Роберт Годдард – зымыран техникасының атасы

Америка ғалымы Роберт Годдард – заманауи зымырандардың үлгісін, қозғалтқышын жасаған адам. Вернер фон Браун құрастырған "Фау-2" зымыраны мен алғаш айға адам тасыған "Сатурн" зымыраны да Годдардтың үлгісімен құрастырылған техникалар.

Роберт Годдард 1882 жылы Массачусетс штатында дүниеге келген. Ғылым мен техникаға бала күнінен қызыққан. Әсіресе, туған қаласы – Вустерге электр жарығы тартылғанын көзбен көрген бала өмірді өзгертетін ғылым пен техника деген ойға келген. 16 жасында Герберт Уэллстің "Әлем соғысы" атты кітабын оқып, шабыттанып, ғарышқа ұшуды армандайды. Әсіресе, 17 жасында үйінің ауласындағы шие ағашына шығып бара жатып қызыл шие мен қызыл ғаламшар – Марсты салыстырып, жердегі шиені Есекқырғаннан көрудің қандай қызық екенін қиялдап, ойға шомады. Содан арманына жету үшін бойына энтузиазм жинап, техника ғылымына бас қояды. Адамзатты зымыранмен Марсқа ұшырса ғой деп армандайды.

Баласының ғылымға құштарлығын көрген әкесі де оны бетінен қақпай бар жағдайын жасайған көрінеді. Телескоп, микроскоп сатып әперген, American Scientific журналына үзбей жазылған. Бала алғашқы ойларын батпырақ пен ебелекке қолданып, түрлі тәжірибе жасап көрген. Бірде кітапханада отырып Исаак Ньютонның "Математика бастаулары" атты кітабын тауып алады. Физика атасының қозғалыс пен күш заңдарын оқып таңғалады әрі Ньютон заңын зымыран технологиясына қолданып көремін деп бел буады.

Вустер қаласының политехникалық институты мен Кларк университетін тәмамдайды. 1911 жылы ғылым кандидаты (PhD) атағын алады. 1914 жылдан бастап Годдард зымыран құрастыру технологиясын жасақтауға кіріседі. Айға және Марсқа ұшу, оның жолдары жайлы еңбектер жазды.

Годдард аспан әлемі мен сол заманның технологиялық мүмкіндігін зерттей жүріп үш басты жаңалық ашты. Біріншіден, зымыранды көкке ұшыру үшін жаңа сұйық отынмен жүретін қозғалтқыш құрау керек деген ойға келеді. Ол дәуірде зымыран құрау туралы ой болғанымен, "оны қалай ұшыруға болады?" деген сауалдың жауабын табу қиын еді. Қытай оқ-дәрі өндірісін жолға қойып, зымыранды ұшыруға соны қолданды. Бірақ оқ-дәрі жылдам жанбайды, ауыр зымыранды ұшыруға күші жетпейді. Содан Годдард ұнтақ отынды сұйыққа айналдырып, содан зымыран отынын жасау керек деген ұсыныс айтады. Сұйық отын тез жанады әрі оны бақылап отырып жару оңай.

Ғалым зымыран жоғары көтірілген сайын бактағы отынның азаятынын да түсінді. Сондықтан екі бак орнатып, бірі босаған кезде оны зымыран түсіріп тастайтындай жүйе жасады. Соның арқасында зымыран жеңіл ұшып, ұзақ қашықтыққа бара алады.

Годдардтың үшінші жаңалығы – зымыранды дұрыс бағыттап отыру үшін гироскопты қолдануы. Зымыранның тұмсығына орнатылған гироскоптың қасиеті сол – тек бір нүктені, бір бағытты ғана көрсетіп тұрады. Мәселен, Темірқазыққа бағыттаса содан жаңылмайды. Гироскоптың өзі айналып кетсе де, зымыран бағытын бәрібір өзгертпейді. Траекториясынан жаңылды дегеннің өзінде ғарыш кемесі о бастағы бағытына қайта түседі. Годдард зымыранды бір бағытта ұстау үшін гироскопты қолдану керегін түсінді.

Сонымен, он жылдық тәжірибе, зерттеуден кейін Годдард алғашқы зымыранын 1926 жылы ұшырады. 12,5 метрге көтеріліп, ауада 2,5 секунд қалқып тұрады. Ұшқан жерінен 56 метр алысқа барып құлайды. Қазір бұл жер АҚШ Ұлттық тарихи ескерткіш қатарына енгізіліп, мемлекеттік бақылауға алынған. Америка тарихы үшін бұл жер – қасиетті мекен.

Дәл осы шағын зымыран қазіргі алып зымырандардың тікелей атасы, негізгі прототибі болды.

Ал Годдардтың 1939 жылы ұшырған зымыраны 2,7 шақырым жоғары көтерілген.

Ғалым зымыранның технологиясын Ньютонның үшінші заңы бойынша – "әрекет етуші күшке әрқашан тең қарсы әрекет етуші күш болады" ұстанымымен жасап шықты. Мәселен, баланың қолында шардың неге жоғары қарай ұшатынын дәл осы заңмен түсіндіруге болады. Шардың ішіндегі ауа жоғары қарай ұмтылады да, шардың өзі оны төмен қарай итереді. Бірақ ауаның тығыздығы жоғары болғандықтан, шар жоғары ұшады. Зымыранды жоғары ұшырған – осы заңдылық. Зымыран ішіндегі газ ғарыш кеңістігінде де кемені алға сүйреуге көмектесетін көрінеді.

Митио Какудің "Адамзат болашағы" атты кітабынан аударылды