Питер Фостер: «Біздің жетістігіміздің құпиясы – әр қызметкердің аянбай еңбектенуі»

Питер Фостер: «Біздің жетістігіміздің құпиясы – әр қызметкердің аянбай еңбектенуі»
Фото: Елена Сергиенко

Лондон төрінде жыл сайынғы әуекомпаниялар мен әуежайлардың рейтингін анықтайтын Skytrax World Airline Awards шарасы өтті. Еліміздің жетекші әуе компаниясы – Air Astana бұл марапатты оныншы рет  алды және ТМД арасында алғаш рет үздік әуекомпания атанды. Осы орайда Массагет порталының тілшісі аталмыш шараға қатысып, Air Astana президенті Питер Фостермен тілдесті.

– Бүгінгі шара туралы өз ойыңызбен бөліссеңіз, қандай әсердесіз?

– Мінекей біз бүгін Лондон қаласында Skytrax Award-2022 марапатының салтанатты рәсімінде жиналып отырмыз. 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шарада біздің Air Astana компаниясының тағы бір мәрте үздік атануы үлкен мәртебе. Сондай-ақ, Орталық Азия мен ТМД елдері ішіндегі қызмет көрсету бойынша да топ бастағаны баршаға мәлім. Тағы мәрте дейтін себебім, Air Astana осымен оныншы рет аталған марапатта көш бастады. Осы орайда, адал жолаушыларымыз бен еңбекқор ұжымыма алғыс білдіргім келеді. Соңғы кездері болған келеңсіздіктер мен қиындықтарға төтеп беріп, әрқайсысы өздерінің міндеттерін адал атқара берсе деймін.

– Air Astana компаниясының бұл атаққа 10 мәрте қол жеткізуінің құпиясы неде?

– Компаниямыздың мынадай ұстанымы бар: Ұжым қанша адамнан құралса да, оны  жетер жетістігіне шек жоқ. Сол үшін командадағы әр қызметкердің, әр тұлғаның ықпалы зор. Бізді алға жетелейтін де осы болса керек. Қызмет көрсету саласы да біздің мықты тұсымыз деп айтсам қателеспеймін.

– Бұл марапат сіз үшін несімен қымбат?

– Бұл авиация саласының «Оскары» іспетті. Сондықтан маңызы зор. Дәл бүгінгі марапаттың өзгелерден ерек болуы – біздің тек Орталық Азия ғана емес, сондай-ақ ТМД елдерін қоса есептегенде суырылып алға шығуымыз. Компанияның 20 жылдық мерейтойында біз постсоветтік кеңістіктегі үздік авиалиния атанып отырмыз. Бұл шынымен мақтаныш.

– Сіздің бұл қызметтен кететініңіз туралы көп айтылады. Соның жауабын өз аузыңыздан естісек?

– Мен қызметімнен кететін адамға ұқсаймын ба? (күлді). Мен Қазақстанда 17 жыл жұмыс істедім, бұл ұзақ уақыт. Десе де, жұмысымды жалғастыра бермекпін, бұл шешімді акционерлер де қолдайды.

– Сіз жұмысымды жалғастырамын деп отырсыз. Осы орайда компанияның алға қойған жоспарларымен бөлісе өтсеңіз?

– Біз зор мақсаттарымыз бар: алдағы 3 жылға 24 ұшаққа тапсырыс берілді, FlyArystan флоты 11-ден 25-ке дейін артады, 2025 жылға қарай жалпы саны 64 ұшақ болады. DreamLiner де осы кезде келеді.

– Компаниялар IPO-ға шығады деген сөз бар. Сіздің ойыңыз қалай?

– Ресми түрде мен бұл жағдайға қатысты сұхбат беруге құқылы емеспін. Бұл біздің акционерлердің құзіретінде. Десе де, егер солай бола қалса, бұл тек біздің компания үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де пайдалы боларына сенімдімін. Себебі, «Эйр Астана» өте табысты компания, ал IPO енген жағдайда қазақ үкіметі мұндай жобаны халықаралық инвесторлар ортасына паш ету мүмкіндігін алады. Бұл сондай-ақ, жергілікті халық үшін де жақсы, себебі олар компания акцияларына қол жеткізе алады. Егер ондай бола қалса, біз қолдаудан тартынбаймыз.

– Үлкен мақсаттарыңызбен бөлісіп отырсыз. Демек компания пандемиядан кейін толықтай қалпына келгені ғой?

–  Мен қазір компания тіпті пандемияға дейінгі жағдайынан да жақсырақ күйде деп айтар едім. Флот жұмысы жеңілдеді, ұшақтар жаңа, ұжым белсенді.  Әрине, компания жұмысына әсер ететін сыртқы оқиғалар да жоқ емес: мысалы, қаңтар оқиғасы. Пандемиядан кейінгі жағдай жалпы әлемге оңай тиген жоқ, сәйкесінше ол бізге де әсер етті. Десе де құлдырау емес, шыңдалудамыз.

