- Негізгі бет
- Техно
- iPhone смартфонындағы 9:41...
iPhone смартфонындағы 9:41 санының құпиясы
iPhone смартфонының жарнамасы кезіндегі басты бетінде орнатылған суретте әрқашан бір уақыттың қайталанатынын байқап пе едіңіз? Сағат әр уақыт 9:41-ді көрсетеді. Кейін iPad пайда болғаннан кейін оның суретінде де бір сандар көрсетуін тоқтатпады. Бұл жолы планшеттегі уақыт 9:42.
Бұл қызықты жайтты назарынан тыс қалдырмаған, оны өздігінен зерттеген адамдардың бірі, «Secret Lab» компаниясының қызметкері – Джон Маннинг.
Джон белгілі бір формулаларды құрастырып, сол бойынша бұл жұмбақтың шешімін табуға тырысқанымен бәрібір барлық ісі нәтижесіз аяқталды. Джон кездейсоқ Palo Alto-да орналасқан Apple дүкеніне кіріп, компанияның вице-президенті Скот Форсталлды кездестіреді. Джон осылайша көкейіндегі сауалдың жауабын табады.
«Мен Скотты көріп, амандасу үшін жанына бармақ болдым. Бірақ, сол күні iPad өнімдерінің басты бетіндегі суреттердегі сандар өзгеріпті. Бұрынғыдай 9:42 емес, енді 9:41-ді көрсетіп тұр.
Істі созбай, вице-президенттің қасына келіп амандастым да, сұрағымды қойдым. Ол болса бетіме қарап бір күліп алды да:
– Сен шынымен не себептен сол уақытты алғанымызды білгің келе ме? – деп сұрады. Мен бойымдағы қызығушылығымды жасыра алмай басымды изей бердім.
– Біз жаңа құрылғы туралы есеп беру барысында, құрылғыны таныстыру сәтін көрілімнің 40 минутына арнайы дайындаймыз. 40-минутта үлкен тақтада құрылғының басты суреті пайда болуы тиіс. Бірақ, дәл 40 минутта көрсету мүмкін болмағандықтан біз бір-екі минутты қосамыз. Осылайша 9:41 деген сан қалыптасып қалды»,– деп Джон құпиясымен бөлісті.
2007 жылы 9 қаңтарда Macworld Conference & Expo сахнасында Стив Джобс жаңа құрылғының тұсаукесерін жасаған болатын. Сағат тоғыздан бастап 35 минут бойына есеп берген Стив Джобс «Бұл уақытты ұзақ күттім...»,– деп тура тоғыздан 41 минут кеткенде iPhone-ды халыққа ұсынды. Яғни, Apple жарнамаларындағы уақыт iPhone-ның шығарылым уақытымен сәйкес келеді.
Сонымен қатар, жарнамадағы суреттерде сағатпен бірге әрқашан кез-келген айдың 9-жұлдызымен бірге, сейсенбіні көрсететінін аңғарған боларсыз.
Оның құпиясы мынада: iPhone 2007 жылы 9 қаңтарында сағат 9:41-де, сейсенбі күні халыққа ұсынылды.
Т. Есқали