- Негізгі бет
- Техно
- Furrion Prosthesis –...
Furrion Prosthesis – әлемдегі ең алып экзоқаңқа
Инженер Джонатан Типпеттің Prosthesis экзоқаңқасы әлемдегі ең үлкен экзоқаңқа ретінде тіркеліп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның биіктігі – 3,96 метр, ұзындығы – 5,1 метр, ені – 5,51 метр. Экзоқаңқаны Furrion компаниясы жарысқа арнап жасаған.
Экзоқаңқа деген не?
Экзоқаңқа – адам басқаратын техникалық құрал. Оның роботтан айырмасы да осында – тек адамның биомеханикасын қайталайды.
Жаңа спорт түрі
"Мен физикалық кемелдікке жақын, адамның мүмкіндігін арттыратын машина жасағым келді және заманауи технологиямен байланысты жаңа спорт түрін ойлап тапқым келді", - дейді Джонатан Типпетт.
Экзоқаңқаның аяқ-қолы аэроғарыш, жарыс автокөліктерін жасауға арналған болаттан жасалған. Салмағы – 1,6 тонна. Машинаға 96 вольттық литий-ион батарея орнатылған. Ол бір сағат бойы 32 км/сағат жылдамдықпен жүгіруге мүмкіндік береді.
Типпет экзоқаңқаны 13 жыл жасаған. Алғаш рет 2018 жылы CES көрмесінде таныстырылды. Ол кезде машинаның биіктігі 4,57 метр болған екен.
Бұған дейін көпке танымал экзоқаңқаны Sarcos Robotics компаниясы 2020 жылы 7-10 қаңтарда өткен CES көрмесінде таныстырған еді. Guardian XO деп аталатын экзоқаңқа адамның күшін 20 есе арттыра алады екен. Яғни экзоқаңқаны киіп, 90 килограммды көтерсе, бұл адамға 4,5 килограммдай сезіледі екен.
CES 2020: Ең ерекше технология өнертабыстары
Massaget.kz