- Негізгі бет
- Техно
- CES 2019 көрмесі:...
CES 2019 көрмесі: болашақ технологиялары
Фото:
denikn.cz
Әр жылы адамдар Apple компаниясы гаджеттерінің кезекті шығарылымын немесе Tesla компаниясы жаңа инновациялы электрокөліктерінің таныстырылымын күтеді. Ал қарапайым тұтынушылардың ауырын жеңілдететін CES (Consumer Electronics Show) болашақ технологиялар көрмесінің жылда өтетінін бірі білсе бірі білмейді. Биыл бұл көрме қаңтардың 8-11-і аралығында АҚШ-тағы Лас-Вегас қаласында болып өтті.
Аталған көрме тұтынушыларға арналған технологиялар саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі саналады. Ол жерде әлемге әйгілі компания стартаптарымен бірге болашақ технологиялардың прототиптері де ел назарына ұсынылады. Біз сол көрмедегі негізгі технологиялар жайында баяндамақпыз.
Procter&Gamble. «Теріге арналған принтер»
Procter&Gamble CES көрмесінде өзінің Opté құрылғысын таныстырды. Құрылғы адам терісіндегі жарақаттармен безеулерді автоматты түрде «жояды». Ол үшін аталған құрылғы жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін арнайы камераларды пайдаланады: Opté терідегі түсі басқаша жерді іздеп табады да ол жерге крем сүртеді.
Opté құрылғысы қарапайым принтер сияқты жұмыс істейді. Тек оның ішінде сия орнында минералдар мен түрлі ингриденттерден құралған тональ крем болады. P&G компаниясының мамандарының айтуынша, құрылғыны ұдайы пайдаланатындар тері ауруларынан құтылады екен.
Samsung-тен модульді теледидар
Samsung көрмеде The Wall деп аталатын модульді теледидарды таныстырды. Теледидар көптеген блоктан құралып, оны қалағаныңызша үлкейтуге немесе кішірейтуге болады.
Теледидардың әр блогы MicroLED диодты технологиясы арқылы жұмыс істейді. The Wall дисплейін 8К-өлшемге дейін үлкейте алады.
Оралатын LG теледидары
Көрмеге LG компаниясы 65 дюймды OLED экранымен жабдықталған Signature теледидарын алып келіпті. Оның ерекшелігі түймені басу арқылы экран бірнеше секундта қағаз сияқты оралып қайта ашылады.
Дисплей бірнеше мүмкіндіктерге ие. Мысалы оны жартылай орап 21:9 өлшемінде көруіңізге немесе плеер есебінде пайдалануыңызға болады. LG-дің жаңа өнімі осы жылдың соңында сатуға шығарылады.
Continental-дың робот иттері
Continental компаниясы робот иттер мен жүргізушісіз көліктер көмегімен курьерлік қызмет көрсететін концепсияны ұсынған. Жаңа жоба бойынша, көліктер иттер мен жіберілген жүкті керекті мекен жайға алып барады. Содан соң иттер жүкті көрсетілген есік алдына апарып, шақыру түймесін басады.
Көрмеде журналистерге жеткізудің соңғы басқышы көрсетілген. Робот ит баспалдақпен көтеріліп, шақыру түймесін басқан және жүкті есік алдына қойған. Бірақ иттің жұмысы журналистерге ұнамаған. Себебі робот мұның бәрін өте баяу істеген.
Жасанды санаға ие комбайн
John Deere компаниясы көрмеге 20 тонналы комбайнын алып келген. Аталған машина «Интерстеллар» фильміндегі GPS орнатылған комбайндар сияқты жұмыс істейді. Жаңа технология егістік басында белгіленген жолдан 1 сантиметр де ауытқымайды. Сонымен бірге, комбайнға астық жинау сапасын бақылайтын екі камера орнатылған. Жұмыс істеу кезінде комбайн жердің жағдайы мен астық жинау процесі туралы ақпаратты жазып отырады.
Робот-шабадан
ForwardX Robotics америка-қытай компаниясы дөңгелекті Ovis Suitcase шабаданын ұсынған. Оның ерекшелігі шабаданды сүйреп не көтеріп жүрмейсіз. Ол автоматты түрде иесі артынан жүріп отырады. Жасанды санаға ие шабадан үнемі иесін бақылауда ұстайды. Сол арқылы оның артынан қалмайды. Кедергілерді айналып өтеді.
Шабадан баспалдақ не эскалаторға келіп қалған кезінде оның автоматты режимін өшірудің қажеті жоқ. Сіз шабадан тұтқасына қол созсаңыз жеткілікті. Шабаданмен бірге сізге ақылды білезік беріледі. Білезік егер иесі шабаданнан 2 метр алыстап кетсе ескертеді. Алда-жалда жол сөмкеңізді жоғалтып алсаңыз білезіктегі GPS-трекер арқылы тауып алуыңызға болады.
Велосипедке арналған қауіпсіздік жастығы
Француздың Helite компаниясы велосипедшілер үшін арнайы B'Safe қауіпсіздік жастығын жасап шығарыпты. Ол велосипедшілерді жарақаттардан қорғау үшін құлау кезінде бірден іске қосылады.
Қауіпсіздік жастығы ішінде бір камера, екінші камера велосипед орындығына орнатылған. Сенсорлар жолаушы құлаған кезде жылдам байқап, автоматты түрде қауіпсіздік жастығын іске қосады.