрген ер жігіт – көсем болар төселіп.

9. Әлемге толса көкірек – ашылар көзі сананың.

10. Елге келген жұмысқа жақсы жүрер қайысып, жаман жүрер майысып.

11. Ерінбегеннің еңбегі жанар.

12. Дәулет те біреуден көшіп, біреуге қона береді.

13. Тіл – өткір найза.

14. Басында батпан міні көп – кісі айыбын тергеген,
Дәлулет бітсе жаманға – сәлем берер жеңменен.
Ақын – елдің тұлпары кетпейтін басы кермеден.

15. Аңдысқан мына дүниеде – біреуге–біреу табашы.

16. Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ – бармақтай-ақ қарасы,
Оқтан жылдам ажал жоқ - тырнақтай–ақ жарасы.

17. Атыңа батса алтын ер – атып ұр да, отқа жақ.

18. Бақ қонады ұл таңдап,
Қонақ қонар үй таңдап.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтыңдап.

19. Алғаның жаман жолықса:
Үйіңнің іші шаң болар,
Ісінің бәрі қам болар.
Сол әлімен тұрмайды –
Киім таңдап паң болар.
Әңгіме, жанжал қоздырар,
Өзгеден өзін оздырар,
Жиынға киер жібекті –
Тезек теріп тоздырар.
“Қай жеріңнен тойдым?” – деп,
“Не көрсетіп қойдың?” – деп
Тағы өзіңді жазғырар.

20. Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын, тар қылады заманын; жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын, ұшқыр қылар шабанын.