– Пандемия кезінде әлемдік авиакомпаниялар қызметкерлердің көпшілігін жұмыстан босатты, ал сіз бір де бір қызметкеріңізді жұмыссыз қалдырмапсыз. Оны қалай жүзеге асырдыңыз. Және пандемия кезіндегі шығынды өткен жылдың соңына дейін артығымен өтепсіз, құпиясы неде?

– 93 миллион доллар шығынға ұшырағанымыз рас. Бірақ компанияның қаржылай «қауіпсіздік жастығы» болды. Соның арқасында 21-жылға қарай  38 миллион доллар кіріс түссе, 22-жылға қойған жоспарымыз одан да зор. Бұл біздің қаржылай аман қалуымыздың құпиясы. Ал қызметкерлерге келетін болсақ, ешкімнің жұмыстан босатылмағаны рас, бірақ сол уақыт аралығында олардың жұмыс уақыты қысқарып, жалақының 50 пайызын ғана алып отырды.

– Самұрық Қазына Air Astana компаниясына айыппұл салғаны рас па?

– Самұрық Қазына Air Astana компаниясына айыппұл салған емес. Бұл қате ақпарат, себебі акционерлер компанияға айыппұл сала алмайды. Біз Үкіметтен екі айыппұл алдық. Олар рейс уақытының кейінге шегерілуіне байланысты қонақүйлерде бос орын болмағандықтан жолаушыларға ұсынылатын қонақүй қызметінің жүзеге аспауы себебінен болды. Баршаға мәлім шілде кезіндегі қиындықтар сыртқы факторлар әсерінен болды, оған авиакомпания еш ықпал ете алмайтын еді. Одан бері жағдай әбден түзелді. Осылай жалғаса берсе деп тілейміз.

– Самұрық Қазынаның компанияға қояр талаптары өзгерді ме?

–  Самұрық Қазына – компанияның 2007 жылы негізі қаланған сәттен акционер. Осы уақытқа дейін өнімді жұмыс істеп келеміз.

– Биыл Ресей сынды ірі нарықты жоғалттыңыз. Оған оралу ойда бар ма? Ол жақтың қаржысын қалай қалыпта ұстамақсыз?

– Жуырда ондай жоспарымыз жоқ. Есесіне ұшақтарды басқа бағыттарға пайдаланып жатырмыз. Мысалы: Түркия, Ұлыбритания, Грекия, Германияға жиірек ұша бастадық.

– Ресейдегі кеңселеріңіз жұмысын жалғастыра ма?

– Иә, кеңсе мен қызметкерлер жұмысын тоқтатқан жоқ. Себебі, жағдай өзгерсе, нарық қалпына келеді деген ойымыз бар.

– Егер әлемдегі жағдайға қатысты, Ақтау, Атырау әуежайлары үлкен жолторығы ретінде кеңейе түссе, бұл сіздің компанияға қалай әсер етеді?

– Өте керемет сұрақ. Рас, Атырау әуежайы біз үшін өте маңызды нүкте: Air Astana үшін де, FlyArystan үшін де. FlyArystan-ның қазір 4 базасы бар. Ал Атырау соның ең тез дамушы нүктесі. Батыс Қазақстан тағы бір нүкте қарқыны артып келеді, ол – Ақтау. Олардың одан әрі дамуы компанияға оң әсерін тигізері анық.

– IPO жүзеге асқан жағдайда AirAstana ғана ене ме, әлде авикомпаниялар тобы ретінде FlyArystan-мен бірге кіре ме?

– Мен IPO-ға  қатысты пікір білдуге құқылы емеспін. Дегенмен, жүзеге аса қалған жағдайда әуе компаниялар тобы болып  жүреді. Екеуі жеке авиакомпаниялар ретінде бөлінуі мүмкін бірақ жақында емес.

– Қазір олардың нарықта жеке жүруіне не кедергі?

– Қазір AirAstana көп жағдайда FlyArystan-ды қолдап келеді. Бюджеттік әуе компаниямыз өз-өзін ақтайтын  жағдайға жеткенде AirAstana-дан бөлінеді.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, Биылғы Skytrax рейтингінде 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың тамызы аралығында 300-ден астам авиакомпания бағаланды. Сауалнамаға 14 миллионнан астам 100 түрлі ұлт өкілі қатысты. Респонденттердің жауаптары ағылшын, француз, испан, орыс, жапон және қытай тілдерінде берілді. Сауалнамаға қатысушылар әуе компаниясының сайтын, тіркелу және отырғызу, ұшақ салонының тазалығын, борттағы ойын-сауықты, стюардессалардың сыртқы келбетін және қызмет көрсетуді, тамақтың сапасын, орындардың ыңғайлылығын және т.б. бағалады.

Т. Раушанұлы