Ғалымдар омикрон штаммының таралуын өлшеді

Ғалымдар омикрон штаммының таралуын өлшеді
Фото: tass

Лондон университетінің Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің ғалымдары COVID-19 – омикрон штаммының таралуын есептейтін математикалық модель құрастырды. Бұл туралы News24 хабарлады.

COVID-19: Жаңа штамм туралы не белгілі және ол қаншалықты тез таралады?

Алынған нәтижелер вирустың адамнан адамға тезірек таралуы туралы болжамды растады. Омикрон штаммы бұрын ең жұқпалы деп саналған дельта нұсқасына қарағанда екі есе жылдам таралатыны белгілі болды.

Сарапшылар таралу жылдамдығының нақты немен байланысты екеніне әзірге айта алмайды. Олардың болжамынша,  жаңа штаммының жұқпалылығы жоғары және иммундық жүйені алдау қабілетіне ие.

Ғалымдар бүкіл әлемдегі әріптестерін коронавирус инфекциясының өршуіне жақсырақ дайындалу үшін нәтижелерді пайдалануға шақырды.

The Washington Post газетінің хабарлауынша, Америка Құрама Штаттарында жаңа омикрон штаммы Калифорнияда бір адамда алғаш рет тіркелгеннен кейін бес күннен соң 19 штатқа тараған. Алғашқы науқас Оңтүстік Африкадан келген және бұрын вакциналанған.

Ұлыбританияда күн сайын мыңға жуық адам омикрон штаммын жұқтырып жатыр. Бұл туралы Лондон университеттік колледжінің генетикі Франсуа Баллу айтты. Оның айтуынша, ауру саны әр үш-төрт күн сайын екі есе артып жатыр.

Айта кетейік, қарашаның соңына қарай әлемде коронавирустың жаңа штаммы пайда болды. Ол алғаш рет Оңтүстік Африкада тіркелді. "Альфа", "Бета" және "Дельта" штаммдары сияқты, жаңа штаммның грек атау алатыны белгілі болды.  Кейіннен жаңа штамм – "омикрон"  деп аталды.

Ғалымдар жаңа штамм мутацияларының саны қорқынышты дейді. Коронавирустың алдыңғы нұсқаларының ешқайсысы мұндай күшті мутацияға ұшырамаған.

Ғалымдардың айтуынша, оның бұрынғылардан айтарлықтай айырмашылығы бар.

"Бұл нұсқа бізді таң қалдырды. Ол үлкен эволюциялық дамудан және 50-ге жуық мутациядан өтті", - деді журналистерге Оңтүстік Африканың эпидемиологиялық реакциялар және инновациялар орталығының профессоры Тулио де Оливейра.

50 мутацияның 30-ға жуығы вирус қабығындағы спик-белок – тәж тәрізді тікенектерге жатады. Олардың көмегімен вирус адам жасушасына орналасады.

Бұл жаңа штаммның ең алаңдатарлық аспектісі. Ғалымдар вакциналардың көпшілігі осы тікендерді бейтараптандыру үшін жұмыс істейтінін айтады.

Вирустың спик-белоктан басқа бөлігі жаңа нұсқада 10 рет мутацияға ұшыраған. Салыстыру үшін, Delta штаммында вирустың бұл сегменті екі мутация жасады.

Ғалымдардың пікірінше, иммунитеті әлсіреген және вирусты жеңе алмаған науқастың ағзасында мутация деңгейі туындауы мүмкін.

Т. Раушанұлы