Ядролық чемодан деген не және ол қалай жұмыс істейді?

Ядролық державалардың президенттері қызыл түймесі бар ядролық чемоданын әрқашан қасынан тастамайды. Кейде олардың чемоданын алып жүрген адамдар БАҚ беттерінде көрініп қалады. Жалпы, ядролық чемодан деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Чемодандағы қызыл түйме барлығын бір сәтте шеше ме? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында hi-news жазған мақаланы ұсынамыз.

"Қызыл түйме" қаупі: Кімде қанша ядролық қару бар?

"Ядролық чемодан", 1990 ж. Борис Ельцин мұражайындағы экспонат © .wikipedia

Ядролық чемодан алғаш рет қашан пайда болды?

Ядролық чемодан шын мәнінде миф емес. Алғаш рет мұндай құрылғы 1953 жылдан 1961 жылға дейін қызмет еткен АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрде пайда болды. Кейінірек Кубалық зымыран дағдарысы кезінде президент Джон Кеннеди бұл чемоданның заманауи үлгісін ұстады.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Джон Кеннеди президенттің ядролық қаруды жеке бақылайтынына күмәнданған. Ол ядролық соққы беру туралы бұйрық оның рұқсатынсыз болуы мүмкін деп қорықты. Сонымен қатар, Кеннеди өз уақытында ядролық қаруды қолдануға бұйрық бере алмай қаламын деп ойлады, өйткені ол командалық пункттің үнемі қасында бола бермейтін.  Нәтижесінде жоғарыда аталған барлық мәселелерді шешетін ядролық чемодан жасалды.

КСРО-да ядролық чемоданмен жұмыс өткен ғасырдың 70-жылдары ғана басталды. Содан бері Ресейде бірден үш ядролық чемодан бар. Бұл құрылғыға президенттен басқа Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығы да иелік етті.

Ядролық чемоданда қызыл батырма бар, бірақ ол зымырандарды ұшыруға жауапты емес          © kr.informator.ua

Ядролық чемодан қалай жұмыс істейді

Ядролық чемодан бар, бірақ ондағы қызыл түйме – бұл миф. Яғни, ядролық чемоданның өзі ядролық зымырандарды ұшыратын қашықтан басқару құралы ретінде мүлдем қызмет етпейді. Өйткені, ядролық қаруды қолдану сияқты жауапты шешімді президенттің өзі ғана қабылдай алмайды. Себебі, бір адамның кесірінен миллиондаған адам өледі. Мысалы, атом бомбасы жарылған жағдайда жарты сағат өтіп 90 миллионға жуық адам қаза табады.

Мысалы, Ресейдің "Чегет" деп аталатын чемоданы – "Қазбек" немесе "Кавказ-7" деп аталатын стратегиялық ядролық күштерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің портативті пайдаланушы терминалы. Құрылғы бірден бірнеше маңызды функцияларды орындайды.

Қарсылас баллистикалық зымырандарды ұшырған жағдайда анықтау жүйелерінің мәліметтері орталық командалық пунктке жіберіледі. Кезекшілер жалған мәлімет емес пе деп ақпаратты басқа арналар арқылы тексереді. Себебі, әлемде компьютердің істен шығуы немесе әскерилердің қателігі салдарынан ядролық соғыс басталып кете жаздаған жағдайлар болды.

Зымырандарды ұшыру туралы ақпарат расталса, кезекшілер ядролық чемодандарға ақпаратты мемлекет басшысына, қорғаныс министріне және Бас штаб бастығына жібереді. Яғни, құрылғы ел басшылығын қиын жағдай туралы жедел хабардар етуді қамтамасыз етеді. Хабарламаны алған бұл адамдар қарсы ядролық соққы беруді шешеді.

Рас, шешімді президент қабылдайды, бірақ ол ядролық чемоданның басқа иелерімен келісілуі керек.

Үш адам да ядролық соққы беру туралы келісті делік. Әрі қарай не болады?

Зымырандарды ұшыру үшін үш ядролық чемоданнан тиісті хабарламалар бас штабтың командалық пунктіне түсуі керек. Хабарламалар арнайы кодталған сигнал. Сондықтан чемоданда көптеген адамдар ойлағандай бір қызыл түйме емес, командалар мен сандық кодтары бар батырмалар болады.

© U.S. Navy

Ядролық зымыран ұшыру және қауіпсіздік жүйесі

Командалық пунктте шифрлар қабылданғаннан кейін зымырандар құлпы ашылады, бірақ ұшырылмайды. Осыдан кейін әрбір зымыранды жасырын бункерлерде тәулік бойы кезекшілік ететін әскерилер ұшырады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, барлығы хабарлама алған сәттен бастап зымырандарды ұшыруға дейін 15 минуттан 20 минутқа дейін созылуы мүмкін. Бір жағынан, бұл көп, бірақ екінші жағынан, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және рұқсатсыз атом бомбасын ұшыруды болдырмайды.

Ядролық чемодан мен шифр басқа біреудің қолына түссе не болады?

Командалық пунктке зымырандарды ұшыру туралы хабарлама жіберу үшін құрылғының әрбір иесі өзіне ғана белгілі кодты енгізеді. Яғни, зымырандарды ұшыру үшін барлық үш шифрды білу керек. Егер код бірнеше рет қате енгізілсе, зымырандар ұшпайды.

© MANDEL NGAN / AFP / Getty Images

Ядролық чемоданды  кім алып жүреді?

Ядролық чемодан әрқашан президенттің қасында болады, өйткені теориялық тұрғыдан ядролық соғыс кез келген сәтте күтпеген жерден басталуы мүмкін. Сондықтан президенттің чемоданын арнайы адамдар – операторлар алып жүреді. Оларды кәдімгі күзетшілер киетін теңіз флотының формасы арқылы ажыратуға болады. Іс жүзінде олардың Әскери-теңіз күштеріне ешқандай қатысы жоқ және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері.

Әскери-теңіз флотының киімін киген ядролық портфель операторлары © hi-news

Операторларға арнайы талаптар қойылады – олардың әскери тәжірибесі және электроника саласындағы білімі болуы керек. Сонымен қатар, олардың мінезіне, дүниетанымына, т.б. қарайды. Мысалы, оператор орындаушы болуы керек және ол тек ядролық чемодан иесінің тапсырыстарын орындауы тиіс. Әдетте, ядролық чемоданға бір адам емес, бір уақытта бірнеше оператор жауап береді.