- Негізгі бет
- Техно
- Сандық Қазақстан: Қаржы...
Сандық Қазақстан: Қаржы технологияларының маңызы
Қаржылық қызметтер саласына сандық трансформациялау арқылы жаңа технологиялар енгізу банк секторының ауқымы мен тиімділігін арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, қаржылық қызметтерге деген сұранысты кеңейтуге, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін ұлғайтуға, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының қаржы секторы ел экономикасының ең әлсіз тұстарының бірі болып табылады. Мемлекетіміз бәсекеге қабілеттілік бойынша жалпы рейтингте 42 орынды иеленсе, қаржы нарығын дамытуда (2015-2016 жылдардағы Дүниежүзілік экономикалық форум индексі бойынша) 91 орын алады. Осылайша, қаржы секторының төменгі рейтингі тұтастай экономиканың артта қалуына әсер етуімен қоса, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға едәуір кедергі болады.
Сандық қаржылық инфрақұрылымды дамытуға арналған екі негізгі бағыт бар, олар: деректерді басқару инфрақұрылымы және өзге салалардың табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін төлемдер экожүйесі.
Деректерді басқарудың жетілдірілген инфрақұрылымы ашық интерфейс арқылы барлық қатысушыларға теңқұқылы қолжетімділікпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ нақты деректер иелену құрылымы анықтап, ақпараттық қауіпсіздігін қадағалайды. Бұл инфрақұрылым мемлекеттік органдардан және Кредиттік бюролардан қаржы ақпараты алып отырады. Дерек пайдаланушылары өз бизнесінің тиімділігін арттырып, жаңа қызметтерді дамытады және жаңадан енгізе алады.
Төлем экожүйесін дамыту, атап айтқанда, шағын төлем жүйесі қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемін ұлғайтады, банкоматтарды біріктіру бағдарламасын құрып, төлемдерді нақты уақыт тәртібінде жүзеге асыруға көмектеседі. Ақша аударудың тиімді әдістерін пайдалану арқылы тұтынушылар төлемдерін жүзеге асыратын заманауи төлем технологиялары, оның ішінде, электронды биллинг және электронды билет сатылымы болады.
Мобильді экожүйені құру қауіп-қатерді бағалау, кредиттік және ұялы әмиянды түрлі төлем әдістерімен жақсарту үшін заманауи деректер инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді. Бұл экожүйе тұтынушыларға ең жақсы және оңтайлы ұсынысты жылдам табуға өте тиімді. Автоматты бюджеттеу, капиталды нарықта инвестиция жасау сияқты әртүрлі қаржылық басқару құралдарының қолжетімділігі халық әл-ауқаты деңгейін арттырады.
Халықаралық қаржы орталығының аса тиімді сандық инфрақұрылым арқылы дамуы өңірдегі ірі нарықтарға қол жеткізуге, инвесторлар үшін транзакциялық шығындарды төмендетуге, инвестициялық диверсификациялау мүмкіндігін ашады. Және капиталдың тиімді бөлінуін қамтамасыз етіп, Орталық Азиядан ірі кәсіпорындар тартуға мүмкіндік береді.
Қаржы секторы ел экономикасының көптеген салалары мен секторларына әсер етеді және Қазақстанның дамуындағы маңызды фактор болып табылады.
А. Оралқызы