Жан достар

Жан достар

Уақыт қандай ұғым? Күннің батуы мен таңның атуын, жылдардың аунап өтуін адамдар уақыт деп атайды. Бірақ, адамзат адам болып қалыптасудан бұрын да бұл құбылыстар болған. Біздің айтпағымыз бұл емес, әңгімеміз екі дос жайлы болмақ. Өткен күндердің бірінде екі дос өмір сүріпті. Оның бірі шылқыған бай, енді бірі кедей жігіт екен. Оларды шын мәнінде жан достар деуге болушы еді. Бірінің аты Сармат, бірінің аты Фархат еді. Күндердің күнінде Сармат Фархаттан: «Мен үшін жаныңды беруге дайынсың ба?», – деп сұрады.

Фархат екіленбестен-ақ: «Қуана-қуана беремін жанымды!», – деді. Дәл осы сәтте Сармат досынан: «Сен үйленгелі жатқан қалыңдығыңды маған берсең», – деді. Фархат ол қызды тастады. Қыз ақыры Сарматпен үйленді.

Арада зулап айлар өтті. Бір күні Фархат жұмыстан босап қалды. Жұмыссыз қалған ол досын іздеп барды. Өз заводына жұмысқа алар деген үміті бар еді. Сармат өз кәбинетінде отыра берді, досына жүздесуге де шыққан жоқ, хатшысы арқылы өзінің мұнда жоқ екенін жеткізді. Фархат бұл сөзді естіген соң досынан үмітін үзді. Бұл достықтың жібін үзу бекіміне келді.

Ол дәл осылайша салы суға кетіп, еңсесі түсіп жолда келе жатып жығылып жатқан қарт адамды көрді. Оның сау тамтығы қалмаған екен. Фархат қарияны емханаға жеткізді. Бағына қарай қария аман қалды, ол сырт өңірден келген бай адаммын деп таныстырды өзін. Жас жігіттің өзін құтқарғанының өтеуіне өзінің жарты байлығын берді. Фархат та әп-сәтте шылқыған байға айналып шыға келді. Ол дәл Сарматтың үйінің қарсы алдынан үлкен сарайдай үй сатып алды. Ол осылайша өмірін жалғастырып жатыр еді. Бір күні таңертең есік қағылды. Фархат есік ашып еді, қайыршы кемпірді көрді. Қайыршы кемпір Фархаттан бір тілім нан беруін өтінді. Фархат қайыршыға жаны ашып: «Менің үйімде үй қызметшісі болуды қалайсың ба?», – деді.

Кемпір ұсынысты қуана қабылдады. Күндер өте берді. Фархат пен қызметші әйел ана мен баладай тату тұрып жатты. Қарт ана бірде Фархаттан үйленетін қалыңдығының бар-жоғын сұрады. Фархат: «Жоқ!», – деп жауап берді.

Қарт әйел өзі танитын бір қыздың бар екенін, қаласа сол қызбен таныстырғысы келетінін айтты. Қыз бен жігіт танысты. Олар бір-бірін жақсы көрді. Ақыры шаңырақ көтеруге бел байлады. Фархат бұл қуаныш жайлы бар алыс-жақынға сүйіншілеп хабар жіберді, тек қарсы жақтағы үйге хабар берген жоқ. Бірақ, тойдан бір күн бұрын оны да осы қуанышқа шақыру бекіміне келді.

Той күні де жетіп келді. Жастар қуаныш тойлап, ән шырқап, би билеп жатты. Фархат анадай жерде тұрған досына қарап, көкейіндегі сөзін айту бекіміне келді, ол микрофонды қолына алып: «Бір замандарда менің жан досым бар еді. Ол менің той жасауға бекіген қалыңдығымды сұрады, мен бердім. Мен оның жұмыс орнына жұмыс сұрай барғанымда ол қызметшісі арқылы өзінің жоқ екенін айтты. Ол енді менің жан досым емес!», – деді.

Сармат бұл сөздерді естіп тұрып, көзіне жас толды. Ол бұрынғы жан досының қасына келіп, микрофонды қолына алып: «Бір замандарда менің жан досым бар еді. Ол той жасауды ойлап жүрген қыз осы өңірге аты шыққан бұзық жан еді. Мен оның осындай қалыңдығын сұрап алу арқылы оның атақ-абыройын қорғап қалдым. Ол менің заводыма жұмыс сұрай келді, бірақ мен досымның өз қоластымдағы бір қарапайым жұмысшы болып қалуын қаламадым. Сол себепті өзімді жоқ дегіздім. Әкемді жолға ауру адам етіп жатқызып қойып, сол кісі арқылы жарты байлығымды досыма бердім. Анамды тілемші кейпіне кіргізіп, оның үйіне қызметші етіп жібердім. Ақыр соңында қарындасымды беріп жатырмын. Ол қазір де менің жан досым!», –  деді Сармат.

P.S

Достық – ең қастерлі сезімдердің бірі. Досыңызға дөңайбатыңызды көрсетіп немесе оның қадірін кетіретін істерден аулақ болыңыз. Жақсы дос – өмірдің мәні, өмірдің көркі болып жаныңызда жүре берсін!

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: xinqi8.cn

M. Auelkhan