Google корпорациясының ерекше патенттері

Google корпорациясының ерекше патенттері
Фото: tamrhendy.com

Google іздегішінің танымалдығы тек гаджеттерге арналған веб-сайттар және қосымшаларымен шектелмейді. 2013 жылы Google корпорациясы бір жылдың өзінде АҚШ сауда белгілерін және патент тіркеу Бюросынан орташа есеппен күніне 10 патент алып отырған. Олардың көбісі  Android мобильді операциялық жүйесін жаңғыртуға, сонымен қатар іздеуші бағдарламалар мен басқа да әлеуметтік сервистерге қатысты патенттер.

Алайда корпорацияда гаджеттерге де арналған түрлі патенттер бар. Мысалы: Google Glass, сусамырмен ауыратын адамдарға арналған линзалар немесе өздігінен басқарылатын көліктер. Болашақта бұл құрылғылар адам өмірін ұзартуға себін тигізері сөзсіз. Төменде Google корпорациясының соңғы бірнеше жылда алған ең ерекше патенттерін ұсынамыз.

Әлеуметтік желідегі статустың комикс арқылы жаңарып тұруы

Адамдардың статусында жаңа жұмысқа орналасқаны, демалысқа шыққаны немесе көңіл күйі жоқтығы туралы қарапайым мәтіндік хаттар арқылы жазуы артта қалып бара жатыр. 2010 жылы Google "Әлеуметтік желілерде және басқа да байланыс түрлерінде тұтынушыларға автоматты түрде комикстер құрылуы" технологиясына патент алуға өтінім берген. Бұл өтінім бойынша, тұтынушыларға релеванттық (нақты) тақырып таңдау мүмкіндігі беріледі, ал бағдарлама оларға атауы мен мәтінін өз қалауынша өзгертуге болатын дайын комикс-жазба береді. Патент 2013 жылы берілгенімен, әзірге корпорация сәйкес қосымшаны шығармады.

Кеме-сервер

Іздеуіш көмегіне жүгінетін немесе YouTube видеоларын қарайтын миллиондаған адам әрбір әрекеті үшін корпорация көптеген электр энергиясын қажетсінетінін білмейтін шығар. Google әр жыл сайын тек өз тұтынушыларына қызмет етуде сағатына бірнеше миллион мегаватт жұмсайды. Google өз серверлерінің бөлігін судың көтерілуі мен қайтуынан алынған энергияны электрге айналдыратын кемеге орналастырғысы келеді. 2013 жылы Сан-Францискода төрт қабатты ғимараттың салынып жатқаны туралы хабарланған. Корпорацияның салып жатқаны кеме-сервер ме әлде тәжірибеге арналған ғимарат па, әлі белгісіз.

Қолдағы пернетақта

Google Glass көзілдірігін ойлап тапқандардың ойынша, ол тұтынушылардың күнделікті өмірін толықтай өзгертеді. Бірнеше жылдан соң бұл көзілдірік те ұялы телефон секілді қолжетімді қарапайым гаджетке айналуы мүмкін. Бірақ оны қолдануда қиындықтар да туындауы мүмкін. Мысалы, өте шулы жерде "ақылды көзілдірікке" бұйрық беру. Google бұл мәселенің де алдын алды. "Ақылды көзілдірік" керек кезінде тұтынушы қолында смартфонның сенсорлы экранына ұқсас вертуалды пернетақта көрсететін етіп патент алды.  

Жүректі қолмен бейнелеу

Google 2011 жылы "Жүректі қолмен бейнелеуге" патент алуға өтінім берді. Бұл қимылды көптеген адамдар өз сезімін білдіруде қолданады. Алайда Google корпорациясы "жүректі" сезім білдіру үшін емес, лезде суретке түсіру үшін пайдаланғысы келеді. "Жүрек" Google Glass үшін ыммен басқару ретінде қызмет етеді. Яғни, қызықтырған нысанға қолыңызбен жүрек бейнелесеңіз, лезде суретке түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісуге немесе достарыңызға жіберуге мүмкіндік береді. 

Есепшотты бөлісуге арналған бағдарлама

Достарыңызбен мейрамханаға бардыңыз дерлік. Кеш соңында даяшы есепшотты әкеліп береді. Достарыңызбен барлық соманы бөлісіп төлегіңіз келеді. Кейде біреуде қолма-қол ақша болмай қалатын кездер болады. Осындай қолайсыз жағдайдан шығу үшін Google корпорациясы смартфонға арналған қосымшаға патент алды. Ол қосымша арқылы әркім мейрамханаға қанша қарыз екенін нақты еесптеп қана қоймай, біреуі өз шотынан екіншісінің кредит карточкасына ақша аудару мүмкіндігін алады. Сөйтіп, бір ғана адамның карточкасы арқылы мейрамханаға төлем жасайды. 

А. Жапатова