Бай қызын жеңген ақын жігіт тапқырлығы

Бай қызын жеңген ақын жігіт тапқырлығы

Бір бай қонақ қондыруға өте тар адам екен. Елінің салты бойынша қызы айтан өлеңге жауап тауып айта алмаса, беттеп келген қонақ ауыл иесінің қондырмағанына кінә қоя алмай, кете беруге тиісті екен...

Сол қыздың өлеңіне ілік тауып айта алмай, талай қонақ қона алмай кетіпті. Сондағы қыздың өлеңі:

«Өнер тапса жігіттің бағы болды,

Кеше келіп қонақтар тағы болды.

Ай топырды күн сайын салмас болар,

Қонақтың бізден кетер шағы болды», -  деп үйде отырып айтқан қыздың өлеңін естігенде, «оу, үйде кім бар? Қонақпыз», - десіп келгендер тіл қатпай кете береді екен.

Осылайша бай неше жыл бой қонақтан ада болыпты. Ал қызының «ақындығы» елге тарапты. Өлеңнің қарымын тауып айтуға шамам болар деген бір жігіт, бір топ жолдастарымен қыздың ауылына келіп: «Қонақпыз!» деуі сол екен, қыз дағдылы өлеңді сыртқа шықпай, үйде отырып-ақ әндете айтып салады.

Сонда жігіт:

«Ауылыңның қонған жері белесте екен,

Әкеңнің іздегені кеңес пе екен.

Бұл үйге біз де қонақ, қыз да қонақ,

Екі қонақ бір жатсын демес пе екен» , - депті жігіт. Қыз да, әкесі де үйден жүгіріп шығып, келгендердің атын байлап, үйге түсіріп, қонақ ретінде күтіп алыпты...

Сурет:vk.com

О. Сансызбай