Қытайда әлемдегі ең ұзын су асты жолы салынады

Қытайда әлемдегі ең ұзын су асты жолы салынады
Фото: thehindu.com

Аспан асты елінде әлемдегі ең ұзын су асты туннелі құрылады. Бұл туннель Қытай Халық Республикасы құрлығы мен Тайвань мемлекетін байланыстырады. 

Қытай ақпарат көздерінің хабарлауынша, мұндай құрылыс жобасы бірнеше онжылдан бері айтылып келеді. Бірақ оны салудың технологиялық мүмкіндіктері енді пайда болған. Қытайлық ғалымдар жобаның соңғы концепциясын аяқтап жатыр. Туннельдің жалпы ұзындығы 135 шақырым болады. Жаңа туннельді Ла-Манш су асты жолымен салыстырар болсақ – Еуропа туннелі бар-жоғы 35 шақырым ғана. 

Қытайдағы туннельдің диаметрі 10 метр болады. Ашылуы 2030 жылға жоспарланған. Темір жол көлігі бұл жолда сағатына 250 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Сонымен бірге пойыздар бір уақытта екі бағытта қатынайды.

Т. Раушанұлы