Адам миындағы чип, жүргізушісіз такси және планетааралық ғарыш пойызы – аптаның технодайджесті

Адам миындағы чип, жүргізушісіз такси және планетааралық ғарыш пойызы – аптаның технодайджесті
Фото: coe.int

Кейінгі аптадағы технология мен ғылымға қатысты ең қызықты жаңалықтарды жинап, ұсынамыз.

Судьяның робот кеңесшісі

Қытай елдегі сот жүйесін жақсарту үшін жасанды интеллект пайдаланады. Заманауи технологиялар қазірдің өзінде заңдарды ұсынуға, құжаттарды дайындауға және шешім қабылдаудағы қателерді анықтауға қатысады.

Маңыздысы, судьялар әр жағдайда жасанды санамен кеңесуі керек. Егер олар робот ұсынғаннан басқаша әрекет етсе, шешімі үшін түсініктеме хат жазуға тура келеді.

Бұл жүйе Пекинде қолданылады. Бұл жүйеге қарсылар ЖС адамдарды "жазалау" және үстемдік ету құқығына ие болды деп санайды.

Бұған дейін Қытайдың Шанхай қаласында "цифрлы прокурор" қызметі қолданылып жатқаны хабарланған болатын. 17 000-нан астам істі зерттегеннен кейін жасанды интеллект 97 пайыздық дәлдікпен айыптарды жариялады.

© Angel Garcia/Bloomberg

40 мың виртуал жұмыс орны

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай муниципалитеті бес жыл ішінде 40 000 виртуал жұмыс орнын ашып, бюджетке 4 миллиард доллар кіріс әкелетін "Дубай метакеңістігі" жобасының іске қосылғанын хабарлады.

Стратегия бес жыл ішінде Дубайдағы блокчейн компанияларының санын бес есеге арттыруға бағытталған. Үкімет пайдаланушыларға қауіпсіз және сенімді платформалар үшін жаһандық стандарттар мен инфрақұрылымды әзірлеу үстінде жұмыс істеп жатыр.

© Kajima Corporation

Планетааралық жоғары жылдамдықты ғарыш пойызы

Kajima Construction компаниясы мен Жапонияның Киото университетінің зерттеушілері жоғары жылдамдыққа ие пойызды ғарышқа апару жобасын әзірлеп жатыр.

Егер бәрі ойдағыдай болса, адамдар басқа планеталарға пойызбен саяхаттай алады. Осыған байланысты алдымен Марс пен Айға адамдарды жіберу жоспарлары жарияланды.

Революциялық идея авторларының айтуынша, ғарыш пойызы алты вагоннан тұрады. Ал ғарышта қозғалыс кезінде оның барлық бөліктері бір капсулаға қосылады.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай жобаны жүзеге асыру үшін кемінде 100 жыл қажет. Соған қарамастан жапон зерттеушілері өздерінің ғарыш экспресс прототипін 2050 жылға қарай жұртшылыққа ұсынуға уәде беріп отыр.

© bbc.com

Жүргізушісіз такси

Қытайдың Baidu компаниясы өзін-өзі басқаратын Apollo Go такси қызметін таныстырды.

Apollo RT6 250 000 юань ( 31 000 доллар) тұрады. Бұл баға алдыңғы үлгілерден әлдеқайда арзан. Көлікті басқару технологиясы 20 жылдық тәжірибесі бар жүргізушінікі сияқты бағаланған.

Apollo RT6 2023 жылдың екінші жартысында қызметке кірісуі мүмкін. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 65 қалаға, 2030 жылға қарай 100 қалаға жеткізу жоспарланып жатыр.

Қытай 2018 жылы роботтандырылған көліктерді бүкіл ел бойынша сынақтан өткізуге рұқсат берді. 2021 жылдың қарашасынан бастап Baidu Бейжіңде адамсыз басқарылатын коммерциялық такси қызметін іске қосты.

© Synchron

Адам миына чип имплантацияланды

Нью-Йорктегі медициналық орталықта амиотрофиялық склерозбен ауыратын науқастың миына нейрочип орнатылды. Құрылғы ойларды оқиды және компьютерге командалар береді: пациент Интернетті пайдалана алады, мәтіндер жаза алады және электрондық пошта арқылы байланыса алады.

Synchron стартапы әзірлеген нейрочип Аустралиядағы төрт пациентке ешқандай жанама әсерсіз имплантацияланды.

Стартап өзінің Stentrode құрылғысын 2016 жылы таныстырды. Нейрочип цилиндрлік қуыс сым торға ұқсайды және бас сүйекті кеспей-ақ миға енгізуге болатындығымен ерекшеленеді.

Т. Раушанұлы