Биотехнология мен нанотехнологиядағы жаңа өнертабыстар болашағымызды кәдімгідей өзгертіп жіберуі ықтимал. Назарыңызға болашақта танымал болатын технологияларды ұсынамыз.
1. Ақылды көзілдіріктер
Google Glass – интернет іздеу қызметін ұсынатын ақылды көзілдірік. Бұл көзілдірік алғаш рет 2014 жылы жарыққа шықты. Google-дің ақылды көзілдірігінің бағасы – 1500 доллар.
Айта кету керек, ақылды көзілдірік біршама қымбат тұрады. Бір кездері мобильді құрылғылардың бағасы да қымбат болған. Қазір смартфонсыз адамды елестету қиын. Осыны ескеріп, Microsoft пен Sony ақылды көзілдіріктерді зерттеп жатыр. Болашақта осындай көзілдірікпен видео көріп келе жатып таңертең жүгіріп жүрсек немесе үй жинасақ, еш таңғалмаңыз.
2. Smart Data
Автоматтандыру – заманауи технологиялар шешуге тырысып жатқан негізгі міндеттің бірі. Бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар автоматтандырылғанымен, кейбір жұмысты қолмен істеуге тура келеді. Мысалы, контактілер тізіміне телефон нөмірлерін қосу қолмен жасалады. Жақын арада смартфонның өзі телефон нөмірлерін контакті тізіміне автоматты түрде қосып жатса да таң қалмаңыз.
RelateIQ компаниясы контактілер тізімі, электрон поштасы және хабарламалар негізінде байланыс тізімін құрумен айналысады. Нәтижесінде өзіңізге керек адамның атын айтсаңыз, барлық ақпарат телефоныңызда пайда болады.
3. Портатив электроника
Ақылды көзілдірік пен сағаттар – бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын құрылғылар. Бірақ бізді ағзамызбен байланыстыратын технологиялар бар екенін ұмытпауымыз керек. Оларды дамытумен ірі ғылыми институттар, корпорациялар және шағын компаниялар айналысады. Болашақта жүрек соғысының жылдамдығын өлшейтін құлаққаптар, қандағы қант мөлшерін өлшейтін линзалар және тағы басқа ақылды құрылғылар көпшілікке қолжетімді болады. Олар маңызды ақпаратты жинайды және оны біз жоғарыда айтқан ақылды көзілдірікте көрсетеді.
4. Ақылды үй
Бұл технология қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Болашақта тоңазытқыштар қай өнімнің біткенін айтады, плитаны смартфон арқылы басқаруға болады. Жақын уақытта адам үйге келгенше пеш тамақ жылытуды, ал тоңазытқыш өнімнің өзіне тапсырыс беруді үйренеді. Осы уақыт ішінде сіз басқа маңызды шаруаларыңызды істеп үлгересіз.
5. Виртуал кеңістік
Oculus Rift, HTC Vive және PlayStation VR – бұның бәрі жаңа ойын тәжірибесін ұсынды. Әрине, фантастика жанкүйерлері виртуал шындық туралы бұрыннан айтып келе жатыр. Бірақ бұның бәрі шындыққа айналады деп кім ойлаған? Аталмыш ойын құрылғыларын өндірушілер адамдардың виртуал шындықтан лаззат алуы үшін миллиондаған қаражат жұмсап жатыр. VR құрылғыларын дамытудың негізі қаланды. Көп ұзамай біз өз үйімізден шықпай-ақ кез келген планетаға саяхаттай аламыз.
6. Голографиялық кескіндер
"Жұлдыздар соғысы" немесе "Тор" фильміндегі голограммалар қазір ойдан шығарылған технология болмай қалды. Голографиялық проекцияларды қолдану саласы тек ойындар мен ақпарат құралдарымен шектелмейді. Контакт линзасы көздің қарашығындағы бейнені көрсетеді деп елестетіп көріңіз. Бұл технология көру қабілеті нашар адамдардың отасыз да жақсы көруіне мүмкіндік береді.
Митио Каку: "Біз мәңгілік өмір сүру формуласын баяғыда тауып қойдық"
7. Нейроинтерфейс
Шындығында, нейроинтерфейс сияқты технология қазірдің өзінде жасалып, медицинада сәтті қолданылып жатыр. Квадриплегиялар (денелері толығымен сал болып қалғандар) – компьютер көмегімен нейроинтерфейс арқылы сөйлеседі. Әрине, технологияны әлі жетілдіру керек. Алайда, болашақта квадриплегиялар нейротехнологияның дамуымен қоғамға оралып, өмірден толыққанды ләззат алады.
8. Сымсыз қуаттау
Құрылғылар мен технологиялар жыл сайын энергияны көбірек тұтынып жатыр. Сондықтан біз оларды электрмен үздіксіз қамтамасыз етуіміз керек. Телефондарды сымсыз қуаттау - бұл процестің басталуы ғана.
Израильде электр машинасын қозғалыс кезінде қуаттай алатын жол сынақтан өткен. Apple компаниясы смартфонға арналған Wi-Fi арқылы қуаттау технологиясы үстінде зерттеу жүргізіп жатыр. Егер инженерлер батареялардың өте кең спектрін дамыта алмаса, онда олар сымсыз қуаттау түрлерін дамытады.
Митио Каку: "Жақын болашақтағы ең негізгі технология – жасанды сана"
9. Жасанды интеллект
Толығымен жұмыс істей алатын жасанды интеллектіні дамыту көп уақытты қажет етеді. Бұл адамзат өркениетінің дамуындағы бетбұрыс кезеңі болады. Осыдан кейін әлем толығымен өзгереді. Шындығында, нейрондық желілердің даму қарқынын ескере отырып, жасанды интеллект болашақта жүзеге асатын технология екеніне көз жеткізесіз. Роботтарды оқыту жоғары деңгейге жетті және қазір олардың қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы, OpenAI өнімі GPT-3 деп аталатын жасанды интеллект технологиясы тек мәтінді аударып қана қоймай, әңгіме, өлең жазып, тіпті қиын сұрақтарға да жауап бере алады.
GPT-3 – Құдайға сенетін жасанды интеллект
10. Графен
Алғашқы графен 2004 жылы өндірілген. Содан бері ғалымдар материалды кең көлемде шығару жолында жұмыс істеп келеді.
Графен – бұл ерекше қасиеттері бар әмбебап материал. Оны біздің өміріміздің барлық салаларында қолдануға болады. Деректерді жылдам беру, суды тазарту сүзгілері және тіпті смартфонды сынбайтындай етіп жасау үшін пайдаланылады. Егер осы өнімді өндіру өнеркәсіптік ауқымда іске қосылса, жалпы өндірісте революция болары анық.