“Ақпарат іздеп, ағаш отырғыз”. Ecosia іздеу жүйесі туралы не білеміз?

“Ақпарат іздеп, ағаш отырғыз”. Ecosia іздеу жүйесі туралы не білеміз?

Google әлемнің біраз бөлігінде монополист компанияға айналып, түрлі бәсекелестерін шаң қаптырып жатыр. Бірақ оның альтернативасы ретінде танылған, біршама энтузиаст жоба бар. Мысалы Ecosia. Ол арқылы ізделген әр 45-ші іздеу бір тал ағаш отырғызуға себеп болады екен.

Ecosia 2009 жылы Берлинде (Германия) құрылды. Негізін қалаған – Кристиан Кролл (Christian Kroll). Бастама біздің планетаға арналған игі істердің бірі ретінде ашылды. Іздеу жүйесінің Google мен Yahoo-дан еш айырасы жоқтай көрінуі мүмкін, бірақ мұндағы әр басқан қадам мен ізделген ақпараттың экологиялық құны бар. Себебі Ecosia жарнамадан түскен табысының 80 процентін WWF-тың тропикалық ормандарды қорғау бағдарламасының қорына аударады.

"Ақпарат іздеп, ағаш отырғыз" деген ұраны бар бұл компания қазірдің өзінде 65 миллионнан астам ағаш отырғызуға сеп болған. Компания 2020 жылға қарай 1 миллиардқа жуық ағаш отырғызамыз деген мақсат қойды. 

Жасампаз компанияның бастамасын түрлі халықаралық ұйымдар да қолдап жүр, олардың қатарында Yahoo, Bing сияқты алыптар бар.

Іздеу жүйесін орнатудың қажеті жоқ, өзге браузерлерге арналған плагині бар. 

Осы жазда Амазониядағы өрттің салдарынан Ecosia-ның табысы айтарлықтай артты. Соңғы үш апта бойы өртеніп жатқан орманның әсерінен іздеу жүйесінің аудиториясы 1150% артқан және бұл Бразилияда жиі пайдаланылатын жүйеге айналды. 

"Мен дамушы елдердің территориясында болып, адамдарға шын мәнінде көмектесетін іс жасағым келді. Меніңше, ағаш отырғызу – адамдар үшін де, табиғат үшін де жасалған ең игі іс", - дейді Кристиан Кролл. 

Massaget.kz