- Негізгі бет
- Техно
- Tesla компаниясы тағы...
Tesla компаниясы тағы да шығынға ұшырады
АҚШ-тың электрокөліктер жасап шығаратын Tesla компаниясы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллиард долларға жуық (976 миллион доллар) шығынға ұшыраған. Бұл туралы The Detroit Times сайты компанияның жарияланған қаржылық есебіне сүйене отырып хабарлады.
Өткен жылы компания 21,4 миллиард доллар табыс тапқан. Жылдың төртінші ширегінде 7,1 миллиард доллар табыс тауып өз тарихында машиналар сату бойынша рекорд орнатқан. Осылай Tesla өткен жылдың соңғы үш айында 139,4 миллион доллар пайда көрген. Бірақ жыл қорытындысы бойынша бәрібір де миллиардқа жуық шығынға ұшыраған екен.
Ал компанияның соншалықты шығындалуына оның басшысының да қосқан үлесі бар. Мысалы, Илон Маск жеке ұшағының жол шығыны үшін былтыр компанияның есебінен 700 мың доллар жұмсаған.
Илон Маск әлем автоөндірісін бағындыра ала ма?
The Washington Post басылымының мәліметінше, 2018 жылы Илон Маск өзінің 70 миллион долларлық жеке ұшағымен АҚШ, Еуропа, Азия арасында – жалпы 250 мың шақырымдық жолды демалыс және жұмыс бабымен ұшып өткен.
Tesla компаниясының өкілі Дэйв Арнольд: "Бізде телепортациялық құрал жоқ. Компания табысты болсын десек жол шығындары үшін ақша жұмсауға мәжбүрміз", – дейді.
Т. Раушанұлы