Жақсылық үшін айтылған өтірік

Аты әлемге мәшһүр бір командир істі болған қылмыскерлерді жеке-жеке тергеп, жандарын көздеріне көрсетеді. Ішіндегі жазасы ауыр бір қылмыскерді өлім жазасына кеседі. Бұл шешімге налыған қылмыскер кетіп бара жатып, командирді жеті атасынан тартып балағаттайды.

Командир қылмыскердің басқа ұлт өкілі болған үшін оның не айтып, не қойғанын түсінбейді. Бірақ, соңғы сапарға кетіп бара жатқан бейбақтың не дегенін білгісі келіп, осы тілді білетін көмекшісінен аударып беруін сұрайды. Сонда көмекшісі: "Мен бір үлкен қателік жасадым. Өзімнің кінәмді толығымен мойындаймын. Сізді бүкіл ел-жұрт әділетті әрі мейірімді командир деп таниды. Бірақ, сіз кінәсін сезініп тұрған мына мені жазаласаңыз, басқа залым командирлерден қандай айырмашылығыңыз болады?" деді" дейді. Бұл сөздер командирдің жанына майдай жақты. Бір минут бұрын өлім жазасына кескен қылмыскерге мейірімі түсіп, бұл шешімінен бас тартады. 

Қылмыскердің жүзіне күлкі үйірілгені сол-ақ екен, осы тілді жақсы меңгерген екінші бір көмекшісі жағымпазданып, командирге жағу үшін былай дейді: "Мәртебелі командирім, мынаның айтып тұрғанының бәрі өтірік. Сізге мүлдем басқаша аударды. Шындығында қылмыскер бұл сөздердің бірін де айтпаған еді. Ол сізді өкіртіп тұрып балағаттады. Ана сөздерді естіп мен жерге кіріп кете жаздадым".

Командир жағымпаз көмекшісінің айтқанына еш таңғалған жоқ, қайта оған жақтырмай қарап: "Маған сенің айтқан шын сөздеріңе қарағанда, анау көмекшімнің айтқан жалған сөздері ұнады". Ол өзгені өлімнен арашалап қалғысы келіп, өз басын қатерге тікті. Ал сен болсаң қара басыңның қамын ғана ойладың" деп жауап береді. 

Ақырында, соңғы шешімін өзгертпей, қылмыскердің жазасын жеңілдетіп береді.