- Негізгі бет
- Техно
- ХХІ ғасыр –...
ХХІ ғасыр – "ақ мұнай" үшін соғыс ғасыры ма?
2030 жылы литийге деген сұраныс 38 пайызға көтеріледі деген болжамдар бар. Оған себеп әлемдегі смартфондар мен электромобильдер. Түрлі гаджеттер мен электрокөліктердің аккумуляторы осы литийден жасалады. Бүгінде литийге деген сұраныс жоғары болғандықтан оны "ақ мұнай" деп атай бастады. ХХ ғасырдағы соғыс мұнай үшін болған болса, енді мұнай түбі көріне бастағандықтан кезекті халықаралық соғыс литий яғни "ақ мұнай" үшін болады деп күтілуде.
Литий деген не?
Литий – гректің тас деген сөзін білдіре отырып, 1817 жылы ашылды. Берцелиустың шәкірті швед химигі И.А. Арфведсон Уто, темір кенінде табылған минералды талдай отырып, оның құрамында жаңа элемент бар екендігіне тұжырым жасаған. 1818 жылы металл күйіндегі литийді ағылшын оқымыстысы Хэмфи Деви алды. Бұл элементті 1855 жылы неміс химигі Р.Бунзен және ағылшын ғалымы О.Матиссен де электролиз арқылы алған болатын.
ХХ ғасырға келіп литий өндірістің барлық саласын қамти бастады. Қазірде оны металлургия, әуеөндіріс, ядро энергитикасы, керамика т.б. салада пайдаланғанымен, негізінен оны аккумулятор жасап шығаруда қолданады.
Қор және өндіріс
Литий барлық жерде кездесе бермейтін сирек металл. Оның қоры қанша екенін дәл айту қиын, бірақ мамандар Жер шарында шамамен 18-40 миллион тонна литий қалғанын айтады. Ең көп қор Чили мемлекетінде (7,5 миллион тонна). Сонымен бірге, Қытай, Аустралия, Аргентина, Португалия сынды елдер де литий қоры көп мемлекеттер қатарына кіреді.
Литийді қазып алу бойынша Чилидің SQM, АҚШ-тың Albermarle және FMC компаниялары алдыңғы үштікте. 2017 жылы бұл тізімге төртінші болып ҚХР кірді. Қазір бұл металды қазып алу бойынша үштікті құрайтындардың үлесі 85 пайыздан 53 пайызға түсіп кетті. Себебі литий-ионды батерея жасап шығаруда жетекші саналатын Қытай елі соңғы екі жылда "ақ алтын" қазып алуда белсенді болып, аталған өндірістің 40 пайызын "тартып" алды.
Мысалы, Аспан асты елінің Tianqi компаниясы Аустралиядағы ірі литий шахтасы – Greenbushes-ке өз бақылауын орнатып үлгерді. Енді олар SQM акцияларын сатып алуға ұмтылып жатыр. Ал қытайдың тағы бір – Ganfeng компаниясы болса Tesla және LG Chem сынды "үлкен ойыншыларға" "тауар" жеткізіп берушіге айналып, нарықтағы өз орнын нақтылап алды.
Талап пен ұсыныс
Bloomberg New Energy Finance болжамынша, 2030 жылы литийге деген сұраныс қазіргіге қарағанда 38 пайызға артады екен. 2009 жылы "ақ мұнайға" деген қажеттілік 102 мың тонна болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 210 мыңға жетіп, 2015 жылға қарағанда 35 мыңға көбейген. Ал, 2018 жылы соңында литийге деген сұраныс 250 мың тоннаға жеткен.
Benchmark Minerals Intelligence сараптау орталығы 2025 жылы "ақ алтынға" деген қажеттілік 900 мың тоннаға дейін жететінін айтқан.
Нарық және "соғыс"
2015 жылы литий жеткілікті мөлшерде өндірілмей жатқандығынан соңғы үш жылда оның бағасы 5 есе көтерілді. Тек 2017 жылдың өзінде электрокөлік жасап шығарушылардың сұранысынан "ақ алтынға" деген қажеттілік 28 пайызға өскен. Осы кезде Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск та отқа май құйғандай етіп электрокөліктер жасап шығару мақсатында әлемдегі барлық литийді сатып аламын деп айды аспаннан бір-ақ шығарған болатын.
2015 жылы 1 тонна литий 5,4 мың долларға бағаланды. Сол жылдың соңында 7,8 мың долларға өсті. 2017 жылдың соңында 1 тонна "ақ алтын" 21,5 мың долларға бағаланса, 2018 жылы 25 мың долларға шықты. Содан кейін аспанға шығып бара жатқан нарықты қолға алу мақсатында базарға ҚХР араласып, олар қазып алу, өндіру істерін жылдамдатып, жыл ортасында 1 тонна литий бағасы 13 мыңға түсіп кетті. Қытай компанияларының арқасында өткен жылдың қазан айында литийдің 1 тоннасы 11 мың долларға түсті. Егер осы үрдіс сақталатын болса, 2025 жылы 1 тонна литий 7,3 мың долларға дейін түседі деп отыр мамандар.
Т. Раушанұлы