Әлемдегі ең қымбат смартфондар

Әлемдегі ең қымбат смартфондар
Фото: fungamobile.blogspot.com

Өміріміздің бір бөлігі саналатын ұялы телефондарсыз бір күнді елестету мүмкін емес. Олар адамзаттың 13-ші мүшесіне айналғалы жарты ғасырға жуық уақыт болды. Әрбір адам мұқтаждықпен және қалтасына қарап өзіне ұнаған телефонды таңдайды. Бірақ өмірде кейбір ұялы телефондар бар, оларға кез келгеннің қолы жете бермейді. Мұндай телефондар ең алдымен байланыс құрылғысы емес, иесінің сән-салтанатын, байлығының деңгейін көрсетеді.

Diamond Crypto Smartphone 

Ресейдің "Ancort" компаниясы жасаған телефонның сырт көрінісін аустриялық Петер Алойссон жасаған. Бірақ бұл телефонның басқалардан ерекшелігі 50 дана алмаспен безендірілген сыртқы корпусы емес, заманауи кодтау технологиясының жемісі болған жоғарғы қауіпсіздігі. Бағасы – 1,3 миллион доллар.

GoldVish Le Million 

Швейцариялық зергер Эммануэль Гюйттің өнер туындысы – "GoldVish Le Million" смартфоны 2006 жылы әлемдегі ең қымбат телефон саналған. Сырты алтын, алмас әшекейлермен, артқы панелі қолтырауын терісімен қапталған телефон сол кезде 1,45 миллион долларға бағаланған.

iPhone 3G King's Button 

"iPhone 3G King's Button" моделі 1998 жылдан бері элита телефондарды безендіруге арналған аустриялық зергер Петер Алойссонның шығармашылығындағы тәж болды. Сырты 138 ақ, сары түрлі түсті алтынмен қапталған телефонның басқару батырмасында 6 каратты алмас орнатылған. Бағасы – 2,4 миллион доллар. 

Goldstriker iPhone 3GS Supreme 

2012 жылы 3,2 миллион долларға бағаланған бұл телефон сол кезде әлемдегі ең қымбат телефон саналған. Бүгінгі таңда ол басқа қымбат әшекейлі байланыс құрылғыларына өз орнын босатып берген. "Goldstriker iPhone 3GS Supreme" 136 алмаспен безендірілген 22 каратты алтын корпусқа ие. Басқару батырмасында 7,1 каратты алмас орнатылған. 

iPhone 4 Diamond Rose 

"Apple"-дің жаңа өнімі – "iPhone 4 Diamond Rose" нарыққа шықаннан-ақ Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Бұған 500 алмаспен көмкерілген смартфонның Home батырмасындағы 7,4 каратты алмас себеп. Егер, бұл клиентке аздық етсе, 8 каратты алмаспен ауыстыруға мүмкіндігі бар. Телефон екі-ақ нұсқада шығарылған, бағасы – 8 миллион доллар.

iPhone 5 Black Diamond 

Алтыннан жасалған артқы панелі, 600 алмаспен безендірілген корпус, 53 қымбат таспен жасалған Apple логосы және 26 каратты 12 миллион тұратын қара алмасты батырма – бұлардың бәрін құрастыратын болсақ, 2016 жылдың ең қымбат телефоны – iPhone 5 Black Diamond шығады. Оның бағасы 15,3 миллион доллар, біріншілікті жаңа модельдерге босатып берген. Сонда да бұл телефонды сатып алудың мүмкіндігі жоқ. Себебі iPhone 5 Black Diamond зергер Стьюарт Хьюз қытайлық бір бизнесменге арнап шығарған. 

Falcon Supernova iPhone 6 

Falcon бренді бәрінің қолы жете бермейтін мобильді құрылғылар жасап шығарады. Сондықтан "Falcon Supernova iPhone 6" қазіргі күнде ең қымбат телефон саналады. Оның бағасы модельге байланысты, 45 миллионнан 95 миллион долларға дейін барады. Клиент бұл қаржы есебіне 128 Гб жад, платина корпус, 18 каратты сары алтын және сирек кездесетін алмаспен безендірілген панельдің иесі болады. 
Кез келген клиент алмасты басқасына ауыстырып алуына болады. Қосымша арнайы аксессуар – алтын немесе платинададан жасалған құлаққап 300 мың долларға сатылады.

Т. Раушанұлы